«Шашу апай» дауыс берді

№134 сайлау учаскесінде 2 738 сайлаушы тіркелген. Түске дейін олардың 300-ден астамы дауыс беріп үлгерді. Үйден дауыс беруге 30 адам өтініш білдірген.
Учаске төрағасы Гауһар Масалимованың айтуынша, дауыс беру барысы қалыпты. Комиссия мүшелері әр сайлаушының азаматтық құқығын жүзеге асыруына жағдай жасауға дайын.
Ал №135 сайлау учаскесінде 2 500 сайлаушы тіркелген. Түске дейін 400-ден астам адам өз таңдауын жасаған. Үйден дауыс беруге 19 азамат өтініш берген.
Учаскедегі ерекше сәттердің бірі – әр сайлау сайын құтты болсын айтып, шашу шашатын апайдың биыл да дәстүрінен жаңылмауы.
– Әр сайлау сайын , құтты болсын айтып, шашу шашып келетін апайымыз бар. Біз ол кісіні «Шашу апай» деп атаймыз. «Шашу апай» биыл да келіп, шашуын шашып, өзінің нағыз патриот екенін тағы бір мәрте көрсетті. Осындай азаматтардың ел өміріндегі науқанға ерекше ықыласпен қатысуы бізді қуантады, – дейді №135 сайлау учаскесінің төрағасы Эльмира Сисабаева.

Сондай-ақ, №135 сайлау учаскесінде көру қабілеті нашар сайлаушы да дауыс берді. Ол учаскеге ұлымен бірге келген. Сайлаушы арнайы жабдықталған кабинада дауыс беріп, бюллетеньді толтыру кезінде Брайль қарпіне негізделген арнайы мүмкіндікті пайдаланған. Ұлы белгіленген тәртіпке сәйкес бюллетень мазмұнын оқып берген. Сайлаушы дауыс беру үшін қажетті жағдайдың жасалғанына ризашылығын білдірген.
Бұл – сайлау учаскелерінде әр азаматтың таңдау құқығын жүзеге асыруына және баршаға қолайлы жағдай жасауға мән берілгенінің көрінісі.
“Ortalyq Qazaqstan”



