Руханият

Ақтаңдақтар – жұрт жадында

Қазақ зиялылары – І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық тұңғыш «Үздік бейнеблог» байқауының қорытындысы жарияланды. 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өткен шараны облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы байқауға облыстағы мектептер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқушылары, музей қызметкерлері қатысты.

 

Байқаудың негізгі мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты стратегиялық маңызды мақалаларын талаптарын насихаттау. Конкурсқа қатысушылар жас шамасына қарай екі топқа бөлініп, үш бағыт бойынша сынға түсті. Бірінші бағыты – қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялылары тарихы. Халықтың саяси қуғын-сүргінге және депортацияға ұшыраған, ұлт пен халықтың тағдыры – екінші бағытында көрсетілсе, үшінші бағыт – «Үш арыс» І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин жайлы тың дүниелерді бейнеблог түрінде ұсынуы тиіс еді.

– Тәуелсіздік үшін күрескен үш арыстың есімін елемеу мүмкін емес. Келешек ұрпаққа насихаттау – парыз. Жарысқа қатысушылардың ізденгенін жұмыстарынан байқауға болады. Байқау «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы цифрландыру және Ұлы даланың ұлы тұлғалары бағытында екі тармақты қамтып отыр. Келер жылы осы байқауды кең көлемде өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық тарихи өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов.

Қазылар алқасы құрамында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов, облыстық білім беру әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Гүлмира Көпбаева болды. Отызға тарта жұмыстың ішінен тоғызы жеңімпаз атанды. Аталған 3 бағыт бойынша І, ІІ, ІІІ орындар берілді.

– Маған «Алаш» тарихы өте қызықты, сондықтан мен «Үш арыс» тақырыбын таңдадым. Биыл біз олардың мерейтойын атап өттік. Мен олар туралы бәрі білсе екен деймін, соның ішінде жастардың білгенін қалаймын. Қазір жаңа технологиялар ғасыры, сондықтан көптеген оқушылар мен студенттер кітап оқымайды. Себебі бейнеблогтар өте танымал. Бес минутқа созылатын бейнероликте мен Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы көбірек айтуға тырыстым. Сондай-ақ, жазушының 125 жылдығына орай біздің облыста ұйымдастырылған басты ісшаралар туралы айттым, – дейді Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығының қызметкері Қуаныш Тыныбек. Байқаудың кіші буын тобынан І орынды Ұлытау ауданы №6 Жезді тірек мектебінің 10 сынып оқушысы Сабина Әбдіқадірова, жастар тобынан І орынды КарГУ-дың тарих факультетінің І курс студенттері Жібек Қасымжанова, Мадина Жаппарова, Нұрдәулет Қойшыбаев еншіледі. Жасы үлкен буында Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығының қызметкері Қуаныш Тыныбек І орын иегері атанды.

– Бұл бейнеблогты жасау үшін жетекшіммен біраз жұмыстар атқардық. Жезді кентінің маңындағы түрме орындарын аралаған болатынбыз. Жұмысымның тақырыбы осы түрмелер жайлы еді. Кешке дейін жүргізілген экспедицияда көптеген тың деректер алдым. Әрбір түсірілім барысында түрлі оқиғалар орын алды. Жұмысымды ойдағыдай аяқтап, қуанып қалдым, – дейді байқау жеңімпазы Сабина Абзалқызы.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button