Бұқар жырау

Бұқар жырау ауданында Жанұзақ Мәкішевтің «Бұқарекең жырлайды» аудиокітабының тұсауы кесілді

«Birgemiz» жалпыұлттық жобасының «Birgemiz: Asyl mura» бағытында еріктілерге арналған Қарағанды облысы және Бұқар жырау ауданының грантын Жанұзақ Мәкішев жеңіп алған еді. Грант қаржысына баба мұрасын түгендеп, келешек ұрпаққа мирас етіп қалдыру мақсатында «Бұқарекең жырлайды» аудио кітабын жарыққа шығарды. Мерекелік шараға аудандық мәслихаттың хатшысы Асхат Әли, ҚР Мәдениет қайраткері, Бұқар жырау ауданының «Құрметті азаматы» Мүгілсім Шибаева мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов қатысып, аудиожинақтың тұсауын кесті, деп хабарлайды Ortalyq.kz

  Аудиотуындылар жаңа технологияның көмегімен дайындалған. Сапалы әуенмен көркемделіп, қанық дауыспен басылған. Жинақты шығаруға 600 мың теңге жұмсалыпты.

Келешек ұрпаққа мол мұра қалдырып жатқан Жанұзақ Сұңғатұлының ерен еңбегі – ерлікпен пара-пар. Жас буын данагөй, көмекей әулие бабаларымыздың мұрасын бойына сіңіріп өсуі қажет. Жинақты қолға алған үлкен-кішісінің бәрі баба мирасын құлағына құйып өссе екен. Сонда ғана тектілік мәңгі жоғалмайды, – деді Асхат Әли.

Аудиожинақ 2 бөлімнен тұрады. «Бұқар жыраудың жырлары» бөліміне енген 55 толғауын Қайрат Кемалов дыбыстаған. Ал, «Бұқар жыраудың толғаулары» бөлімінде 24 толғауы таспаланды. Серік Жақсығұлов, Дидар Қамиев, Армат Исламғалиев, Мұхтар Әділов, Фархат Оразов сынды елге белгілі өнер иелері жыр-толғауларын аспаппен орындап, таспаға түсірген. Сонымен қатар, Аудиокітап дизайнын Қарағанды суретшілер Одағы қоғамдық бірлестігінің және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Ерсін Темірғалиев жасаған.

Бабамыздың құнды мұрасын келешек ұрпақтың сүйегіне сіңіріп, кеңінен насихаттау – киелі іс. Осы шаруаның басы-қасында жүрген жандарға алғысым шексіз. Бабамыздың философиясы бізге ғана емес, барша адамзат баласына ортақ. Оның мұрасын болашаққа қалдыру мақсатында аз да болсын көмегім тигеніне қуаныштымын. Біз – «демократия» дейміз. Жалпы, Ұлы Дала демократиясының негізін қалаған – Бұқар бабамыз. Оған бір дәлел, қанды қасап заманда Абылайдай батырға дүйім жұрттың алдында қымсынбай сөз сөйлеп, ақылын айтып отырды. Ал, ол уақытта ханға ешкім қарсы келе алмайтын. Абылай батыр көмекей әулиені жанына кеңесші етіп, қасынан тастамай алып жүруі – оның ұлылығы деп білемін. Міне, бұдан өткен далалық демократия, әділдік бола ма? – деді Қайрат Кемалов.

Ал, автор өз сөзінде:

Жалпы, бабалар мұрасын келешек ұрпаққа жеткізіп, рухани жағынан сусындату – ортақ парыз. Түрлі саладағы азаматтардың кітап оқуын мейлінше оңтайландырып беретін аталмыш саланың болашағы зор. Аудиокітаптарды өміріміздің бір бөлшегіне айналдыруға ұмтылу керек. Күнделікті құлаққап арқылы түрлі әуендерді тыңдап, уақытты құр босқа өткізгенше, сауатыңды ашып, кітаптарды тыңдағанға, сол мезетте белгілі бір жұмысыңды бітіріп алғанға не жетсін?! Біз осындай істеріміз арқылы келешек ұрпаққа үлгі бола аламыз. Аудио кітаптың шығуына зор үлес қосқан ауданның «Құрметті азаматы» Айтбай Ботпайұлына ерекше алғыс айтамын. Сол кісінің ақыл-кеңесімен жарыққа шықты, – дейді.

Ербол ЕРБОЛАТ

Бұқар жырау ауданы

Қарағанды облысының маңызды және өзекті жаңалықтарын «Орталық Қазақстан» газетінің телеграмм каналынан оқыңыз (сілтемені басыңыз)

Басқа материалдар

Back to top button