Ақзер әлемнен ақын көшіп барады
Студент кезімізде Бақтыбай ағаның «Армысың, ақзер дүние!» атты жергілікті баспадан жарық көрген жыр жинағын жастанып жатып оқитынбыз. Пышақтың қырындай ғана жұқа, бірақ, алмас кездіктей өткір жинақ. Ойларының салмағы – қорғасындай…
Сол жылдары Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «АҚҚҰС» шығармашылық бірлестігінің Жезқазған облыстық филиалы бірқатар жергілікті қаламгерлердің кітабын шығарды. Сол жоба аясында белгілі жазушы Төкен Әлжантегінің «Дөңгеленген дүние», ақын, драматург, аудармашы Кенжебай Ахметовтің «Алағай да, бұлағай бір дүние» кітаптары жалғанның жарығына шықты. Қаламгер ағалардың осы қуанышын бөліскен басқосуда ағаларға еркелей беретін әдетіме салып:
– Сіздер бізге жазатын дүние қалдырмадыңыздар ғой, – дегенім есімде. Сонда Бақаң жарықтық:
– Дүние – төрткүл ғой, Ерсін-ау. Біз үшеуін жаздық, төртіншісін өзің түгенде, – деп еді.
Кеше ақын ағамның қазасын естіген сәтте сол күнгі осы әңгіме ойыма шырмала қалды. Шіркін-ай! Бақтыбай ағам қалжыңға қалжыңмен жауап беріп қана қоймай, маған, менің қатарластарыма аяулы аманат арқалатып кеткен екен ғой…
Бақтыбай аға – арлы ғұмыр кешкен ақын. Атақ, арзан абырой дегенге қызықпаған екен. Тіпті, мүшәйраларға өлең беріп, жүлде үшін өлең жазған кезі болмапты. Ол өмірдің өзінен өлең жасады. Өмірін өлеңге айналдырды. Қарызы болса, өлеңге ғана борышты болды.
Иә, ақынның қоңыр тірлігінің қоламтасы шоқтан жалынға айналды. Ол – өлеңнің отына шарпылған бекзат ғұмырдың мәңгілік алауы.
Ар құсым ұшар.
Санам – Ақ,
Көзіне кәпір құм үйе,
Қорғасын… Хаққа –
Аманат!
Армысың, Ақзер Дүние! – деп атой сап келген арғымақ ақын «Қош бол, Ақзер Дүние!» деп айта алмай кетті.
Өтті өмір.
Өңез пиғыл өзгермеген,
Адам аз – әзәзілге, сөзге ермеген.
«Қу тілмен, қулық сауған өңкей қиқым»
Егілсер ер, аларман – көп, ездер керең.
Өксігем, мен де өзіңдей жүз егілгем,
Жерініп жылуы жоқ мұз өмірден.
Өтінде өкпек желдің ақын жүрер
Тамшысын таңғы шықтың тізе білген.
Ұлы Абайға осылай мұң шаққан тағы бір қалам қаңтарылды.
…Ері ауып, шылбырын сүйреген бір арғымақ көрсеңіз, кекілін тарап, маңдайынан сипай салыңыз. Ол иесі табытқа жайғасып, киесі көкке көтерілген Бақтыбай ақынның жыр тұлпары болар…
Бақұл болыңыз, қазақ жырының баһадүрі!
Ерсін МҰСАБЕК