Аға ұрпақтың айтары бар

Жуырда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды ТӨРЕҒОЖИННІҢ қатысуымен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ VII-ші съезі мен облыстық VIII-ші есеп беру-сайлау конференциясы шешімдеріне сәйкес ұйымдастыру жұмысын одан әрі жетілдіру шаралары» тақырыбында ІІ пленумның жұмысы жүргізілді.

Пленум мүшелері мен облыстың ардагерлер активінің назары ең алдымен бастауыш және цехтік ардагерлер ұйымдарының ішкі құрылымын жетілдіруге, оның ролін арттыруға бағытталуда. Сонымен қатар, еңбек етуді жалғастырып келе жатқан және кейінгі жылдары ғана құрметті еңбек демалысына шыққан белсенді зейнеткерлерді ардагерлер қатарына тарту да алға қойылды. Тіпті, мүшелік етудің маңыздылығын тәртіпті күшейтудің, ардагерлердің әр қозғалысын жеке есепке алу және қадағалау арқылы арттыру мәселесі айтылды. Ардагерлер іс-шаралары мен қоғамдық акциялардың түрі мен мазмұнын жоспарлау, шешімдер шығару мен оларды жүзеге асыру, ақпаратты дұрыс орналастыру тәжірибесін бұлжытпай жақсартып отыру да сөз етілді. Аға буын мүддесі және ардагерлер қозғалысының насихатталуы үшін мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық және діни ұйымдармен, кәсіпкерлермен, БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнату мәселесі талқыланды.

Ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі ретінде биылғы жылдың 20 сәуірде өткен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ VII-ші съезін айтқым келеді. Бұл съезд ардагерлер құрылымдарының алдына алдағы бес жылға арналған алдыңғы қатарлы мақсаттар қойды. Облыстық VIII-ші есеп беру-сайлау конференциясында аймақтағы ардагерлер ұйымының қызметі туралы толық сараптама жүргізілді. Нәтижесі көңіл қуантарлық. Сондықтан, қайталап берудің қажеті жоқ, назарымызды алға қойылған мақсаттарға бұрайық, – деді Оралды Төреғожин.

Өз баяндамасында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қазіргі таңдағы діни экстремизм мәселесін де қатты сынға алды. Жастарға аға ұрпақтың айтар ақылы мен берер кеңесі жетіспей жатқанын да жасырған жоқ. Қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу барысында олқылықтардың орын алғанын ортаға салды. Ол үшін діни өкілдермен, жастар ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, жастармен жұмыс жүргізу, әңгімелесу қажеттігін алға тартты.

Пленум жұмысында сөз алған азаматтардың қатарында Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айып Байқасынов, Октябрь аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Аймағамбетов, Ақтоғай аудандық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Мәдениет Сәтеков, облыстық кеңестің әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Бекет Көшеғұлов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев, облыстық кеңестің жастар арасындағы жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Татьяна Кулагина болды.

Пленум соңында аймақтың ардагерлер кеңесі активінің «Ардагерлер қозғалысы – жұмыстардың сараптамалық жағдайы және қызметтің жаңа түрін іздестіру» тақырыбындағы семинар-жиналыс өткізілді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.