Жаңалықтар

Абырой асуындағы азамат

1943 жыл. Зұлмат соғыстың жер-жаһанды жалынға орап тұрған шағы. Қызыл әскердің дені Сталинград пен Курск шайқасында жалауын көтеріп, алға ұмтылды. Бұған дейін темірдей тәртібімен, сапалы қаруымен бет қаратпай келген гитлершіл жау жасағы бұл жолы қалай қимылдарын білмей абдырап қалған… Қаймана қазақтың атқа мініп, қолына қару ұстауға жарамдысының бәрі майданға бірі қалмай аттанып жатты. Елде қалғаны «Бәрі де – майдан үшін! Бәрі де – жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбектің көрігін қыздыруда. Соғыс жылдарында «Правда» газетінің «Жаудың мысын басу үшін мыс қажет» деген атпен жарық көрген мақала қиыр-қиырда оқырман біткеннің қолында жүрді. Бұл Қарағандының мыстан бұлақ ағызған Өспен кенішінің жұмысшыларына да тың серпіліс бергендей. Мұнда жұмысшылар табы құрылып, Нілді-Өспен мыс кеніші қазақ жеріндегі өндірістің қарашаңырағына айналды. Елдің ертеңіне алаңдап жүрген Жошиндер әулеті де жұмыстың қайнаған бел ортасында жүрген. Сәруәр сәуірдің бас шенінде Бәтеш анамыздың ай-күні жетіп, жарық дүниеге атұстар келді. Есімін әкесі Әбілтүсіп Аппас деп қойды.


***
Алпысыншы жылдардағы жылымық Арқа алабына да береке әкелді. 1961 жылы Өспен орта мектебін бітірген бозбала Аппас кеншілер астанасының даму қарқынынан бек хабардар-тұғын. Сағат сайын шақырымы алыстап, бой көтерген қала құрылысына пайдасын тигізгісі келген оның көкейінде инженер мамандығы ұялады. Елде сол жылдарда ең қадірлі мамандық иелері мұғалімдер мен дәрігерлер еді. Ең қат мамандық инженерлік болған. Тіпті, мектепте 9-сыныптан кейін жазғы демалыстарында Өспеннің өз басындағы тұрғын үй-коммуналдық бөлімінде жұмыс істеді. Арманы адастырмады. Жас кезінен техника, металл, инженер деген терминдерге жаны әуес ол көз алдында тұрған кез келген заттың ішкі-сыртқы құрылымына ерекше көңіл бөлетін-ді. Есейе келе, инженерлік салаға біржола бетбұрыс жасауға талпынды. Байыбына барсақ, үйдегі әке-шешеме қолғанат бола жүріп мұратыма жетем деген нәзік ниеттен туындады бұл ойлар. Ойды ой түртеді. Содан бері сол дәуірдегі студенттерге металлург, кенші, құрылыс, инженерлік технологиялық білім беру сұранысы мен заманы туды.

1967 жылы болашақ маман Қарағанды политехникалық институтының инженер-құрылыс факультетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша сәтті тәмамдады. 1968 жылдың қаңтар айынан бастап 1974 жылдың желтоқсан айына дейін Қарағанды металл конструкциясы зауытында инженер-конструктор, конструкторлық бюроның бастығы, бас конструктордың орынбасары, бас технолог қызметтерін табысты атқарды. Зауыт негізінен құрылысқа арналған металл конструкциясын өндіретін еді. Құрылыс жабдықтары Қазақстан бойынша ірі нысандар салуға ауадай қажет болды ол кезде.

– Мен бұл шақтарда Қарметкомбинаттың конвекторлық цехы, ­ № 4 домна цехы, Павлодар трактор зауыты, Алматы қаласының биік үйлері сияқты маңызды нысандардың жобалық-конструкторлық құжаттамасын әзірлеуге қатыстым. Кеңестік заманда Алматыда түрлі зәулім ғимараттардың қаңқалары металл конструкциядан жасалатын. Шынтуайтында бұл мамандық менің бағымды ашты десе де болады. Себебі, инженерлік маған өзіме қажет нәрсенің бәрін берді. Ештеңеге зәру болмадым. Жұмыс бабымен Ресей, Украина, Финляндия сынды шет мемлекеттерге сапар шектім. Бұл мамандық еліме абыройлы да етті. Баспанасы қат мезгілдерде көп жандардың алғысын арқаладым. Осындай таңғажайып ғұмырды нәсіп еткен Жаратқанға шүкіршілік білдіремін, – деп сыр шертті қарт инженер.

