Аңыз астарлы ақиқат

Әкесі беріде, бір ғасырдың бедерінде (1833-1905ж.ж.) бақилық болған көпестің қызына қатысты көп деректі «аңыз» деп айтуға, ауыз бармайды. Алайда, кезінде «кеніш», артынан «ауыл» атанған «Гүлшат» жөнінде әсерлі әңгіменің әртүрлі нұсқасы бары – ақиқат.

Ол Е.Бекмахановтың назарынан да тыс қалмаған: тарихшы «Төңкеріске дейінгі Қазақстанның өнеркәсібі мен түсті металлургиясы» (1964ж.) деген кітабында қорғасын кен орнының қожасы көпес Гүлшат Бекметева екенін жазады. Бізге жеткен тағы бір деректе көпес Гүлшат Бекметеваның бақташысы Балқаш көлінің жағалауындағы «Тарғыл» тауының баурайында 1884 жылы кен көмбесіне кезігеді…

Маған мына нұсқасы көңілге қонымды көрінді: Бекметевтер отбасында 1984 жылы 17 наурызда нәресте жарық дүниеге келеді. Көпес жаңадан ашылған кенішті қызының есімімен атайды. Келесі жылы кен орны «Гүлшад» деген атпен тіркеледі. Сөйтіп, көпес қызының есімі Қазақстан картасы мен тарихта қалады.

Танымал татар көпесі Хамидолла Бекметев Қарқаралыда тұрған. Ел арасында мынандай әңгіме бар: өзімен бақталас орыс көпесімен ақшаны тамызық қылып самауыр қайнатуға бәстескен Хамидолла жеңіп шығады. Сол самауыр қазір көпестің үйінде орналасқан аудандық өнер мектебінің мұражайында тұр. Қарқаралыға жол түскенде, арнайы барып көрдім.

Көпестің қызы кәсіпкерлікке қаршадайынан кіріседі: өз есімін иеленген зауытта есеп-қисап жүргізетін ол 1899 жылы шілдеде кәсіпорын қаражатын қорғау кезінде қарақшы қолынан қаза тапқанда, бар-жоғы 15 жаста екен. Негізі бұл әулет қорғасын зауытын ұзақ ұстап тұра алмаған. 1887 жылы семейлік алпауыт А.Деровқа сатқан.

Сосын Воскресеньск кен өнеркәсібі қоғамының қарамағына (1899-1914 ж.ж.) көшкен. Бізге белгілісі: одан 8 тоннаға жуық күкіртті кен қалған. Кеніш кейін ағылшын қаражатына құрылған «Күміс-Қорғасын» акционерлік қоғамының қолында бес жыл болды. Бірден айтайық, құбажонда қалған кен қазбасы ағылшындық алпауытты аса қызықтыра қоймады.

«Күміс-Қорғасын» жалпы жаңа кен қатпарын іздестірумен айналысты. «Гүлшат» кенінің құрамында қорғасын мен мырыш мол болды. Құнарлылығы сондай, негізгі екеуіне қоса алтын, күміс, мыс, кадмий, тағы басқа металл кездесті. Алайда, орталықпен ешқандай байланысы жоқ айдаланы ағылшын алпауыты тастап шықты.

Балқаш бойындағы қолдан-қолға көшіп, ақыры қараусыз қалған бірінші зауыт пен кеніш 1920 жылы мемлекет меншігіне өтті. Кеңес өкіметі геологиялық барлау жұмысын бастады. Өкінішке орай, қолға тиген қорытынды көңілден шықпай, келешегіне қою күмән көлденеңдеп, ақыры 1936 жылы кен орнындағы барлық жұмыс қаңтарылды.

Тек 1951 жылы сәуірде геологиялық барлау қайта қолға алынып, жаңадан «Гүлшат» кен орны ашылды. Сол жылы КСРО Түсті металлургия министрлігінің «ҚорғасынБарлау» тресі «Тарғыл» тауының етегінде Гүлшад кенішінің тұсауын кесті. Ел экономикасында оның орны ерекше болып, болашақ жұмысшы пөселкесінің қадасы қағылды.

