Абыздан қалған ақиқат

    Жуырда Қаражал-Жәйрем аймағындағы қалың елге қадірі артқан қаламгер, зерделі көсемсөз шебері, бар ғұмыры мағыналы сұңғыла қария Қаукеш (Ғабдолла) АҚАШҰЛЫНЫҢ өнегесі өрнекті өмір жолы мен шығармашылығы туралы парасатты пайымдар түзілген «Тау тұлғалы тарлан ғұмыр» атты кітап жарыққа шықты. Жинақтың авторы – жергілікті өлкетанушы, жазушы Төлеухан ІЛИЯСҰЛЫ.

Алғысөз орнына өзінен кейінгі буынға келісті үлгі, терең сипатты тәмсілдер қалдырған абыз ақсақалдың төл перзенті, аймаққа танымал азамат Ақсерке (Ғабдрахман) Ақаштың ой-толғамы берілген тың туынды «Әдемі қартайған қария туралы баллада», «Ғажайып бестіктің достығы туралы баллада», «Тектіден бастау алған арға затым» және «Жақсының жақсылығын айт…» тақырыптары телінген төрт тараудан тұрады.

Мұқабасының безендірілуі мен ішкі мазмұны мейлінше жымдаса түскен кітаптың өне бойында ағайынға айтары мейлінше мол болған, мақсаты биік ұстанымдары мен дара болмысы ар­қылы қалың қауымның арасынан айрықша дараланған қарияның дала ғұламаларына тән қасиетті қалпы айқын көрініп тұрады. Замандастары, жекжат-жұрағаттары, дос-жарлары, сон­дай-ақ, өзінің кіндігінен тараған ұрпақ өкілдерінің жүрекжарды жазбалары оқырманды ой орманына жетелейді. Көкірегі қазыналы көмбе іспетті жанның өз қаламынан туған шығармалары негізінде түзілген бөлімдердегі ой-пікірлері – баға жетпес құнды дүние. Кітапты бастан-аяқ парақтап шыққан оқырманның бұл тұжырымға еріксіз табан тірері – күмәнсіз шындық.

Қысқасы, аталмыш жинақ – абыздың артында қалған аңызға бергісіз ақиқат деуге тұрарлық бітімі бөлек туынды, оқырман еншісіне тиген орасан олжа.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.