Қарағанды

Еңбек жасақтарының еңбегі еленді

Жастардың экологиялық дүниетанымы мен мәдениетін қалыптастырып, табиғат пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйрететін «Жасыл ел» еңбек жасағының жауынгерлері марапатталды. Белсенді жастардың басын біріктіріп, еңбекке баулыған жобаға биыл 1700-ден астам адам қатысқан. Олардың ішіндегі ерекшеленіп, көзге түскендері С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында марапатталды.

Қарағандыда еңбек жасақтарының еңбегі еленді «Қалалық штабтың үздік жауынгері» аталымында жеңіске жеткен Саран қаласының тұрғыны Вера Соколова «Жасыл ел» жасағындағы жұмысы табыспен бірге жаңа достар тапқанын айтады. Көпбалалы отбасынан шыққан Вера жобаның жастар үшін берер мүмкіндігі көп дейді.

– Жасым 15-те. «Жасыл елде» бір ай жұмыс істедім. Мен жұмыс істеген ұжым өте тату болдық. Достар тапқаным өз алдына, туған қалама көмектесе алғаным үшін қуаныштымын. Бұл, әлбетте, жастар үшін тамаша мүмкіндік, – дейді Вера Соколова.

Ал, ақтоғайлық Қаламқас Сағатова «Аудандық штабтың үздік жауынгері» аталымында көзге түсті. 18 жасар бойжеткеннің таңдаған мамандығы да ерекше. Ол Қарағанды техникалық университетінде «IT-медицина» мамандығы бойынша оқиды.

– «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істегеніме екінші жыл. Жазғы демалыста жұмыс істеп, ата-анама көмектесу – міндетім. Табысыма мектепке қажетті кеңсе тауарларын сатып алатынмын. Ал, «Жасыл ел» туралы естігеннен бастап, жасақ қатарына мен де қосылдым. Биыл жалақымызды да көтерді, жұмыс уақыты жасымызға қарай оңтайластырылған. Одан бөлек, су жаңа формамен қамтамасыз ететінін де айту керек. Жастарға «Жасыл ел» жасағының қатарына кіруге кеңес беремін. Осы жерде табыс тауып қана қоймай, бос уақытты тиімді пайдалануға болады, – дейді Қаламқас.

Сондай-ақ, Қарағанды штабы «Үздік қалалық штаб» ретінде танылса, «Үздік аудандық штаб» аталымы Бұқар жырау ауданына бұйырды.

Сонымен қатар, Jasyl El Cup киберспорт турнирінің жеңімпаздары атап өтілгенін де айту керек.

Жарысқа Counter Strike Global Offensive бойынша жарысқан қалалық және аудандық штабтардан 13 команда қатысты. Бірінші орынды Теміртау командасы жеңіп алды.

Жауынгерлер үшін бұл еңбек маусымы балалар жылының қамқорлығымен өтті. Сонымен, жауынгерлердің жалақысы өсті, олар үшін фирмалық жабдықтар тігілді. Өзгерістер келесі жылы да болады деп сендірді жоба үйлестірушілері.

– Өткен еңбек маусымының қорытындысы бойынша облыстан – 1715, Қарағанды қаласы бойынша – 350 адам жұмысқа орналастырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдер басым санатта болды. Биыл жауынгерлердің жасына және жұмыс істеген сағаттар санына байланысты еңбекақы төлеудің жаңартылған моделі қолданылды, – деді Қарағанды Жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамалов.

Орталық алдағы жылы облыс бойынша 1000 адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр. Жалақы да көтерілмек.

Еңбек жасақтарының жауынгерлерінің марапаты мерекелік концертке ұласты.

Салтанат ІЛИЯШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button