Рухани жаңғыру

Ақтоғайға бардың ба, Ақсораңды көрдің бе?

            Шетел дүниесін әйгілеу үшін «бренд» іздейді. Ал, Орталық Қазақстанға оны Табиғат-ана өзі тарту еткен. Киелі жерлер жөнінде Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» деді.

Мысалы, тылсым табиғаты көзіңді тұсайтын Қызыларайдың сұлу жер екенін Алаш жақсы біледі. Мәртебеге санап, мақтанады. Өйткені, Орталық Қазақстанның ең биік таулы массиві туризмнің туын тігерге лайық жер. Десек те, әлемге «біздерде мынадай бар» деп ұялмай көрсететін аймаққа туристердің табаны тимей тұр. Тау ұлдары да топырағының қадіріне жетпеген секілді. Әттең…

 «Туған жерге – туыңды тік»

Жалпы, патриотизм – туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктен бастау алады. Өйткені, жұлдызды сәті жарқырап, ел таныған азаматтардың көбі – бағындырған биігін елінің батасымен, туған жерінің топырағымен байланыстырып жатады.  «Бабамның қаны, анамның жасы. Сіңген бұл далам, қымбатсың маған» деуі сондықтан. Оған қоса балалық шақтан көкейіңде сақталып қалған туған жердің әрбір тасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертіп, аңыз арқылы бізге жетеді. Оны тыңдап, өскен ұрпақ туған жердің қасиетін сезініп өседі. Сондықтан, туған жерге деген шынайы патриоттық сезім әркімде болады. Осы орайда Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. «Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» деп нақтылады.

Ал, Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық даласы Сарыарқада сұлу жер көп. Біз тілге тиек еткен Қызыларай – Арқаның көзайымы. Киелі жер. Тау-тасы ән салып тұрғандай көрінетін осы жерге ерекше қорғау қажет. Бұл туралы Елбасы «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі» деді. Әлбетте, жерінің қадіріне жеткен әрбір азаматы туған жер тарихынан хабардар.

Мысалы, өткен жылғы желтоқсан айында Қызыларайда Beeline ұялы байланыс желісі іске қосылды. «Алтай-полиметалл» акционерлік қоғамының бас директоры Махмұт Әліпбергенов ауылдың тоқсан жылдық тойына орай өз қаражаты есебінен байланыс жүйесін қосып, сый жасады. Туған жерге деген патриоттық сезімін осылай білдірді. Ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген ұялы байланыс жүйесіне қол жеткізген қызыларайлықтар бүгінде қуанышқа кенеліп отыр. Тау баласы тауға қарап өседі деген – осы.

«Туған жерге туын тігер» азаматтар барда, елінің гүлденері сөзсіз. Енді бұл ауылдың табиғатын қорғауға қомақты үлес қосатын шынайы патриоттар керек. Бұған себеп жоқ емес.

Қызыларай табиғаты күтімсіз

  Ақтоғайлық өлкетанушы Тұңғышбай Мұқановтың айтуынша, 1979 жылғы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Жаманқұл Шайдаровтың идеясымен Ақтоғай ауданында өткен конференцияға қатысушылар Бегазы қорымын тамашалап, таңданып тарасқан. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Рымбек Жүнісов келімді-кетімді қонақтарды Ақсораңда қарсы алып, Қызыларайдан шығарып салып жүрген. Сөйтіп, 1988 жылдан бастап «Қызыларай ұлттық паркін» құруды тікелей қолға алып, іске кіріскен. Соның нәтижесінде 61 мың гектар жерді қамтитын «Қызыларай ұлттық паркін» құру мәселесі 1991 жылы Жезқазған облысының тарихи, мәдени ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру, насихаттау жөніндегі 1990 – 2000 жылдарға арналған бағдарламаға енгізілген.

Содан бері он сегіз жыл өтті. Ештеңе өзгерген жоқ. «Қызыларай мемлекеттік-зоологиялық қаумалы» деген аты болмаса…

Бүгінде Қызыларай қаумалы 18 200 гектар. Өсімдіктері 10 300 гектарды көмкерген. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген арқар, бұлан және елік мекендейді. Сондай-ақ, арагідік бүркіт кездеседі. Дәрілік шөптесінді өсімдіктер көп. Ауыл тұрғындары қарағайды қорғауға алған.

Сөйтіп, Қызыларай әлемге көзайым болып, туризмнің ошағына айналуға сұранып тұр. 70 шақырым аумақ қорғауды қажет етеді. Егер ұлттық парктер қатарына енгізілсе, еліміздің туристік базасы толымды дүниемен жаңарар еді.

