Жаңалықтар

Ақпараттық индустрия: қазақ қай тұста?

      Жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қазақстандық қоғамды тыс қалдырмады. Кабельдік-жерсеріктік хабар тарату, ұялы байланыс, ұялы байланыс ғаламторы, блогсаласы, әлеуметтік желілер, сандық хабар тарату – бүгінгі күннің шындығы. Бұған қоса,  интерактивті телевидение элементтері өріс алды. Ақпараттық технологиялардың жойқын тасқыны БАҚ-ты да айналып өткен жоқ. Осы күні электронды бұқаралық ақпарат құралдарының үлес салмағы артып, оған ел сенімі де күшейгенін деректер айтады.  Елде ақпараттық  өнімдер шығару және  ақпараттық қызмет көрсету ұлғайды. Сөйтіп, жиырма бірінші ғасырда ақпараттық технологиялар бизнесі гүлденген бизнеске айналды.

Ғалымдардың айтуынша, қоғамдағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар тарапынан туындаған өзгерістер экономикалық, әрі әлеуметтік-мәдени сипатты иеленуде. Рас, сөздерінің жаны бар. Қазіргі уақытта ақпараттық технологиясыз тырп ете алмайтын  халге жеткеніміз шын. Бұдан  жиырма жыл бұрын әркімге арман, қол жетпес қымбат бұйым болған компьютер, ұялы телефон, планшет бұл күні қариядан бастап бестегі баланың қолындағы ойыншық.

Компьютерлік техниканың арзандауы, сандық байланыстың енгізілуі, талшықты-оптикалық магистраль құрылысы – барлығы ақпараттық индустрияға зор мүмкіндіктер ашқаны және аян. Ақпараттық, телекоммуникациялық сала  дәстүрлі БАҚ жүйесі мен олардың  секторлары арасындағы шекараны жойып, жаңа медиаларды дүниеге әкелу арқылы ұлғайып келеді. Бүгінгі Қазақстан бұдан 30 жыл бұрынғы Қазақстан емес. Қазақстан жаңа ақпараттық технологияларды коммуникацияға белсенді енгізуде. Елдің орасан зор аумағы да жерсеріктік телевидениенің дамуына ықпалын тигізіп отыр дейді отандық ғалымдар.

Мәселен, қазақ соңғы он жылдықта ғарышқа хабар тарататын үш жерсерігін ұшырды. Атап айтқанда, 2006 жылы алғашқы қазақстандық жерсерік «Қазсат-1» жіберілді. Одан соң елді жерсеріктік байланыспен, сандық телевидение мен радиохабартаратумен қамтамасыз етіп отырған   «Қазсат-2» 2011 жылдың ортасында ұшырылды.  2014 жылы 28 сәуірде зымыран «ҚазСат-3»  алып ұшты.   Қазақстандық телекоммуникация саласы үшін жұмыс істейтін «ҚазСат-3»тың жұмыс жарамдылығы 15 жыл.

Қазақстан үшін  маңызды басымдыққа ие кезең сандық хабар таратуға көшу болғанын атап өткен жөн. 2012 жылдың шілдесінде Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған және Жаңаөзенде  сандық эфирлік хабар таратудың желісі іске қосылғаны мәлім. 2013 жылы «ОTAU- TV» ұлттық жерсеріктің желі сандық хабартаратумен 400 мың жаңа абонентті қамтыған. Сөйтіп,  жаңа бұқаралық ақпараттық коммуникацияның  қарқыны  ақпараттық қызметке сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Мұның сыртында ғаламтор тұтынушылар және бар.

Мысалы,  былтырғы жылы Internet Live Stats  сарапшылары ғаламтор қолданушылар саны  және ғаламторға кірушілер бойынша әлемнің 201 елінің арасында талдау жасаған екен. Сонда Қазақстан 43 орынды иеленген көрінеді. Олардың дерегінше, елімізде 10 млн.жуық адам интернетті қолданады.

Негізі, ІТ коммуникацияны дамытуда Қазақстан ТМД елдері арасында үшінші орынға табан тірепті. Әлемнің 172 елінің арасында 52-ші орында екенін мәлімдеді  Халықаралық электрбайланыс одағы. Бұл – қазақтың ақпараттық технология саласында қапы қалмай отырғанын айғақтаса керек-ті.

Бұған  елдің 97 пайызының  ұялы байланысты қолданатынын және қосып қойыңыз. Сол 97 пайыздың  77 пайызы ұялы байланыс арқылы ғаламторға шығады екен. 2016 жылы ұялы байланыс абоненттерінің саны елде  31,2 млн -ды құрағандығы  туралы тағы дерек бар.Бұл көрсеткіш те көп жайтты аңғартса керек.

Егер тұрғындардың сандық телевидениемен қамтылуына келсек, қазіргі таңда әрбір екінші қазақстандық сандық телевидениені тұтынады.  Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірінде де ақпараттық технология қарқынды.  Айталық, қазір бір кездері ойымызға да келмеген, электронды коммерция да қолданыста. Электрондық төлем де еш қиындықсыз атқарылады.

Қолда бар деректерге жүгінсек, ақпараттық индустрияда Қазақстан көштің басына шығып кетпесе де, шаң қауып соңында қалмаған. Алдыңғы қатардағы елдердің легінде екен.

Жалпы, мамандар ақпараттық индустрия әлі де  тың жобаларымен елді таңғалдырарына қол қойып, бәс тігіп отыр. Сенбеске шара жоқ.

Дерек пен дәйек

Қазақстанда интернет әлі де көбінесе ақпаратты жеткізудің арнасы және аз дәрежеде тұтынушылармен тікелей коммуникация тәсілі болып қалады. Тиісінше, адамдар сол контентті (газеттер, журналдар, радио және телевизия) басқа құрылғылар арқылы қабылдайды. Атап айтқанда, соңғы жылдары әсіресе жастар арасында контентті интернеттен қабылдау үшін мобильдік құрылғыларды пайдаланатындардың үлесі артты.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button