Ақселеу жүлдесі — жас қаламгерлерде

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Ақселеу Сейдімбеков атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлері байқауының жеңімпаздарын марапаттау кеші өтті. Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық болмыс мәселелеріне арналған шығармаларды насихаттау мақсатында өткізілетін облыстық додаға 50-ге жуық талапкер қатысып, бақ сынады.

Бұл байқау көптеген дарынды жастарды қанаттандырды. Әдебиет әлеміне жол ашты. Талантты жандардың жұлдызын жағып, үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Жыл сайын өткізілетін байқаудың келешек жастарға берері мол екені айтпасақ та белгілі. Ақселеу ағамыздың салған сара жолын насихаттап, келешек жастарға табыстау – қастерлі парыз, бірегей міндет. Осы шараның қатарынан бес мәрте ұйымдастырылуына мұрындық болып келген облыстық тілдерді дамыту басқармасын тілге тиек етпей кетсек болмас.

Ережеге сәйкес, әдеби шығармашылық байқауға 16 мен 35 жас аралығындағы үміткерлер поэзия, проза және көсемсөз жанрлары бойынша шығармаларын ұсынды. Аталған үш бағыттың әрқайсына 1, 2, 3 орындар белгіленсе, өзгелерден оза шауып, ерекше дарынымен танылған үміткерге Ақселеу Сейдімбек атындағы бас жүлде тағайындалған.

Шара шымылдығы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекованың құттықтау сөзімен түрілді.

– Ақселеу Сейдімбеков қалдырған – үлкен рухани қазына. Қалдырған ізін сақтап, келер ұрпақтың жадында жаңғырту – әрбір қазақ азаматының парызы. Бүгінгі өткізіліп отырған жұмыстардың бұл тек бір бөлігі. Байқауға қатысып отырған жастарға тек табыс тілеймін, – деді Гүлнәрайым Хасенқызы.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов төрағалық еткен қазылар алқасы құрамында ақын-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы Серік Сағынтай, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахымов және облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ахат Құрмансейітов болды.

– Қайран Ахаңның мұрасын, Ахаңның келбетін жыл сайын өткізілетін өнер бәйгесінде қайтадан бір саралап, қайрыла қарайтын сәт – осы бір дода. Қай шығармасын жазбасын, қай зерттеуін жүргізбесін оның мәйегі – ұлтжандылығы еді. Әрбір көркемдік қиялының өзі – ұлттың тереңдегі тамырымен ұштасып жатыр. Жалмаңдаған жаһандану заманында қазақ ХХІІ ғасырға барса – Ахаңдармен жетеді. Тілдер басқармасы осы байқауды жыл сайын өткізіп отыратынына біздің еш күмәніміз жоқ. Әлі де бабы келіскен талай жүйріктердің шығатынына сенімдіміз, – деген қазылар алқасының төрағасы Жансая Жанғазыұлы ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Публицистика жанры бойынша ІІІ орынды Абай аудандық «Абай-ақиқат» газетінің қызметкері Абылай Қанатұлы иеленді. Жаңаарқадағы Сәкен Сейфуллин атындағы аудандық кітапхана қызметкері Әйгерім Сейілханқызы ІІ орыннан көрінді. Қарағанды журналистикасының қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» газеті «Интернет редакция» бөлімінің меңгерушісі Нұрлыхан Қалқаманұлы І орынды еншіледі.

Проза жанрында қалам сілтеп, ой тербеген жастарымыз бірінен бірі асады. Осы жанрда Теміртау қаласы тілдерді дамыту орталығының қызметкері Гүлжайна Нұрманқызы ІІІ орыннан көрінді. «Болашақ» академиясының аға оқытушысы Ерзат Молдабекұлы ІІ орынды еншілесе, Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Абай Амангелдіұлы І орын жүлдесін қанжығасына бөктерді.

Поэзия жанры бойынша Қарағанды банк коледжінің оқытушысы Кәмшат Бауыржанқызы ІІІ орынды еншілеп, ІІ орынға Қарқаралы ауданы №1 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Жандос Боранбаев табан тіреді. Қарағанды қаласы №8 жалпы білім беретін мектептің ұстазы Қайрат Берікболұлы І орын иегері атанды.

Ақселеу Сейдімбеков атындағы бас жүлде облыстық «Арқа – ақпарат» ақпараттық порталының редакторы, поэзия мен публицистикада қатар көрініп жүрген Ерболат Қуатбекке бұйырды. Жылда берілетін бас бәйге поэзия жанрында қалам тербеген ақындарымыз еншілеп келген болатын. Биыл публицистика бойынша беріліп отыр. Көптің арасынан топ жарып, оза шапқанға – тұсау жоқ. Қалам сілтеу мәнерінен туған тұщымды дүниелер талантты жасты жеңіске жетелері сөзсіз.

– Публицистика жанры бойынша әдеби мақалалар, әдеби сындар жазамын. Осы жолы шетел әдебиеті жайлы материалымды ұсынған едім. Былтыр осы жанрда І орынды еншілеп, биыл бас жүлдені қанжығама байладым. Бұны шығармашылық жолда жүктелген жауапкершілік деп білемін, – дейді бас жүлде иегері Ерболат Ерболұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