Жаңалықтар

Ақтаңгер

«Жігітке жеті өнер де аз» деген мақалға қарасақ, ақылы бар адамға ғана тиесілі, өзіне де, адамзатқа да әр салада пайда келтіретін, руханиятты байытатын адамның іс-қимыл, қарекетімен жасалатын туындыны «өнер» деген. Абайды өнер жайында сөйлетсек: «Өнер өзі де мал, өнерді үйренбек өзі де иһсан. Бірақ, ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға муафих болсын». Иһсан рухани биік деңгей, ішкі тазалық, адамның өзінің осалдығын, жаман әдеттерін жеңуі. Яғни, үлкен өнерге жетпек үшін қажыр-қайрат, ерен еңбек керек. Бүгінде осы Абай айтқан талаптарға сай, тамырын ұлттық бастаулардан алатын өнерпаз сирек. Әңгіме осындай сирек кездесетін өнерпаздың бірегейі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының бас хормейстері, әнші, композитор Амантай ЖҰМАШЕВ жайында.

Бүгінгі қазақ өнерінен хабары бар адам бұл өнерпазды білмеуі мүмкін емес. Әсіресе, Арқа жұрты жақсы біледі. Сол Аужекең асқаралы алпыс жасқа келіпті. Көппен бірге құтты болсын айтамыз. Қазақ жақсы адам көрсе жұртын, кіндігінің қаны тамған топырағын, су ішкен құдығын сұрай бастайды. Ақтоғай жерінде кіндік қаны тамған Әсет Найманбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Манарбек Ержанов, Күләш Бәйсейітова, Аққыз Ахметқызы, Мағауия Хамзин секілді әнші, күйші аға-апаларымызсыз қазақ елінің өнер тарихын елестету қиын десем, артық болмас. Амантай ағамыз да осы дала дүлдүлдерінің өкшесін баса сол топырақта дүниеге келіп, солар ішкен рухани өнер бұлақтарынан мейірі қана сусындап, таңдайына жез жұқтырып, көмейіне күміс жалатқан. Шашубай атамыздың сырнайының құты Дәртай ағамызға дарып, одан Амантайға ауысқан. Өнер деген тас жарып өсетін Ақсораңның қарағайы сияқты, құт қонған жерде әр уақытта, әртүрлі сипатта шығып отырады. Бір кездерде қазақ ұлтын саяси ой еркіндігімен тәуелсіздікке бастап, елді ұйытып, санасын сілкіндірген Алаш арыстары Әлихан, Әлімхан және Жақып аталарымыз болса, кейін қызыл үкіметтің кезінде сол жаңағы еркін ойлау тыйымға түскенде ол өнер рухы (ғалымдарды айтпағанда) Күләш, Манарбек, Мағауия сияқты әнші-күйшілер болып шықты, одан беріде Абай хакімнен өрнек алған Нарманбеттің сырлы саптаяғынан сарқыт ішкен Жеңіс, Дәуітәлі, Абзал, Серік сынды ақындар болып шықты. Міне, сол өнерпаздар легінің орта буынын бастап, ақ сырнайын қапсыра құшақтап Амантай келеді. Аллаға шүкір, артынан ерген жас пен орта буын өкілдері де бар.

«Амантай жасында маңғаздау, аңқаулау болып көрінетін, кей қылықтарына біз таңырқаған кезде әкеміз: «Ее, үндемеңдер, әлі бар жақсылықты осыдан көресіңдер» – дейтін. Бұл Аужекеңнің туған ағасы, Ақтоғай мәдени-сауық орталығының директоры Нұрлан Күлшікеновтің сөзі.

– 2005 жылы Бурабайда демалып жатқам. Үш күннен кейін біздің үстелге бір ширақ әйел келіп қосылды. Ұлты татар екен, аты-жөні Галина Романовна Тохтахунова. Кезінде Целиноград мемлекеттік пединститутында музфакта сабақ берген. Аужекеңді өте жақсы біледі екен. «Амантай был самым лучшим и грамотным музыкантом» деді. Сонымен қатар, «осы оқу орнын бітіргендердің ішіндегі жалғыз ҚР еңбек сіңірген қайраткері екенін де атап өтті», – деді Нұрлан ағамыз бір сөзінде.

«Жалпы, бізге өнер нағашы жұртымыздан жұққан. Апам Жамал, нағашы ағам Ақатай Мусин әнді жақсы айтатын. Өз шешеміз Зейне 1939 жылы Шайкен Байысов деген мұғалімнің бастауымен Қозы Көрпеш Баян сұлуды сахналап, аудан көлеміндегі 35 колхозды өгіз арбамен аралағандарын маған айтып берген болатын. Зейне шешем Баянның, Қозының рөлінде – Әбілқадыр деген кісі ойнаған екен. Ғұзыхан ағамыздың әкесі. 1998 жылы «Ардагерлер» ансамблі құрылғанда шешем ансамбль мүшесі болды. Ол кезде жасы 78-де болатын. Ал өз ата-бабамызда әкеміз Машақ болыс домбырашы болған. Күйші, композитор Тәттімбетпен жақын дос болған» дейді Нұрлан Күлшікенов.