1974 жылдан 1977 жылға дейін «Болат конструкциясын жобалау» орталық ғылыми-зерттеу институтында бас жобалау инженері, бас конструктор қызметтерін атқарды. 1977 жылдан 1978 жылға дейін «Карагандашахтостроймонтаж» тресінің руда жөндеу зауытында бас инженер болып қызмет істеді. 1978 жылдан 1985 жылға дейін Қарағанды металл конструкциясы зауытында конструкторлық бюроның бастығы, зауыт директорының орынбасары лауазымдарын атқарды. 1985 жылдан бастап Қарағанды металлоформ зауытының, кейіннен аты өзгертілген – Қарағанды тұрмыс техникасы зауыты акционерлік қоғамының президенті болып қызмет істейді.

Әлбетте, кім-кімнің де таң-тамаша тұрмыс құрып, жақсы өмір сүргісі келеді. Алайда, бұл да көлденеңді көк аттының екі қолынан келе бермейтін өте күрделі меже. Бәлки, ол үшін талап пен талпыныстың, тілек пен түсініктің, қажыр мен қайраттың, жігер мен қуаттың тел үйлесімі болғаны шарт па екен… Міне, осы тұрғыдан алғанда біздің бүгінгі кейіпкеріміздің, асыл да ардақты азамат, өнегелі жанұяның орнықты отағасы, дүйім жұрттың арқатұтар ақсақалы Аппас Әбілтүсіпұлының тәлейлі тағдыры бүгінгі жастарға үлгі болары һақ.

Аппас Әбілтүсіпұлы қоғамдық істерге де белсене атсалысты. Тоқсаныншы жылдардың бет-бейнесі халықтың қысылтаяң күндерін еске салады. Сол уақыттарда әлеуметтік және мәдениет сала қызметкерлеріне қызметтік пәтерлер салу, «FORNAX» сынды ашық акционерлік қоғамы аясында Қазақстанда Samsung тоңазытқыштарын өндіру істеріне тікелей қатысты.
1987 жылдан бастап аудандық Халық депутаттары Кеңесінің және Қарағанды қалалық, облыстық мәслихаттарының мәжіліс депутаты болып сайланды. Сол жылы есімі Қарағанды қаласындағы Құрмет тақтасына енгізілді. Депутат болған кездерінде аманатқа адалдық танытты.

Елге қалтқысыз еңбек ету барысында меценаттықпен де айналысқанын біреу білсе, біреу біле бермес. Мәселен, 1986-1992 жылдар мұғдарында өз қаржысы есебінен бірқатар тоғыз қабатты үй тұрғызды қала орталығында. Тұралаған тоқсаныншы жылдарда істен шыққан лифтілерді қалыпқа келтіруге септігін тигізді. Қаражаттан қағажу көрген мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерді демеді, жәрдеміне жарады. «Туған жерге туыңды тік» деген игі ниетпен Өспендегі қабырғасы сөгіліп құлағалы тұрған Сәкен Сейфуллин оқыған мектептің ғимаратын өз қаражатына мұражай қылып жаңалады. Ауылдағы мәдениет үйі мен мешіттің тұрғызылуына да мұрындық болды.

Ол шынында да ешқашан болдым-толдым демеді. Үнемі ізденіс үстінде жүрді. Өз орнын жақсы білді. Билік дәлізіне де сырбаз басып, сыпайы есік қағып кірген ол әркез еңбегімен, ұйымдастырушылық талантымен дараланды. Ал, жалпы халыққа деген адалдығы – өз алдына бөлек әңгіме. Қашанда тазалық пен әділеттік үшін талай жерде байыппен басалқы айтты. Сөз жоқ, ол сондықтан да ел ішінде, қоғамда адалдықтың бейнесіндей көрінеді.

