Баспасөз мәслихатыҚарағанды

Әңгіме өзегі – шаһар тынысы

Арқаның қысы – биліктің білігі сыналар шақ. Әсіресе, коммуналдық салада кемшілік жіберуге әсте болмайды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылыту маусымының аяқ алысы туралы әңгімеледі.

 

ЖЫЛУ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

Әкімнің айтуынша, қазіргі кезде ЖЭО-1, ЖЭО-3 жылу көздері мен инженерлік желілер бойында жағдай қалыпты. Барлық әлеуметтік нысандар жылумен қамтылған.

– Шахтер кентін орталық жылумен қамту маңызды. Қазіргі уақытта сорғы станциясынан кентке дейін шамамен 2 шақырым құбыр төселді. Сорғы станциясының құрылысы жалғасуда. Жоба – екі жылдық. Нәтижесінде, 62 көппәтерлі тұрғын үй «жылынады». Сондай-ақ, 30-шы шағын аудандағы білім беру нысанына қосылатын жылу желілерін жаңарту сәтті аяқталды. Ғазалиев көшесінен «Березка» шипажайына дейінгі жылу трассасының бөлігін ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Ермеков көшесіндегі жылу магистралін қайта жаңарту – ендігі жылдың еншісінде, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

ГАЗ ТАРТЫЛДЫ

Газ 1 695 үйдің іргесіне апарылды. Оның ішінде, техникалық шарттарға 537 үй, 18 коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік кәсіпорын қол жеткізген. 289 үй газға қосылған. Тұрғын үй секторын газдандыру кезінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету қағидалары бекітілді: ең жоғары мөлшері – 100 АЕК (318 000 теңге). Бүгінгі таңда 18 адам әлеуметтік көмек алып үлгерді. Бұдан бөлек, қаржылық жүктемені жеңілдету үшін пайызсыз, 3 айға бөліп төлеу мүмкіндігі бар. Екінші деңгейдегі банктер 6 айға – 10%-бен, 12 айға – 15%-бен және 24 айға 20%-бен несие береді. Техникалық шарттарды алу жеңілдеді. Құжаттар 7-ден 4 тармаққа дейін қысқартылды. Топотүсірілім алынып тасталды. Техникалық шарттарды орындау – тегін.

КӨКТАЙҒАҚ. ҚАЛАЛЫҚТАРДАН ШАҒЫМ КӨП

Ғаламторды парақтасаңыз, көктайғаққа қарсы жұмысты сынаған жазбалар шаш етектен. Қала әкімі шағым да көп түскенін тілге тиек етті. Мердігер «Тазалық Эксперт» ЖШС айыппұл арқалаған. Жол бойына себілген құм құрамында асықтай-асықтай тас жүретінін жүргізушілер арагідік айтады. Аталған мердігер көктайғаққа қарсы материалды мұқият елеу үшін арнайы қондырғы сатып алыпты. Кепілдік бар. Алғышарт бұзылса, айып пұлдың ауылы ұзақ емес. Қазір аудан әкімдіктері мұндай жағдайларға жол бермеу бойынша бақылау жүргізуде. Куратор бекітілді. Ол күн сайын төгінділер сапасын, сондай-ақ, шығарылатын техниканың санын бақылайды. Қала бойынша аумақтарды санитарлық және механикаландырылған тазалау бойынша 9 мердігер ұйым жұмыс істейді. Олармен үш жылдық келісімшарттар жасалған. Жұмысқа 447 арнайы техника жұмылдырылды. Биыл 14 доңғалақты тракторларды сатып алу мақсатында саябақтар басқармасына тиісті қаражат бөлінді. Қазір олардың 4-еуі қала аумағын тазарту жұмыстарына қатысып жүр. Қалған оны аспалы жабдық орнатылған соң, қатарға қосылмақ.

ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Естеріңізде болса, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап жолаушылар автобустарында жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесі енгізілді. Біраз күнгі әуре-сарсаңнан соң қалалық автобустар қажетті құрылғылармен жабдықталды. 290 мыңнан астам карта сатылған. Электронды жүйе үстемдігін үдете түсуде. 15 қазаннан бастап, сараланған тариф қолданылуда. Бұл қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесін 90-92%-ға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Есесіне, бұл тәсіл жолаушылар ағыны туралы нақты деректерді білуге, соның негізінде қаланың маршруттық желісін оңтайландыруға игі ықпал етпек. Қазір қалада 6 автобус паркі жұмыс істеуде. 43 қалалық және 8 қала маңындағы маршруттар қозғалысы ұйымдастырылған. Күн сайын желіге барлық бағыттар бойынша 300-ден астам автобус шығады. Сапасы ше? Тасымалдаушылардың жылжымалы құрамын жаңарту мақсатында биыл арнайы шарттар жасалып, жолаушыларды қауіпсіз және жайлы тасымалдаудың барлық заманауи талаптарына сәйкес келетін жергілікті өндірістегі жаңа 82 автобус сатып алуға аванстық төлемдер төленді.

Ерғанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button