Ақиқат пікірталаста анықталады
Жетістікке жетуге ұмтылған талантты жастарды қолдайтын пікірсайыстардың жиі өткені тиімді. Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына арналған аймақтық турнир оқу орындарында пікірсайысты дамытудың маңызды екенін байқатты.
Жастар бұл жолы қоғамдағы аса өзекті тақырыптарға тереңнен үңілді. Есірткі мен құмар ойындарға шалдыққан жастарды құтқарудың жолын көрсетті. Көмек берудің әдіс-тәсілдерін ұсынды. Ойындардың әсерінен тауқыметті тағдырға тап болғандарға көмектесудің маңызды екенін атады.
Жастар арасында қоғамдық тұлғалар мен кәсіпкерлер, пікірсайысшылардың қатысуымен үш көрсетілімдік ойын және жолдастық турнирлер ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын «көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар» жастарға сәттілік тіледі.
– Дебат қозғалысы қазіргі таңда жастардың өз ойын ашық жеткізетін қолайлы алаңға айналып отыр. Еліміздің ертеңіне бейжай қарамайтын, озық ойлы өскелең ұрпақ үшін дебат – даму мен өсудің, тұлға болып қалыптасудың ортасы. «Сөз қадірін – өз қадірім» деп білетін, шешендік өнердің шыңына шыққан халықтың өкілі үшін дебат жат емес. Пікірсайыс барысында қоғамда кең талқылаудағы тақырыптар қозғалғаны қуантты. Лудомания мен нашақорлықтың таралуы, әлеуметтік желіге тәуелділік секілді өткір мәселелердің төңірегінде тұшымды ұсыныстар мен ойлар ортаға салынды, – деп атап өтті.
Облыс жастары арасында пікірсайысты дамытуды көздеген турнирге қазақ және орыс тілді 32 команда қатысты. Командалар құрамына еліміздің үздік тренерлерінің оқу курстарынан өткен облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінің 64 студенті арасынан үздікті анықтады. Өзекті ойларымен танылған студенттерді жинаған британдық парламенттік және Линкольн-Дуглас форматында өткен турнирдің жүлде қоры – 800 000 теңге. «Үздік спикерді» жеңіп алған ҚарУ-дің ІІ курс студенті Ажар Шәдібек көпшіліктің қошеметіне бөленді.
– Көптен бері ашық алаңда дебат ойнамаған едік, әр спикердің тартымды ойларын тыңдадық. Біз дебатты, дебат бізді сағыныпты. Пікірсайыста сөз зергері Бұқар жыраудың өз заманында «Көмекей әулие» атанғанын алға тартып, бар деректермен нақты сөйлеп, жеңімпаз атандым. Ойшыл дана Бұқар жыраудың ерлікті дәріптеген жырау және жерін басқыншылардан қорғауға үн қосқан тарихи тұлға екенін көрсетуге тырыстым, – дейді Ажар Шәдібек.
Ажарды қоғамда букмекерлік кеңселерде күн өткізетін жастардың қатары көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Құмар ойынмен құрдымға жіберетін казино, ойын автоматтары залдары, мен тотализаторлардың қызметі де заңға қайшы. Олар жастардан ақшаны мейлінше жымқыруды көздейді.
«Жақында Сенат депутаты Дана Нұржігітова букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салу мәселесін көтерді. Сенатор Қазақстанда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асатынын, бір ойыншының орташа қарызы 10 млн. теңгені құрайтынын атады. Ойынға құныққан жастар, тіпті, өз құқығын қорғау мақсатындағы «Ойын бизнесі» туралы Заң бар екенін білмейді», – дейді Ажар Шәдібек.
Пікірсайыс жастарды көшбасшылыққа тартудың негізгі жолы екенін аңғартты. Жастардың өз көзқарастары арқылы шешім қабылдай білуі маңызды екенін атап, әлеуметтік бейімделген мобильді тұлғаны қалыптастыру үшін пікірсайыс ойындары керек екенін алға тартты.
– Қазіргі уақытта болашақ жастардың өз ойларын ашық білдіріп, еркін сөйлеуі маңызды. Пікірсайыс біздің жастарды интеллектуалды әлеуеті жоғары, саяси сауатты болуға ынталандырады. Жеке тұлғаның сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдап, командамен бірлесіп жұмыс істеуі үшін дебаттың пайдасы көп, – деді пікірсайысты ұйымдастырушы Абай Амантай.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өскелең ұрпаққа алып тұлғалардың қасиеттерін дәріптейтін пікірсайыстар легі жалғаса бермек.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz