Жаңалықтар

Ақсауыт киген сарбаздар

Ертеде шапса қылыш, түйресе найза өтпес ақсауытты тек елді қорғау жолында қан мен тер төккен қолбасшы баһадүрлер кисе керек. Ал, бүгінгі таңда батыр бар ма деген сұраққа жауап әр түрлі болмақ. Әрине, әркімнің өз идеалы, батыры бар. Отбасын асырау жолында жанын салып жұмыс істеген қарапайым кенші де бала-шағасы үшін батыр. Десек те, Алпамыс, Қобыландыдай жау жайратқан батырлар қазір жоқ қой деп түйеміз. Мұнымыз қате пікір. Бар батырлар. Бейбіт күннің батырлары. Ол Қазақстан Республикасының арнайы дайындықтан өткен құпия жасақтары. «Бүркіт», «Арлан», «Арыстан», «Сұңқар» секілді атауларды естіп пе едіңіз? Қай жерде қылмыстық топтың құрықталуы тиіс болса, соны жүзеге асыратын осы жасақтар. Енді ойлаңызшы, қылмыстық топ болған соң қарусыз жүрмейтіні хақ. Қару бар жерде, қауіп бар. Сұсты қара бетпердедегі сарбаз ештеңеден сескенбейді. Бір ғана міндет – берілген бұйрықты бұлжытпай орындау. Тап осындай жасаққа сарбаз болу оңай ма, қалай ойлайсыз?! Әскерге әзер баратын мына заманда арнайы жасақ тұрмақ, 40 күндік әскери қызметке шыдамай жатқан жігіттер де жоқ емес.

75 шақырым – үміт пен өкініш жолы

Әңгіменің әрісі ауылда туып-өскен қарапайым қара домалақ ұлдың асқақ арманынан басталды. Айтуар Асқар – тоғыз баланың кенжесі. Бала кезден арманы – арнайы жасақта қызмет ету. Міне, бір мүмкіндіктің шеті шығып «Бүркіт» арнайы жасағына өтпек. Сол жолда ол өзін екі жыл сынайды. Екі рет құлап, қайта тұрып, 3-ші мәртеде, әйтеуір, жасақ қатарына ілігеді. Оған «Қазбат» деген лақап ат беріледі. Арнайы жасақ сарбаздарының әрқайсында өзіне тиесілі лақап аттары бар. Ол – тәртіп. Естеріңізде болса, «Қазбат» деген кино да түсірілген болатын.

Жасақ қатарына ілігудің өзі еңбек пен дайындық, термен келсе де, алда «күрең берет» жолындағы күрес күтеді жас сарбазды. «Күрең берет». Жалпыға беймәлім, ал, әскери қызметте жүргендердің асқақ арманы, ерлік пен табандылықтың белгісі. Орысшасы «краповый берет». Бұл ал қызыл бас киімнің атауы қан мен тердің арқасында келген дегеннен шықса керек. 2014 жылы Айтуар Қазақстан бойынша «Осы күрең беретті алам» деп алдына мақсат қойған 180 сарбаздың бірі еді. Бұл жолда оны 75 шақырымдық «ауыр өткел» күтіп тұрды. Кекілін үкілеп, құйрық-жалын шарт түйген бәйге аттары 30-35 шақырым қашықтықты буыны босап әрең өтеді. Адамға 75 шақырым жүгіріп өту мүмкін бе? Оның үстіне 25 келілік қару-жарақ, су мен сарбаз тамағы бар. Оған сарбаздың өз салмағы қосылғанда шамамен 100-120 келі болады. Осының бәрі сарбазға ауыр соғары айтпаса да айқын.

ТМД елдерінде «күрең берет»  тапсырмасының ең ауыры Қазақстанда. Мысалы, Ресейде 12 шақырым болса, біздің елде 75 шақырым. Бертін келе, бұл тапсырмалар жеңілдетіліп 75 шақырым 12-ге қысқарды. Десек те, Ресейдің «күрең берет» иегерлерінің жағдайы анағұрлым жақсы. Оларға пәтер беріледі, үстемақы да қарастырылған. Ал бізде ше?!…

Алғашқы кезең 100 метрлік қашықтыққа белгілі бір уақыт аралығында жедел жету. Одан соң беліңдегі қанжарды немесе сапер күрегін лақтырып нысанаға қадау және арнайы радиобайланыс құрылғысын (приемная рация) жинап іске қосу. Сынақтың алғашқы кезеңінде 180 сарбаз 150-100 сарбазға азаяды.