Аужекең 8-9 сыныпта ән жаза бастаған. Тоғыз бітірген жылы әкесі қайтыс болып, «Әкеме» деген ән жазған. «Сен ғана» одан кейін «Достарым» әндерін шығарды, бұлардың сөзін де өзі жазған. «Махаббат серенадасы», «Туған жер» деген әндері бар. «Махаббат аралы» спектакліне арнайы «Аққайың арулар әнін» жазды. Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы театрға арнайы шақыртумен келіп, М.Шахановтың поэмасы «Танакөз» қойылымын Қуандық Қасымов деген режиссер сахналады. Қуандық ағамыз «Махаббат серенадасын» естіп, «Танакөз» негізінде поэтикалық дүние жасау ойында болып, музыкасын әрі қарай дамытуды өтінеді. Нәтижесі сенсациялық деңгейде болады. Мұқағалидің сөзіне жазылған «Аққу дастан» да осыған байланысты жазылған. 1978 жылдары Қоңыратта «Сарыжайлау», 1983, 1991 жылдары Жезқазғанда «Ұлытау», «Жезкиік» ансамбльдерінде жетекші болды.

Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының «музыкалық» деген анықтауышы Аужекеңе тікелей қатысты. Театр жаңа үлкен де көркем ғимаратқа көшкеніне жарты жыл да бола қойған жоқ. Сол театрдың ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Аужекеңнің дайындаған театр артистерінен құралған хорға өзінің ризашылығын білдіріп, өзінің таңданысын жасырмаған, басқа да сахналарға қоюға кеңес берген. Ақтоғайлық «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің қазіргі тыныс-тіршілігінен Амантай ағамыздың маңдай тері мен қолының таңбасы білініп тұрады.

Аужекеңнің ақ сырнайының да тарихы ерекше. Оны журналист Аманғали Қалжанов «Елбасымен ән салған» деген мақаласында жазған болатын. Содан үзінді: «Бурабайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 8-ші наурызда бір басқосу өтті. «Арқа аязының әлі қайта қоймаған кезі ғой. Қолымда аязға шыдамайтын баян болды. Кеш батқан шақ. Далада жанып тұрған алаудың жанында Елбасы, басқа адамдар тұрды. Сол жерде ән бастап кеп жіберіп едім, баянның бір түймешесі қатып қалып, ызыңдап, кедергі келтірді. Білдірмейін деп ақырын ойнадым. Соны Елбасы байқап, мұның жайын сұрады. Түсіндіріп едім, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Амантайға жаңа баян сатып алып беру керек» деп жан-жағына қарады. Астанаға қайтып келіп, жарты ай өткен соң филармонияның сол кездегі директоры Бекболат Байсағатов шақырып, Германиядан жаңа баян келгенін айтып, қолыма тапсырды. Жап-жаңа, жеп-жеңіл тамаша аспап екен» дейді».

Абзал Бөкенов ағамыздың сөзіне жазылған Дәртай Садуақасовтың «Ақтоғай – алтын бесігім» әні жарты ғасырға жуық туған өңіріміздің әнұранына айналып, өзінің өміршеңдігін танытты. Соның бір ерекше табиғи жалғасының дәлелі ретінде дүниеге келген Аужекеңнің «Ән мекені – Ақтоғай» әні. Ел аман болса осы сабақтастық жалғаса беретіні сөзсіз. Зейінді тыңдаушы байқаған болар, Аужекең ән айтқанда бар болмысы, жан-тәнімен сол әнмен бірге тұтасып кетеді, басынан бақайшағына дейін құдды бір оркестр сияқты, сырнай әуенімен қоса гармонияға түсіп, ырғақтың тактісіне бағынып тұрады. Ғажап әннің мінезі Амантайдың мінезі болып шыға келеді. Әрбір нота, әрбір дыбыс өзінше бір белес бағындыруды талап етеді, шырқырап шарықтайтын шыңы, сабырға түсіп саябырлайтын сайы да болады. Оған қоса тыңдарманның көңіл күйін көзінен оқып тұру керек. Осының бәріне шығындалатын күш-қуат пен қайратты қоссаңыз, өнерпаздың тек сахнадағы бейнесін ғана көреміз. Оның сыртындағы дайындық, репетициялар, ізденістер, арасындағы дос-жаран, ағайын-туыстың қызық-қуанышындағы сәттерді біле де бермейміз.

«Өнерпаз болсаң арқалан». Хакім Абайдың осы өлең жолын өнерпаз болу үшін «арқалану», яғни, бір кейіпке ену, өз күшіне сенуге, «аруақтануға» жорып жүрміз. Көне түрік сөздігі «арқа» сөзінің бір мағынасын «іздену» дейді. Абайдың бір ерекшелігі өз шығармашылығында мистикаға ұрынбай, таза ақыл, ғылымға сүйеніп отыратындығы. Өйткені, ол үшін ғылым да Алланың бір сипаты. «Өнерпаз болсаң ізден, үйрен, үздіксіз даму жолына түс». Аужекеңнің өнердегі, өмірдегі таңдағаны дәл осы жол, мінезі де, талап қойғыштығы да осыны аңғартады. Өнер мұхитында батып кетпей, ұзақ уақыт жүзудің сыры тек қана Құдай берген қабілетпен қоса сол арқалануда, толассыз ізденісте жатыр. Жасы алпысқа келді демесек, ақтаңгер Аужекеңнің әлі де берері мол екеніне сенімдіміз.

Сұлтан ЫБЫРАЙ,

абайтанушы.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button