Аймақ

Әр дауыс маңызды

Жақып Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте 129, 130 сайлау учаскелері орналасқан. 130 сайлау учаскесінің төрағасы Майра Ақылтаеваның айтуынша, учаске ашылғанда сайлаушылар көптеп келіпті. Учаскеде тіркелген 2532 адамның қазір шамамен 200-ге жуығы дауыс беріп үлгерді.

Сурет автордан

Кіреберісте үлкен экранда екі учаске құрамындағы тұрғын үйлердің нөмірлері жазылған. Кіргенде бірден көзге түседі. Осылайша сайлаушы өзі тұратын үйді экраннан тауып, бекітілген учаскеге барып, дауыс береді.

129 сайлау учаскесінің төрағасы Соғысбай Амантайдың айтуынша, сайлаушылар үшін бар жағдай жасалыпты.

– Атап айтсақ, егде жастағы кісілер үшін арнайы буфет өнімдерін ұйымдастырдық. Зейнеткерлерге аз да болса, көтеріңкі көңіл күй сыйлағымыз келді, – дейді Соғысбай Амантай.

Ал, бізге кірген бетте жауапты мамандардың «Сәлеметсіз бе!», «Қай үйдің тұрғынысыз?» деп құрақ ұшып, қарсы алуы ұнады. Өйткені, еліміздің ертеңі үшін маңызды саяси науқанға әркім осылай өз үлесін қосуы керек-ақ.

Сонымен қатар, 12 ықшам ауданы 44 үйдің тұрғыны Аида Қанафина 130 учаскеде өмірінде алғаш рет дауыс беріпті.

– 18 жасқа толып, бүгін өмірімде алғаш рет дауыс бердім. Жауапкершілікті сезініп, ерте келдім. Мені мұндағы мамандар жылы қарсы алып, жол көрсетті. Құттықтап, естелік сыйлық табыстады. Өте қуаныштымын, – дейді Аида Қанафина.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button