Аты елге мәшһүр сәулет өнерінің саңлақтары Шота Уәлиханов, Анатолий Билыкпен бірлесіп, Көкшетау қаласындағы екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарына арналған мемориалды кешеннің құрылысына қатысты. Тарихи кешен құрылысын қадағалау кезінде, кейбір ірі құрылыс компанияларының өзінің ығына қарай икемдегісі келгендерінің де болғаны жасырын емес. Бірақ мінезге бай, біртоға Әбілтүсіпұлы өлшемдері мен дәлелдемесін алдарына жайып салып, өз айтқанында тұратын. Заңсыздыққа бармайтын. Бәрін талдау мен есепке, қауіптің алда болу мүмкіндігіне бағындыратын. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын. Әріптестері ол жасаған экспертиза мен жобаларға келгенде бір сөз айтпай тоқталатын, сын пікірлерімен санасатын. Қажет кезде көмекке келіп қол ұшын беретін. Сол себептен болар, сәулет саласының сол кездегі қос қыраны да құрылыс саласының ірі мамандары Аппас атты арда азаматтың арқасынан әрқашан ілтипатқа толы игі сөз айтады, адамдық қасиетіне тәнтілігін жеткізеді.

Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Қарағанды қаласының кұрылысына қосқан зор үлесі, кенді шаһардың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін оған 2003 жылы «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. «Құрмет» орденінің иегері атанды. Зайыбы Жошина Маулида, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», педагогикалық еңбек ардагері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері. Бүгінде шаңырағы шаттыққа толған бұл отбасы ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, елінің алғысын арқалап, бақуатты күн кешуде. Кісілік – имандылық. Кішіпейілділік – адамның рухани парасатының нышаны. Аппас Әбілтүсіпұлының даралығын айшықтап тұратын адами қасиеті де биік, өз алдына қайталана бермес болмыс. Әлеуметтік ортада болсын, ұжымдық бірлестікте біртектілік, біртоға мінезімен, қалыптасқан мейірім дағдысымен көзге түсіп тұратын еді деседі көзкөргендер. Шығармашылық ой мен әдептің, руханият пен ардың, сыйластық пен қарым-қатынастың зиада тұлғасы. Адалдығы мен мамандығы өмірінің егіз өрісіндей тұрақтылыққа тән қасиетке ие.

Қабілеттілігін сөз етер болсақ, табиғатынан еліктеушілік атаулысынан аулақ. Үлгі алу мен үйренуді, индустриялы қоғам мен рационалды заманда іскерлік пен материалдық игілікке ұмтылуды тек әлеуметтік кеңістік әлемінен іздейді.

Ой-санасының тереңдігі, ғы­лыми-техникалық прогрессивтілігі рухани күш-қуат тұнығынан бастау алғандай. Дербес ойлап, қоғамдық өмірдегі ізгі дүниелерді сараптауға, өзін-өзі тану мен дамыту динамикасын тең ұстауға, мәдени және ғылыми-гуманитарлық ерекшелікті тез қорытып, нәтиже шығаруға қалыптасып, өзгелерді де ізгілік ізіне үңілдіреді.

***
Аппас Әбілтүсіпұлына жолығып байсалды әңгімеге желі тартқанымызда көңілінің пернесінен көлдей сырлар ағытты. Ел күткенді еңсерген таңғажайып тағдыр иесі іркілмеді. Ордалы ойларынан орғыған саралы сөздер санамызға сәуле түсірді. Жаңа Қазақстанымыздың таңы жарқын болсын деген ниет білдіреді абыз ақсақал.
Хәкім Абайдың: «Қазақтың данасы, жасы үлкен ағасы» деген сөзі даңқ тұғырының заңғар биігіне көтерілген, ұлттың мөріндей тұғырлы тұлғаларына арналған болар. Бүгін саналы ғұмырын елінің ертеңіне жұмсаған Аппас Жошин 80 деген мерейлі сеңгірге табан тіреді. «Екіден гөрі үш жақсы, 50-ден гөрі 100 жақсы» деуші еді ғой мұндайда дана қазақ. «Өмір өзімдікі» деп өзеуремей, туған жерге туын тікті. Мәрелі сәттерде мәртебеге жеткен абзал азаматтың арманы орындалды! Басты мұрат елге қалтқысыз еңбек етіп, алғаусыз алғысын алу деп санайды Аппас әкеміз. Ұлтының ұзан қартына ғасыр жасасын деген пейіл білдіреміз! Боямасыз болмысына бақуат тілейміз!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button