Жаңалықтар

Ақжарға ауызсу құбыры келді

Облыс аумағындағы ауылдарда ауызсу мәселесі бірте-бірте шешімін табуда. Бұқар жырау ауданы Ақжар ауылының тұрғындары ауызсу құбырын асыға күтті. Енді, міне, көптен күткен су құбыры іске қосылып, мәре-сәре болуда. Өйткені, бұған дейін ауыл тұрғындары ауызсуды құдықтан тасып ішкен-ді.

Аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан Ақжар ауылында 350-ден астам адам тұрады. Мұнда интернет желісі, ұялы байланыс, жарықтандыру бар. Осы кезге дейін тек орталық суды ғана күткен еді.

Су құбыры өткен жылы салына бастаған. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әлішер Жаржановтың айтуынша, жоба 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы бойынша іске асырылып отыр.

– Ауылдағы орталықтандырылған судың қосылуын көптен күттік. Ұңғымалардан суды пайдалану кезінде үлкен қолайсыздықтар болғаны рас. Қазір судың сапасы жақсы, бастысы ішуге жарамды. Құрылысқа атсалысқан барлық жауапты маманға мың алғыс! – дейді Ақжар ауылының тұрғыны Зауреш Мауенова.

Бұл жақын арада Ақжарда жасалатын жалғыз ғана жоба еместігін де атап өткіміз келеді. Себебі, Керней ауылдық округінің әкімі Ерхан Есентаев ауылды гүлдендіру бағытындағы жұмыстар су құбырын өткізумен шектелмейтінін айтады.

– Бүгінде жарықтандыруды жаңартып жатырмыз. Келесі жылы Ақжар ауылында кірме жолға күрделі жөндеу және кентішілік жолдарға ағымдағы жөндеу жоспарланды, – деп атап өтті Ерхан Есентаев. 

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button