Балқаш

Ақынның рухы халқымен бірге

  Өзінің туып-өскен Ақтоғайын қалам қуатына арқау еткен қазақтың белгілі ақыны Жеңіс ҚАШҚЫНОВТЫҢ туғанына 75 жыл толды. Үстіміздегі жыл – Жеңіс ақынның жылы. Осыған орай Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапхана жүиесінде «Жалындаған жемісті жырлар» атты поэзия сағаты ұйымдастырылды.

Шараның негізгі мақсаты – ақын Жеңіс Қашқыновтың шығармашылығын бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, ой бөлісу.

Жеңіс ақын Балқаш қаласын жырға қосты, сонымен қоса қаламы жүйрік журналист ретінде қаланың экологиялық жағдайын тиісті орындарға жеткізіп, бірнеше сараптамалық очерктер жариялады. Жекеңді көбінесе балалар ақыны деп таниды, бұл да шындық. Осыған орай №2 лицейдің мұғалімі Айнұр Қазақбаеваның 3 сыныпта оқитын шәкірттері ақын жырларын жатқа оқып, кештің шырайын келтірді. Жеңіс ақын Балқашқа келіп, жолы түскен сайын бала күнгі досы, белгілі дәрігер Бұғыбай Қабыловтың үйіне ат басын тірейтін. Бұғыбай ағамыз да өнерлі, домбырашы.

«Тартшы дос, домбыраңды шертіп қана,

Жүрегім күй тыңдасын, елтіп дала» деп досына жыр арнаған. Бұғыбай досы жөнінде естелік айтып, жиналғандарға Құрманғазының «Сарыарқа» күйін тартып берді. Журналист, ақын Қуандық Сәденов Жеңіс ақынның мектепте «Бәйшешек» поэмасын асқан шеберлікпен оқығандығын жеткізді. Поэмада екі жастың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, шопан қыздың қоғам малын сақтауда ақ түтек боранмен арпалысып, ерлікпен қаза тапқаны тартымды баяндалады. Сондай-ақ, Абай атындағы №2 лицейдің кітапханашысы Хапура Болғанбай ғаламторға байланған жас ұрпақ үшін осындай қызықты, әрі игілікті шараның пайдасы зор екенін тілге тиек етті.

Поэзия сағатын жүргізген кітапханашы Гүлмира Бегімова жиналған оқырмандарға, «Балқаш-сервис» колледжінің оқушыларына, жетекшілеріне ризашылығын білдірді. Кеш соңында Жеңіс Қашқыновтың сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтың «Ақтоғайым – алтыным» әні орындалды.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

БАЛҚАШ қаласы.

Суреттерде: Поэзия сағатынан көріністер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button