– Радиобайланысты уақытпен жинап, оны іске қосу біліктілікпен сабырды талап етеді. Бұл тапсырмада қарсы бағытта тұрған БТР танкіге байланысқа шығу міндеті бар. Жалма-жан радиобайланыс қондырғысын іске қосып, ондағы, мысалы 25,60 желісін тауып танкіге байланысқа шығу керек. Сенің байланысыңды сол мезетте танкідегі сарбаз қабылдауы керек. Қабылдамаған жағдайда уақыт өтіп, тапсырма толық орындалмаған болып саналады. Уақытпен есептелер бұл сынақтардың бірінен өте алмаған жағдайда «күрең беретті» алу мүмкіндігі де шектеле түседі, – дейді Айтуар Кенжебайұлы.

Расында, 75 шақырым бұл тек қару-жарақ асынып, қашықтықты жүгіріп өту ғана емес екен. Арасының ең азы 5 шақырым, ал ең ұзағы 20 шақырымдық бөгеттер мен тапсырмалар, сарбазға тұсау болары сөзсіз. Бұл сынақтан соң сарбаздар ұзын сонар қамысты әрі батпақты өзенді кешіп өтуі керек.

– Қазан айының басы. Астана күні ызғар. Судың температурасы шамамен – 11-12 градус. Оның біз өтер өткелінің  тереңдігі белуардан келеді. Қаруды қос қолдап ұстап, төбемізге көтеріп, үстіміздегі киіммен суға қойып кетеміз. Сазды су аяққа жабысып, үстіміздегі киім шылқып, бағанағы 100-120 келі салмақ екі еселене түседі, – деп тағы бір түйді «күрең берет» иегері Айтуар Асқар.

Сарбаздар қанша сабыр қылса да, мұздай судың ызғары сабырды сарқылтады-ақ. Аяқтары тартылып, біршама сарбаз дәл осы тұста сынақтан сүрінеді. Айтуар Асқар «күрең беретке» тапсырғандағы сынағынан алғашқы жылы құлайды. Алайда, алған бетінен қайту оған жат. Келесі жылғы кезегін ол физикалық арнайы дайындықпен асыға күтеді. 5-6 жылдап сүрініп, қайталап тапсырып жатқан сарбаздардан Айтуардың бағы басым болып, айы оңынан туады. 

Сынба, сарбаз, сынба!

– Батпақты өзеннен өткен соң «Алдыңғы шептен шабуылға тойтарыс беру» сынағы беріледі. Ол дегеніміз автомат кезеніп, тізерлеп отыру, яғни, алдыңдағы жауға жолдасыңды қорғай отырып, тойтарыс беру. Осылайша кезек-кезек әр сарбаз белгілі бір қашықтықты артқа тастаймыз. Бұл сынға да қатардағы сарбаздардың біразы төтеп бере алмай сынақты аяқтауға мәжбүр болады. Қалған 40-50 шақты сарбаз сапардан танбай әрі қарай жалғастырады.

Бұдан соң 10 шақырым жүгіріп өтіп, бекініс шұңқырын қазу (окоп қазу). Шұңқыр­ды тұрып емес, бір қырымызбен жатып және өз бойымызға шақтап  қазамыз. Себебі, тұрған сарбаз оққа ұшуы мүмкін. Келіп жеткен сарбаздар арасы 5 метрден бір сызыққа жата қаламыз да, күрекпен жер қаза бастаймыз. Шұңқырдың ұзындығы бойымызға, ені 60 сантиметр, тереңдігі 30 сантиметр болуы шарт. Сенің қандай жерге жатарың беймәлім. Тастаққа немесе сазды аймаққа түсіп қалуың бек мүмкін. Мұндайда саған жаны ашып, басыңнан сипар ешкім жоқ. Тасқа кезіксең, су болып тесу – міндет. Тексеру комиссиясының талабы бойынша, қазылған шұңқыр қырлы, әрі топырақ түспестей түзу қазылуы керек. Сонда ғана бұл сын өткерілді деп саналады, – деді Айтуар Асқар. 

Осыдан кейін сарбаздар тағы 10 шақырым жүгіріп, «Жасырын түрде қозғалу» тапсырмасын алады. Онда етбетінен жатып, шынтақпен еңбектеу арқылы 50 метрді өту керек. Сынақ арасында ешқандай демалыс жоқ. Сынақты ерте аяқтаған үздік сарбаздардың ғана бой жазуға 1-2 минут уақыты бар. Дәл осы сәтте қалған 50-60 сарбаздың біршамасы әлсіреп, беріле бастайды. Белге ілген қос 0,5 бөтелкедегі суды тек тамшылата ғана ішу керек көрінеді.

