Абырой төріндегі академик

Жыл сайын Ғылым қызметкерлері күніне орай «Bolashaq» академиясында академиктер ұлықталады. Биыл да дәстүрге сай, академияның мәжіліс залында философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Нәби Елікбаевпен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге академия оқытушылары, студенттері және облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архивінің қызметкерлері қатысты.

Ғылыми-зерттеу, ізгілікті педагогика және педагогикалық тәлімгерлік орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Елеужан Серімов тізгіндеген игі шара Н.Елікбаевтың өмір жолын, еңбектерін насихаттау мақсатын көздеді.

Профессор Нәби Елікбаев 58 жыл білім ағарту саласында қызмет атқарған. 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Атап айтсақ, «Социализм және ұлттық психология» (1978), «О национальной психологии казахской нации» (1991), «Ұлттық психология» (1993), «Қазақстан-2030: Қазақ ұлты психологиясының методологиялық негіздері» (1999), «Дәуір тынысы: қазақ ұлтының психологиясы» (2000), «Ұлттық тәрбиенің бастауы» (2013), «Қазақстандағы құқықтық тәрбие мәселелері» (2013), «Қоғамның рухани жаңғыруы – өзекті мақсат» (2018), «Саясаттану негіздері» (1997), «Әлеуметтану негіздері» (2007) атты еңбектері бар. Ұзақ жылдық табанды еңбегі бірқатар мемлекеттік наградамен марапатталған.

Нәби Елікбаев – 1944 жылы 29 мамырда қазіргі Түркістан облысы, Шаян ауданы Майбұлақ ауылында туған. 1961 жылы Шаян орта мектебін күміс медальмен бітіріп, 1973-1976 жылдары ҚазССР Ғылым академиясы Философия және құқық институтының аспирантурасын тәмамдап, кандидаттық, докторлық диссертациясын сәтті қорғаған. Көп жылдар бойы қазіргі ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында ұстаздық етті. Қазір «Bolashaq» академиясында профессор лауазымында.

Кездесу барысында облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архивінің басшысы Темірғали Аршабеков Нәби Елікбаевтың жеке қорын ашып, тұрақты сақтауға қабылдауға келісімшарт жасады. Бұдан былай академиктің бүкіл еңбегі мен наградалары мемлекеттік архивте сақталады.

Кездесуге қатысушылар тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ермек Адамбеков, ішкі істер органдарының ардагері, облыстық ІІО ардагерлер қоғамының мүшесі Жеңісбек Сүйіндіков, тарихшы ғалым Еламан Қасенов Н.Елікбаев туралы өмір деректерін, қызғылықты естеліктерін ортаға салып, ойларымен бөлісті. Мемлекеттік архивтің қор сақтаушысы Нұрбатима Зайырқызы студенттерге мұрағат қорлары туралы әңгімелеп берді.

Кеш соңында Темірғали Аршабеков академикті Алғыс хатпен марапаттап, білім алушылар гүл шоғын ұсынды.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.