Білім

«Ақберен» жүйріктері анықталды

Ұлттың өнері мен дәстүрін жастардың бойына сіңіруге бағытталған байқау «Ақбереннің» жеңімпаздары анықталды. Өнерге, әдебиетке құштар кіл мықтылардың облыстық іріктеу сайысына 8-11 сынып оқушылары арасынан 98 оқушы ­қатысты.

– Биылғы сайысқа қатысушылардың жан-жақты дайындалып келгені байқалды. Өткен жылы 93 оқушы болса, биыл олардың саны – 107. Жас дарындар арасынан гуманитарлық-­эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға да бағыт беру көзделді. Шығармашылық қабілеті жоғары, тапқыр, талантты, шешендік шеберлігі жоғары жастар марапатталды, – дейді «Сарыарқа дарыны» орталығының маманы Серікжан Дамысханұлы.

«Сарыарқа дарыны» орталығы мамандарының айтуынша, биыл «Ақындар айтысында» айтыс аталымына қатысушылар саны жылдағыдан аз. Бұл аталым бойынша оқушыларға әлі дайындық керек екен. Жасөспірімдер арасындағы айтыс өнері әлі де болса дамытуды қажет етеді.

Байқауда «Эссе жазу» аталымында І орынды «Дарын» мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Ақбота Қатарбай, «Шешендік өнерден» І орынды Абай атындағы мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Еркежан Қаныш жеңіп алды.

– «Ақбереннің» жеңімпазы атану – арманым болатын. Жыл бойы эссе жазып дайындалдым. Өнерлі, дарынды оқушылармен таныстым, – дейді Ақбота Қатарбай.

Ал, «Ақындар айтысындағы» І орын С.Торайғыров атындағы мектептің 8 сынып оқушысы Тілек Мәлікке (Бұқар жырау ауданы) бұйырды.

«Ақындар мүшәйрасы» аталымындағы І орынды Ә.Бөкейхан атындағы мектептің 8 сынып оқушысы Мақсат Жарылғасынов (Қарағанды), «Ұлттық аспапта ойнау» аталымындағы І орынды Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Әли Нұрлыбайұлы (Балқаш қаласы) иеленді.

Сондай-ақ, сайыста «Көркемсөз оқу» аталымы бойынша І орын С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Әли Қошқаровқа (Балқаш қаласы) бұйырды.

Облыстық байқаудың жеңімпаздары қарашада өтетін Ақтау қаласындағы республикалық кезеңге қатысады.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button