Алайда, «Рухани жаңғыру» қоғамында менмұндалаған Қызыларай сілемдері әлі жаңарусыз жатыр…

 Әлкей Марғұлан айтыпты…

Қызыларай алдымен әлемнің назарын Арқаға аударған қазақтың ғұлама ғалымы, академик Әлкей Марғұланның отыз жылдық еңбегіне арқау болған өңір. Еуразиядағы қола дәуірінің соңғы жәдігері –  «Бегазы–Дәндібай» орналасқан аймақ. Әлкей Марғұлан Манас Арқаға келгенде Бегазы тауының бөктерін жайлағанын жазады. Бегазы да жауға шапқан батыр қыз болған. Таудың аты соның ерлігінің құрметіне қойылған деген аңыз бар ел аузында. Әрі аңыз бойынша Бегазы тауының басында Манас батырдың Аққұла тұлпарының тас ақыры болған.

Сол Қызыларай тауларының бір сілемі, атақты Бегазы биігіне осыдан шамамен 1947-1952 жылдары археолог ғалым Әлкей Марғұлан қазба жұмыстарын жүргізген. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның нұсқауымен бұл өңірге бірнеше мәрте келіп, таңбалы тастарды, көне қорымдарды зерттеген.

Сөйтіп, бүкіл Еуразия аумағына тараған Бегазы-Дәндібай мәдениеті қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататыны анықталды. Осы мәдениеттің ескерткіштерін де Ақтоғай ауданында алғаш рет Әлкей Марғұлан ашқаны содан белгілі. Қазір Еуразия құрлығын жайлаған Бегазы-Дәндібай мәдениеті Еуропа жерлеріне, сонау Ауғанстан, Иранға дейін созылған. Содан болар ескерткіштерді іздеп келетіндер көп. Отыз жылдық еңбекке арқау болған сол өңірде қазақ академигінің зерттегенін білдіретін бір белгі де жоқ. Қызыларай, Бегазы тарихи-мәдени табиғи қорығы құрылған жағдайда Ақтоғай өңірі жаңаша түрленер еді ғой…

Таңбалы тастар сөйлейді

 Ақтоғайлық өлкетанушы Тұңғышбай Мұқановтың айтуынша, зерттеуді қажет ететін таңбалы тастар көп. «Әлихан Бөкейхан жазбаларында өзі туып-өскен Қызыларай, Қаратал өзені мен Желтаудан әрі Жамбай деген балуанның бейіті болған. Қозы бағып жүрген жас Әлихан атамыз сонда әлгі балуанның бейітіне барып, жеті қарыс саптыаяғын көргенін жазады. Алыстағы атақты Жамбайдың бейітін көрген Әлихан қозыкөш жердегі Бегазы тауларын, ондағы таңбалы тарихты көзі шалуы мүмкін.  Желтаудың екі беті толған таңбалы тастар. Олардың қалғаны бар, қирағаны бар, бүгінгі таңда бес жүзге тарта таңбалы тастар тарихтың тілсіз куәгерлері болып  жатыр», – дейді. Әлекең туған Желтаудан бастап, Қарашоқыны өрлей Қарқаралының Аппаз ауылына дейін қырыққа тарта адам кейпіндегі түрік дәуірінің балбал мүсіндері тұр бұл жерде. Тарихтың жұмбақ парақтарын ашатын балбалдар туристерден бөлек, ғалымдардың зерттеуіне де сұранып-ақ тұр. Жарнамасын жасаса, шетелдіктердің ағылатыны сөзсіз.

Қасиет қонған Әулие

Мысалы, Бегазыға жапсарлас Әулиетау деген қасиетті биік бар. Бұл таудың ұшар басында киіз үй сияқты үңгір бар. Үңгірдің төбесі тесік, одан ішіне жарық түседі және ортасына от жаққанда түтіні сол тесіктен шығады. Үңгірдің іргесіндегі терең апанда су бар. Оң жақ босағасында шөккен түйеге ұқсап қашалған тас мүсін тұр. Атам бұл тау жөнінде алыстан келгендер Құдайдан бала сұрап, тәу етіп, түнейтінін айтып отыратын.  «Әулие аян берсе, науқас ауруынан айығады, суын ішкен адамға ем қонады» деп.

