ЖаңалықтарРуханият

Ақпарат айдынының алыбы

Сәрсенбінің сәтті күні М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайында балқаштықтардың рухани қазынасы, өңірдің жаршысына айналған «Балқаш өңірі» басылымының жарық көре бастағанына биыл 90 жыл толуына арналған мерейтойлық салтанатты жиын өтті.

 «Ветерок» үлгілі би ансамблінің орындауындағы «Қызғалдақ» биімен ашылған той салтанатында алдымен «Балқаш өңірі» газетінің тарихынан, ондағы қызмет жасаған қаламгерлер мен қызметкерлер өмірінен сыр шертетін, газеттің күнделікті тіршіліген қысқаша жолу жасаған «Ақпарат айдынының алыбы» деректі фильмі көрсетілді.

Туған қаламызбен бірге жасап келе жатқан «Балқаш өңірі» газеті облыс, тіпті, республика бойынша абыз басылымдардың бірі болып саналады. «Балқаш өңірінде» жүздеген қаламгердің қолтаңбасы қалды. Мыңдаған тағдырдың еңбек жолы, өнегелі өмірі қатталды. Мұнда өз ісінің кәсіби шеберлері, тума таланттар еңбек етті. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр жастар осы редакциядан қанаттанды. «Балқаш өңірі» газетінің рөлі мен маңызына осындай баға берген Балқаш қаласының әкімі Қайрат Камзин төл басылымның 90 жылдық торқалы тойында оның даму тарихы мен өркендеуіне зор үлес қосқан журналистка ардагерлері мен белсенді оқырмандарын, газет демеушілерін атаулы номинациялармен марапаттады.

«Балқаш өңірі» басылымының мәдениет пен әлеуметтік бөліміне жетекшілік ете отырып, жылдар бойы аймақтың тарихы мен белгілі тұлғалары туралы зерттеу мақалаларын газет беттерінде жариялау арқылы оқырмандар санын көбейтуге атсалысқаны үшін Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, халық шығармашылығы Бүкілодақтық фестивалінің лауреаты, белгілі тарихшы әрі өлкетанушы, «Балқаш өңірі» газетінің іргетасын қалаушылардың бірі Күләш Ыбыжанқызы Сардарбекке «Қарымды қаламгер» номинациясын табыстады.

«Балқаш өңірі» басылымның қабырғасында абыройлы қызмет етіп, гауһар жырларын газет беттерінде жариялау арқылы оқырмандар санын көбейтіп, газеттің даму тарихына өзіндік зор үлесін қосқаны үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алаштың ақиық ақыны, жерлесіміз Абзал Бөкенге «Сөз зергері» номинациясын, ұзақ жылдар бойы Бас редактор ретінде «Балқаш өңірі» газетінің даму тарихына қосқан сүбелі үлесі және өңірдің журналистикасы мен қазіргі қазақ әдебиетін дамытып, бірқатар редакторларды, журналистерді, қаламгерлерді тәрбиелеген рухани ұстаз, журналист, жазушы, ақын Жанболат  Башарға «Көркем сөздің кемеңгері» номинациясын, абыз басылымның қабырғасында қаламы жүйрік журналист ретінде қызмет етіп, газеттің даму тарихына өзіндік зор үлесін қосқаны үшін журналист, ақын, сазгер, Балқаш қаласының және «Рухани жаңғыру» гимндерінің авторы, «Балқаш өңірі» газетінің жауапты хатшысы Қуандық  Сәденовке «Алтын қалам» номинациясын табыс етті.

Жастайынан «Балқаш өңірі» газетін оқып, өңір жаңалығына құлағдар болып жүрген, ұдайы жазылатын сенімді де адал, жанашыр әрі тұрақты оқырманы Зейнел Смағұлқызы Қағазбекті «Үздік оқырман» номинациясымен марапаттады.

Сонымен қатар, «Балқаш өңірі» газеті беттерінде шабытты өлең-жырларын жариялап, жас дарындарды ақындыққа баулыған Балқаш руханиятының шырақшысы, айтыскер ақын, газет жанашыры Бақытжан Әріновке «Шабыт» номинациясын, ұзақ жылдар бойы журналист ретінде бұқаралық ақпарат саласының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Балқаш өңірі» газетінің тілшісі Еркеназ Бақторазқызына «Үздік журналист» номинациясын, «Балқаш өңірі» газетіне тұрақты түрде жазылып, өңір жаңалығына, атқарылар жұмыс барысы мен ел тынысына тұрақты түрде құлағдар болатын белсенді де жаңашыл қызметкерлер ретінде «Балқаш Универсал» ЖШС ұжымына «Үздік жазылушы» номинациясын тапсырды.

