АймақБұқар жырау

Қаңыраған үйлер қалпына келтірілуде

Қарағандының дәл іргесінде бес километр жерде жатқан Доскей ауылындағы бес қабатты бірнеше үй сонау тоқсаныншы жылдары тұрғындардың жан-жаққа үдере көшуінен қаңырап, бос қалған еді. Енді кейінгі екі-үш жылда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде оларды қалпына келтіру қолға алынып, пәтер кезегінде тұрған елдің алды қоныстана бастады.

– Бес қабатты үйлердің алтауы сот шешімімен аудандық коммуналдық меншікке өтіп, үшеуіне күрделі жөндеу жасалып, әлеуметтік осал топтағы отбасылар қоныстанып та үлгерді, – дейді Бұқар жырау аудандық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Айнагүл Искакова.

Атап айтқанда, 2021 жылы Доскей көшесіндегі 38-үйдегі 40 пәтерге, 2022 жылы 41-үйдегі 40 пәтерге және 42-үйдегі 60 пәтерге доскейлік 140 отбасы кіріп, қоныстой тойлаған. Жалға берілген бұл пәтерлерге ие болған жандардың көңілі жайланып, қуанышқа кенелген екен.

– Бұл үйлердегі жағдай қаладағыдан бір де кем емес, – деген Доскей ауылдық округінің әкімі Ерболат Тоқмырза бізді 41-үйдің 4-пәтеріне бастап барды. Мұнда көпбалалы Қинат Тұрсынбаев пен Назгүл Ноғайдың отбасы жайғасыпты. Екеуі де үш бөлмелі пәтердің орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылғанын, су мен электр жарығында еш іркіліс жоқтығын, аулалар абаттандырылып, балалардың ойын және футбол алаңына дейін жарақтандырылып, жабдықталғанына разы.

Ал, биыл аудандық коммуналдық меншікке өткен 36, 37 үйлердің конкурстық рәсімдер қорытындысы негізінде мердігері болып белгіленген «РАЙС KZ» ЖШС жөндеу жұмыстарын бастап та кетіпті. Әрқайсысы 30 пәтерден тұратын бұл екі үйдің күрделі жөндеуіне облыстық бюджеттен әзірге 300 миллион теңге бөлінсе, жобалық-сметалық құны 628 миллион теңгеден асатын осынау қос нысанға қажет ақшаның қалған бөлігін аудандық бюджеттен қарастырмақшы көрінеді.

Келесі 30 пәтерлік 35-үйдің де жобалау-сметалық құжаты жақында әзірленіп бітіп, конкурс жарияланбақшы. Жоспар бойынша екі жылға белгіленген бұл шаруалар аяқталған күнде тағы да 90 доскейлік жаңғырып, жасанған пәтер кілтіне ие болары хақ. Сонда ауылда пәтер кезегінде тұрған 136 адамнан 46-сы ғана қалмақ. Халқының саны 4500-ден асатын елді мекен үшін бұл жаман көрсеткіш емес, әрине.

Ендігі бес қабатты үш үй Қарағанды облысы әкімдігінің 2021 жылдың 11 наурызындағы «Мемлекеттік меншікті аудандық коммуналдық меншік деңгейінен облыстық коммуналдық меншік деңгейіне беру туралы» 17/06 Қаулысымен облыстық басқармалардың балансына берілген. Яғни, Доскей көшесіндегі 40-үй облыстық мәдениет басқармасына, ал Мир көшесіндегі 1-үй облыстық білім беру басқармасына, 2-үй облыстық денсаулық сақтау басқармасына көшкен. Қазірде осы соңғы екі үйдегі күрделі жөндеу жұмыстарын «Градостройсервис» ЖШС ұжымы атқаруда. Аталған серіктестік құрылысшылары 2-үйді алдағы тамыз, ал 1-үйді қыркүйек айларының аяғына дейін толық қалпына келтіріп, оларға дәрігерлер мен педагогтерден 80 отбасы қоныстанады деп күтілуде. Ал, қалпына келтірілген 40-үйдегі 40 пәтердің игілігін мәдениет қызметкерлері көреді.

Сөйтіп, Доскей ауылына кіреберістегі қаңыраған тұтас бір орамға жан бітіп, ол шағын қалашыққа айналып, сән түзейтін күн де алыс емес…

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button