АҚҚАН ЖҰЛДЫЗДЫҢ АМАНАТЫ

Айбат АМАНОВ. Қаңтарда Талдықорғандағы тәртіпті қалпына келтіру кезінде қаза тапқан жас батыр һәм ардақты есім. Талабы таудай еді. Амал қанша, он сегізінде саптағы сарбаз ант қабылдады, дүрбелең кезінде алдыңғы шепте жүрді де ерлікпен қаза тапты. Бірден «Аққан жұлдыз» деп айдар тағуымыздың өзіндік себебі бар. Содан бастайық әңгімені.

…Әскерге кетпес бұрын Айбат батыр анасына «Мені ел танитын болады. Атымды білетін болады. Жұлдыз боламын, анашым. Көресіз» деп жиі айтыпты. Аузына Алла салған шығар дейміз. Өкініштісі, жұлдыз болып ағып түскені. Жарқ етіп. Ал, аманат деп отырғанымыз — жас ұланның қойын кітапшасындағы жазбалары. Көңіл тербейді, жүрек тебіренеді…
Айбат батырдың қойын кітапшасын көріп, көңіл босады. Бала кезінен сурет салуға әуес. Кітапшасына күнтізбе салыпты. Жақындарының туған күнін белгілеп, жазып қойыпты сонда. Және есте қалар күндерін де өрнектеп қойған.
Әскерге жолға шыққан күннен бергі 3 қаңтарға дейін әр датаны сызып отырыпты. Ал, 4­-нен кейінгі күндері бос қалған. Өйткені, ақшейіт атанды құлыншақ…
Кітапшада салған түрлі суреттері бар. Ата-­анасына, ғашығына жазған хаттарды да осында түсірген. Оқып отырсақ, үлкен сағынышпен өрілген. Құлын жүрегінен төгілген. Мөлтек сырлары да жүрегімізді қозғады…
«Тамыздың 28­-і анашымның туған күні» деп жазылған бетте анасын құттық­тап, хат жолдапты. Содан үзінді келтіре кетейік…
«Қазір сағат таңғы 8:00. Мен сізге ті­лекті терезеге қарап, жазып отырмын. Мама, мені уайымдамаңыз. Сіз айта­тын едіңіз «Алла қаласа деген сөзді ауыздарыңнан тастамаңдар. Не жоспар құрсаңдар да айтып жүріңдер» деп. Сол ақылыңыз әлі есімде. Алла қаласа, 48­-ге толғаныңызда бірге атап өтеміз көрші, туысқандармен. Сол күндерді асыға күтемін. Сіздерді қатты сағынып кеттім. Армия біраз нәрсе үйретеді екен. Біраз нәрсенің қадірін түсіндім» деп келіп, жазбасын былай қорытындылайды:
«Мама, сізді ренжіткен кездерімді Ана жүрегіңізбен кешіріңізші»…
Осы секілді құттықтау хаттары бар.
Ағасы Заңғарға, ғашығы Айданаға арнаған хаттарынан да бауырмалдылығын аңғардық батырдың. Ал, Инабат апасының туған күніне хат жолдай алмай қалды. Арнайы бірге түскен суретін жабыстырып, бір бет алып қалыпты. Өкінішке орай, ол күнге (13 наурыз) жете алмай кетті…
Әкесіне арнаған хатында былай депті:
«Мен әскерге кетпей тұрып, ине­-жіппен ештеңе тіге алмайтын едім. Қазір кез келген нәрсені тіге алатындай болдым. Рас екен, әскерге барып одан сайын ширайды екенсің…».
Қойын кітапшаның бетін әрі қарай парақтасаңыз, әдемі, әсерлі суретті кезіктіресіз. Мәселен, қарт анасы мен баласы молаға қарап отыр. Қыр биігінен. Сол картинаның астына «Қабірде жатқанның бәрі қарт емес, ерте ме, кеш пе, сен де жатарсың!..» деп жазып қойыпты. Ащы ақиқат. Бәлки, құлын жүрегі сезгендей әлденені…
Мұсылман адамға артынан пышақ ұрғалы тұрған шайтан кейіптегі суретті салып қойыпты. Оның астына да «Артыңнан пышақ сұққан досыңнан, артыңнан сөйлеп жүрген дұшпаның артық» деп жазыпты. Бұл да замана көрінісі. Соны Айбат көкірек көзімен көре алыпты…
Анасының айтуынша, Айбат туған жері Жаңаарқаны жан жүрегімен жақсы көрген. Оны біз де мынадан аңғардық.
Қойын кітапшасына 24 қараша күні Жаңаарқаның көрікті жерлерін салыпты. Вокзалды, мұражайды, мәдениет үйін, мектепті және киіз үйді бейнелепті. Оның шекесіне «қымыз» деп жазып қойыпты. «Жан жүрегім – Жаңаарқа» деген стелланы да салыпты. Осылардың орта тұсында пойыз. Беттің төменгі жағына «до дома 197 дней» депті. Туған топырағына деген перзенттік махаббаты сайрап тұр бұл бетте…
…Айбат батыр бокспен шұғылданып, біраз биікке шыққан. Анасына арманын айтатын көрінеді: «Серік Сәпиев, Илья Ильин сияқты Олимп шыңын бағындырамын. Олардың атын қараңызшы, «СС», «ИИ» деп қайталанады. Менікі Айбат Аманов қой, мен «АА» деп қаламын тарихта» деп…
Сөз жоқ, өзі айтқанындай тарихта қалды. Ерлігімен ел жүрегінде сақталады есімі. Туған жеріндегі мұражайда «Айбынды ұл — Айбат» атты арнайы бұрыш ашылған. Оған батырдың қолданған заттары, әскери киімі қойылған. Осы тұста айта кеткеніміз жөн шығар, өзі тұрған немесе кенттің көрікті көшелерінің біріне Айбаттың есімін берсе, нағыз ұлықты іс сол болады деп…
Ал, аққан жұлдыздың аманатына кім адалдық танытады, көзінің қарашығындай сақтайды? Әрине, анасы. Құшағына енді Айбатын емес, ұлының қойын кітапшасын қысады. Себебі, онда құлынының жүрегі бар…

Қасымхан ҒАЛЫМ.