Ол күн ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1957 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен рәсімделді. Бір назар аударатын нәрсе, барлық құжатта елді мекен мен кеніш «Гүлшад» деп көрсетілген. Тек мемлекеттік ономастикалық комиссияның 1997 жылғы 3 қарашадағы шешімінен кейін атау «Гүлшат» деп жазыла бастады.

Енді, Балқаш кен-металлургия комбинатының (БКМК) мұрағатында сақталған кейбір бұйрықты «сөйлетіп» көрейік. Сонда оның қызметіндегі қауырт кезең көз алдыңа келеді. 1953 жылы күзде байыту фабрикасы қатарға қосылып, Гүлшат кенінен алынған қорғасын концентратының керуені елдің түкпір-түкпіріндегі қорғасын-мырыш зауытына толассыз жөнелтіліп жатты.

1955 жылы «ҚазБасМырышҚорғасын» комбинатына қараған «Гүлшад» екі жыл өтпей «пайдалану-барлау кеніші» атанды. Сосын (1958-1966 ж.ж.) БКМК-ның шикізат базасы болды. 1966 жылы 2 ақпанда «Гүлшад» кеніші шілдеде жабылатыны жөнінде бұйрық берілді. Түсті металлургия министрлігінің жабдықтау басқармасы сол жылы 30 наурыздағы бұйрығымен жабылатын кеніш базасында кеңшар құрды.

Кеңшар картоп, орамжапырақ, қызанақ, қияр, сәбіз, пияз, шалғам және жемазықтық дақыл өсірді, мал шаруашылығымен айналысты. Алған өнімімен қала және оған іргелес бірнеше елді мекенді жабдықтады. Содан бері жарты ғасырдан тура екі жыл асты. Кейінгі кезде мал шаруашылығынан басқасы онша мандымай-ақ қойды. Оның әртүрлі себебі бар: бастысы – нарықтағы сұраныс пен суғару мәселесі.

Қазір бұл округта жарты мыңдай ірі қара, тоғыз жүзге тарта ұсақ тұяқ, алпыс шақты жылқы, жетпістей ойсылқара тұқымы бар. Құс ұстайтын түтін де табылады. Пөселке тұрғындары қалада өтіп тұратын жәрмеңкеге өзінен артылған ет-сүтін шығарып, қажетіне керек қаражатын айырады. Қолдағы мал аусыл, топалаң сияқты тағы басқа ауруға шалдықпауы үшін тиісті ветеринарлық шара жүйелі жүргізіледі.

520 адам тұрады: еңбекке жарамдысы – 337, соның ішінде «екі қолға бір күрек тапқаны» – 285. Ал, қалған 66 зейнеткер мен 20 мүгедектен басқасы – бала-шаға. Пөселкеде 39 жеке кәсіпкер 90 адамға жұмыс берген. «Жұмыспен қамту – басты назарда тұрған міндет. Былтыр алты адам Балқаш қаласындағы тиісті орынға өтініш жасаған, соның екеуі жұмысқа орналасып, төртеуі қоғамдық жұмысқа тартылды» дейді пөселке әкімі Мұқтар Шохметов.

«Жол картасы» бағдарламасы аясында жөнделіп, техника жағынан жарақтандырылған клубта тұрғындар тынығып, түрлі мәдени шара өткізеді. Қаладағы С.Сейфуллин атындағы кітапхананың филиалы, бастауыш мектеп, спортзал, дүкен, монша, дәрігерлік бекет жұмыс істейді. Ауызсу мәселесі шешілген, қаламен телефон байланысы орнатылған. Қаладан автобус қатынайды, пөселкеге соғып өтетін қалааралығы да бар. Әкімдік аумағында «Шұбартүбек» демалыс аймағы орналасқан.

Астарында аңыз жатқан ақиқат жөнінде айтпағым осы еді.

Әлібек Әбдіраш.

Суретте: Карьерде.

Сурет ғаламтордан алынды.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.