Президент сайлауы - 2022Ресми

Маңызды міндет

Алдағы Президент сайлауына қатысып, еркіңді білдіру – азаматтардың негізгі конституциялық құқықтарының бірі. Яғни, еліміздегі еркін және ашық сайлау арқылы билік пен мемлекеттің құрылуының демократиялық принциптері жүзеге асырылады. Бұл, әлбетте, мемлекетті басқару процесіне және билік органдарының қалыптасуына тікелей әсер етуге мүмкіндік береді. Демек, жалпы республика ғана емес, өңірдің, аймақтың, тіпті, шағын ауылдың өзінің болашағы азаматтардың сайлауға қатысу не қатыспауына тікелей байланысты.

 

Президент сайлауы өтетін күнге де бір айдан аз уақыт қалды. Азаматтар Конституцияда көрсетілген сайлау құқығын тиісті жүзеге асырып, ел болашағын айқындау процесіне жауапкершілікпен қатысу үшін алдымен сайлау учаскесінде тіркелуі маңызды. Әдетте, бұл процесті жүзеге асыратын – уәкілетті орган. Ал, сайлаушылар болса, сайлау тағайындалған сәттен, тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Ал, егер дәл сайлау күні белгіленген мекенжайға келу мүмкіндігі болмаса, сайлаушы өзі болатын жерде дауыс беру үшін жазбаша өтініш бере алады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, дауыс беруге жиырма күн қалғанда, әкімдік учаскелік сайлау комиссияларына акт бойынша сайлаушылар тізімін ұсынады. Ал, он бес күн қалғанда тізімде бар не жоғын тексере алады. Яғни, бұл да сайлаушыға берілген құқық.

– Сайлаушылар деректерінің тізімге енгізілгенін тексеруге құқылы. Ал, аты-жөні дұрыс енгізілмесе, немесе ешқандай негізсіз тізімнен алынып тасталса да бұл сайлаушы құқығының бұзылғаны. Деректердің жаңсақ көрсетілуінің өзі дұрыс емес, – дейді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Татьяна Баталова.

Деректерді түзету үшін сайлаушы сайлау учаскесіне жазбаша өтініш беріп, ол берілген күні қаралуы тиіс.

Сонымен қатар, тұрғындарға сайлау уақытында өзгелердің сайлау құқығын жүзеге асыруға болмаса сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын да айту керек. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 150-бабында осындай жайттар орын алар болса, бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынатыны не сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылатыны туралы айтылған.

Ал, сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіру немесе заңсыз араласу салдары төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, болмаса, төрт жылға дейін бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп көрсетілген Қылмыстық кодекстің 151-бабында.

Жаза өз алдына, бұл бүтін бір сайлау учаскесінің еңбегін жоққа шығаруға алып келеді.

Мысалы, республикалық референдум өткізу кезеңінде қоғамдық бірлестік өкілі белгісіз адамның сайлау жәшігіне бірнеше бюллетень салған видеоны әлеуметтік желіге салып жіберген. Видео авторының айтуынша, жәшікке бірнеше бюллетень салған адам – учаскелік комиссия мүшелерінің бірі. Осы факт бойынша тексеру жүргізілген. Бірақ, аталған факт фейк болып шыққанына қарамастан, аталған сайлау учаскесінде республикалық референдум өткізу жарамсыз деп танылып, сайлау комиссиясының қызметі тоқтатылған. Жауапкершіліктің мұндай түрі елімізде алғаш рет осы кезде қолданылды. Мемлекет әр азаматқа мінез-құлық, өз құқығын білдіру еркіндігін бере отырып, азаматтық заңнамадан бастап, құқықтық заңнамаға дейінгі жауапкершілікті де жүктеген. Сондықтан, сайлауға барып таңдау жасау, әрі оны заңды жүзеге асыру өз еркімізде!

Салтанат ІЛИЯШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button