Сондай-ақ, «Балқаш өңірі» басылымның қабырғасында Бас редактор ретінде қызмет еткені, сонымен қатар көркем баяндалған, кесек сөзді келістіре жазып, орамды ойлары арқылы оқырмандарын елітіп әкететін жазудағы ерекше шеберлігі үшін Қазақстанның Құрметті журналисі Оралбек Жүнісұлына «Очерк маманы» номинациясы тағайындалған болатын. Марапат иесі белгілі себептермен келе алмағандықтан, арнайы номинация өзіне жеке табысталатын болады.

Салтанатты жиында «Балқаш өңірі» газетінде әр жылдары қызмет жасап, еліміздің журналистикасы саласының дамуына және басылымның өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлестері үшін бір топ қаламгерлер мен газет қызметкерлері, газет жанашырлары Балқаш қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Құрмет грамотасымен марапатталғандардың арасында республикаға танымал ақын-жазушылар Серік Сағынтай, Бағдат Мүбарак, Қамбар Ахмет, Ілияс Мұқай, Зада Садықова, Асыл Әбілқайырқызы, Мөлдір Бөлекова, Нұрқанат Қанапия, Асхат Қажытай, Мейрамгүл Саяжанқызы және газетте ұзақ жылдар еңбек еткен оператор Кәукерия Ақылбекова бар.

«Балқаш өңірі» газетінің 90 жылдығына орай, төл басылымның өсіп-өркендеуіне қосып жатқан елеулі үлестері үшін редакция журналистері мен қызметкерлері Нұрдос Кәрім, Мақсат Күземханов, Айгүл Төкейбекова, Айнұр Кендірбаева, Айман Бекеева, Гүлнұр Мейрембаева, Индира Ерболатова, Асылзат Айтбекова, Талғат Әлибеков және Зәмзәгүл Рысбекова қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жақында «Балқаш өңірі» қоғамдық-саяси газетінің жарық көргеніне 90 жыл толуына орай «Тамырын тартқан тереңнен» атты кітап жарық көрді. Осы кітаптың тұсауы сахна төрінде кесілді. Жинақтың тұсауын кесу құрметі қала  әкімі Қайрат Камзинге, Балқаш қалалық мәслихатының хатшысы Ахат Мүсілімовке, шараға арнайы келген Алаштың ақиық ақыны Абзал Бөкен мен Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әли Тойжігіт және журналистика саласының ардагері Жанболат Башарға берілді.

Журналистер одағының Қарағанды облысы бойынша филиалының өкілі, танымал журналист Әли Тойжігіт «Балқаш өңірі» газетіндегі бас редактор ретіндегі көп жылғы еңбегі, қазақстандық журналистиканың дамуына қосқан ерен еңбегі мен қомақты үлесі үшін Жанболат Башарды Қазақстан Журналистер Одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісімен наградтады.

Газеттің даму тарихында көптеген елімізге танымал белді журналистер түлеп ұшты. Солардың бірі Балқаш қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Балқаш телестудиясының директоры қызметін атқарған өңірге танымал тұлға Жазбек Төлендинов, газет арқылы көркем туындыларының, зерттеу мақалаларының тұсауын кесіп, оқырмандарды рухани байытқан, талай жас дарынға үлгі болып, ақындық, зерттеушілік жолға бастама берген Әбіл Кәріпбай, белгілі қаламгер Қараман Айтжанұлы еді. Тоқсан жылдық торқалы тойда Жазбек Сатымбекұлының жұбайы Кәмпит анамызға, Қараман Айтжанұлының зайыбы Күміс Танабайқызына гүл шоқтарын сыйлады.

Газеттің дамуына өзіндік үлесін қосқан, өкінішке орай, бүгінгі күні ортамызда жоқ барша журналист, қаламгер ағаларды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, Е.Сәдуақас орындаған І. Мұқайдың сөзіне жазылған Н.Бейсекеевтің «Ғұмыр өтер» әнінің фонында экраннан марқұмдардың портреттері көрсетілді.

Салтанатты жиын қаламыздың белгілі әншілері өнер көрсеткен мерекелік концертпен мәресіне жетті.

Қуандық МАҚСҰТҰЛЫ.

БАЛҚАШ.

Басқа материалдар

Back to top button