Оған қоса Әулие тауларында неолит дәуірінің таңбалары бар жақпар тастары бар. Ондай таңбалар осы уақытқа дейін тек Қазақстанның бір-ақ жерінде, Шығыс Қазақстан облысының Ақбауыр жерінде кездескен. Суреттерді зерттеушілер биік тақта тастарға жосаны итмұрынға езіп таңбалағанын анықтаған. Мұны кейінгі буын жақсы білсе де,  қыдырып, демалуға барғанда ол суреттерді шимайлап кетеді. Бір суретте – бір тарих. Бұл жерге де қорғалған заңды белгі керек.

Қызыларай тауларын сөз еткенде, биік шыңы – Ақсораңды атауымыз заңды. Етегін қарағай көмкерген, орта тұсы аршамен қапталған, ұшар басы Пермь гранитінің күмбезіне айналған. Оңтүстік батысқа қараған беті құз-қия жақпар тасты, теріскей шығысқа қараған жағы жусан мен көде өскен шөптесінді, екі беті екі дүниедей бөлектеніп жаратылған сұсты да, сымбатты тау – бұл. Оның беткейлерінде қарағай орманы, қызыл қоңыр топырақ жамылғылы тауаралық аңғарларында қайың, көктерек, тал, қараған бар. Ойпаң жерлеріндегі ашық қызыл қоңыр топырақта тобылғы, астық тұқымдасты әртүрлі шөпті шалғын өседі.

Жаман Қызыларай деген жақпар тасты, қалың аршалы, тұщы бұлақты таудың (биіктігі 1283 метр) биік беткейінде ықылым заманда мыс қорытқан. Тұңғышбай ағаның айтуынша, оның тайқазаны да болған деген аңызды естіген бір топ азаматтар 1967 жылы сол жерге барыпты. Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы Мәлік Имашов, сол кездегі Қаратал совхозының директоры Ғаділша Түсіпбеков және тағы басқалар Қызыларай тауының ұшар басындағы алты қанат киіз үй орнындай жерді алып жатқан беймәлім руда қорытпаларын табады. Бірақ тайқазан жоқ екен. Содан 43 жылдан соң кен қорытқан жерді Ғаділша ақсақал дәл тауып көрсеткен. Кен қалдықтары астындағы топырақта жанған отынның қара қошқыл күлдері де сақталған.

Сондықтан, қарағай өскен бұл аймақтың табиғаты мен ресурстары шаруашылық әрекеттерге көп ұшырамағандықтан, қорық ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

«Біздерде мынадай бар!…»

Бегазыны Арқа елі аспан астындағы мұражайға теңейді. Сондықтан, бұл аймаққа туризмнің афишасы ретінде қазақтың біртуар тұлғаларының өмірінен мұражай ашып қоюға болады. Өйткені, бұл дала алдымен, Тастыбұлақта туып, аспанның аясында ән шалқытқан, қазіргі Қытай жазба әдебиетіне енген төрт қазақтың бірі – Әсеттің елі.  Бұған дейін «Арғынмын атым Әсет арындаған» дейтін дала бұлбұлының туған жерін «Қытайдан» іздеп әуре болды біреулер. Осының бәріне тұсау қоятын белгіні туған жерінен тапса қандай сәнді болар еді?!

ХХ ғасыр басындағы қазақтың реформатор-көсемі, ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында басын бәйгеге тіккен тұлға Әлихан Бөкейханұлының кіндік қаны тамған жер.

Сондай-ақ, Бөріктастың басына дүние есігін ашқан, қазақ жерінің шекарасын бекітуде Ленинмен ырғасқан алғашқы қазақ Әлімхан Ермековтің атамекені. 1905 жылғы Патша манифесінде Қарқаралы уезінің 42 қазағының атынан патшаға петиция әзірлеген, қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Жақып Ақбаевтың туған жері. Әлімхан Ермековтің қыл өтпес қимас досы Григорий Потанин мен Федор Усов ат басын бұрған өңір бүгінде – түркі мәдениетінен хабар беретін бірден-бір мекенге айналып отыр. Бұны тарих әлдеқашан дәлелдеп қойған.

Туризмге сұранған Ақтоғайдың бренді – «Бегазы–Дәндібайдан» бастау алған Қызыларай сілемдері болса, екіншісі – «Үш арыс». Үшіншісі – сұлу жердің арқары мен тау жусаны.

Олай болса халық медицинасына тұнып тұрған жерді кәдеге жаратуға не кедергі? Бегазыдан артық не керек?

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр» деді. Бұл мүмкіндікті пайдаланған жөн.

Кезінде Әлімхан Ермеков Ақтоғайға теміржол салуды жоспарлаған екен. Туған жердің қадіріне жеткен ғой. Ал, Әлімханның арманын біз қалай түсініп жүрміз? Киелі жердің қадіріне жеттік пе?!

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button