– Сарбаздар өздеріне «Кетанов», «Кетарол» сынды дәрілер салып жатады. Өйткені, мақсат біреу. Ол – «күрең берет». Жолда уақыт үнемдеп межелі жерге алдымен жеткен сарбаздар жүрек жалғамаққа қоржынындағы шайқасыққа қол салғанда сол шайқасықтың салмағын бар тәнімен сезінеді. Өйткені, сапар алыс, күш сарқылуда. Айдаладағы меңіреу даланың әр дыбысына, тіпті, нан шайнағандағы жағыңның дауысына ызаң келетіндей болады. Сапар басында, керек ыдыстарды су құйғыш (фляжка) қасық пен күрешкені арнайы маталарға орап сылдырламастай етіп саламыз қоржынға. Себебі, орта жолда титтей дыбыс жүйкеге тиерін әу бастан үйретеді командирлер. Қатты шаршағаннан сарбаздардың көзіне түрлі елестер (галлюцинация) елестейді. Тән қанша төзсе де, ми шаршап, абдырап қалады. Мұндайда тек бір мезетті ойлау керек. Ол – ел алдындағы борыш, отбасыңның сенімі, алға қойған мақсатыңнан танбау. Бұл – үміттің жетегі, – дейді Айтуар Асқар.

Дымы құрыған сарбаз айдалада. Сынақтың таусылар түрі жоқ. Бұл тек нағыз ердің басынан өткен сәт. Алда «Жаралы жауынгерді қауіпсіз аймаққа сүйреу» тапсырмасы.

– Одан әрі «Газ түтікшесімен жүгіру» (противогаз киіп 400 метр жүгіру). Өзі әрең келе жатқан сарбаз газ түтікшесін кигенде мүлде тынысы тарылып талықсып кетуі мүмкін. Мұндайда сарбаздар біріне-бірі қарасып, жағынан шапалақтап оятып сынақтан сүрінбеулерін қадағалайды. Не керек, әйтеуір, қатарымыз 20 сарбазға кеміді. Келесі тапсырмаға дейін 1-2 минут уақытымыз бар. Шөлдегеніміз сонша, суды бөтелкесімен бірге жұтудың аз алдындамыз. Бірақ, суды шөлдедім деп сіміре беруге де болмайды. Суалған дене бір демнен суды көп қабылдаса, аяқ-қол тартылып қалады, – дейді Айтуар Кенжебайұлы.

Бұдан кейін «Картамен бағдарлау немесе әскери топография». Бұл – берілген бағытты компоспен дұрыс анықтап діттеген жерге уақытылы жету. Айтуардың сөзінше, сарбаздың біразы адасады. Дұрыс бағыттан танып, уақыт жоғалтады. Бұл тапсырманың орындалмауына әкеп соғады. Өлдім-талдым деп ақыры түнгі түнеу нүктесіне жеткенде саусақпен санар сарбаз ғана шатырға енеді. Шатырға еңбектеп болсын кірдім дегенің, «күрең беретті» алдым дегенге саяды. Бұл да көңілді көншітер сарбаздың өз ойы. Алда әлі 4 тапсырма бар. Олар «оқ дәрі тасымалдау», «кедергілер жолағы», «өз қаруын тексеру» және  соңғысы «жекпе-жек». 

 

Ақтық сын немесе «күрең берет» үшін күрестің мәресі

– Ең қиыны болдырып келгенде әрқайсы 3 минуттан 3 жекпе-жекке шығу болды. Қарсыластар тың отырған «күрең берет» иегерлері. Ойлаңызшы 75 шақырым жүгіріп, қанша кедергіден өтіп, күш сарқылғанда қоян-қолтық ұрысқа кірісу керек. Амал не?! Менің ойым соққыға төтеп беру, құламау болды. Жекпе-жек барысында тиген бір соққы есеңгіретіп салды. Көзімнің біреуі ашылмайды. Бір көзім сау бірақ, бұлдырап барады. Дереу есімді жиып, қарсы ұмтылып қолымды сермеп менде соққымды қарсыласқа дарыттым. Бір сәтте «уақыт» деген пәрменнен селт етіп, келесі алаңға өттім. Онда да келесі күрең берет иегері күтіп алып, біраз титықтатты. Бет-ауыздың сау жері жоқ. Қанның бетімнің қай жерінен аққанын білмейм, әйтеуір көзімді жауып кедергі болуда. Қан мен тер қоса аққан сәтте отбасым, маған сенген елім мен туған жерім есіме түсті. Бұл соңғы серпіліс, ақтық сын еді. Мен «күрең берет» иеленген 15 сарбаздың қатарындамын. Менің міндетім – еліміздің тыныштығын сақтау, бейбіт күндердің себепкері болу. Қызметке адалдық  ғана ел дамуына сеп болмақ, – деп түйді сөзін «Қазбат».

Болашақтың көзі – бүгінгі ұрпақ. Сол ұрпаққа нені аманаттасақ – сол біздің мұрамыз болмақ. «Жақсыны көрмекке» демекші, оқырманға антқа адал жандардың қызметін айту, жазу – бұқараға батырын танытады. Батырым бар деген елдің сенімі молайып, бірлігі ыдырамас қоғамды қалыптастырады.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button