Жастарға кәсіп бастауға қолдау бар
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің студенттерімен кездесіп, жастардың кәсіби дамуы, жұмысқа орналасуы және туған өлкеде жеке кәсіп ашу мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты. Кездесу барысында өңір басшысы мемлекеттік қолдау тетіктері мен облыстың экономикалық даму бағыттарына тоқталып, жас мамандар үшін ашылып жатқан мүмкіндіктерді атап өтті.

Өңір басшысы жастарды болашақта тек дайын жұмыс орнын іздеуші ретінде емес, өз кәсібін бастап, өзгелерге де жұмыс ұсына алатын белсенді азамат ретінде қалыптасуға шақырды.

– Университетті бітірген соң түйіндеме таратып, жұмысқа шақыруды күтетін қалыптасқан жол бар. Алайда, одан бөлек, оқу орнын тәмамдаған бойда өз кәсібіңді бастап, әуелі өзіңе, кейін өзгелерге жұмыс орнын ашуға болады. Менің айтпағым – екінші жол да әбден мүмкін. Және оны Қарағанды облысында жүзеге асыруға толық негіз бар. Кәсіп бастау үшін міндетті түрде зауыт салып, миллиардтаған қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Шағын өндіріс ашуға, қызмет көрсету саласында жұмыс істеуге, интернет-дүкен құруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге немесе ірі кәсіпорындардың тапсырысын орындауға болады. Мұның бәрін бастауға жастарға қажетті нақты қолдау тетіктері қарастырылған, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі кәсіпкерлікке бет бұрған жастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына да кеңінен тоқталды. Соның бірі – бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған әкім гранттары. Осындай қолдаудың арқасында өңірде түрлі шеберханалар, білім беру және түзету орталықтары ашылып, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларындағы бірқатар бастама жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, өңір басшысы жастар үшін кәсіпкерлікке жол ашатын бес негізгі бағытты атап өтті. Олар – ірі кәсіпорындармен өндірістік кооперация орнату, сауда және қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу, көлік-логистика және цифрлық технологиялар салалары.
Мәселен, шағын кәсіпорындар ірі зауыттардың тапсырыстарын орындап, жабдықтарды жөндеу немесе қажетті материалдармен қамтамасыз ету қызметтерін көрсете алады. Бұған қоса, интернет-сауданы дамытуға, жергілікті шикізаттан дайын өнім шығаруға да мүмкіндік мол. Ал, жас кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар, гранттар, оқыту курстары мен бос жұмыс орындары туралы ақпаратты Saryarqa Jastary платформасынан алуға болады.

Кездесу барысында студенттер де белсенділік танытып, өңірдің даму келешегі, жұмысқа орналасу және жастарға жасалып жатқан жағдайлар жөнінде көкейдегі сауалдарын қойды. Атап айтқанда, «Халықаралық қатынастар» мамандығының төртінші курс студенті Мәулен Мәдет жас мамандардың Астана мен Алматыға қоныс аударуын азайту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.
Бұл сауалға жауап берген облыс әкімі жастардың басқа қалаларға көшуін шектеу емес, олардың туған өлкесінде кәсіби тұрғыдан дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру маңызды екенін айтты.
– Қалаға көшу үдерісін тоқтату мүмкін емес. Оның үстіне, оған тосқауыл қоюдың қажеті де жоқ. Біздің міндетіміз – жастардың өз өңірінде жұмыс тауып, кәсіби тұрғыдан дамуына қолайлы жағдай жасау. Облыста білікті мамандарға сұраныс жоғары. Тіпті, кейбір ірі кәсіпорындар қажетті кадрларды шетелден шақыруға мәжбүр. Сондықтан, бұл мәселеде түлектердің өз ұстанымы мен таңдауы да маңызды. Біз жастардың жұмысқа орналасуымен қатар, бос уақытын мазмұнды өткізуіне де жағдай жасауға күш салып келеміз. Қазір спорт кешендері салынып жатыр. Алдағы уақытта кинотеатрлар мен театрлар ашу да жоспарымызда бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы тұрғылықты жерді таңдағанда баспанаға жұмсалатын шығынға да назар аудару қажеттігін атап өтті. Әрі облыста сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс тауып, өзге қалаға қоныс аудармай-ақ кәсіби мансап қалыптастыруға мүмкіндік жеткілікті екенін баса айтты.
Бір жарым сағатқа созылған еркін пікір алмасу барысында студенттер Қарағанды агломерациясын дамыту, экологиялық бағдарламаларды іске асыру және жеке кәсіп ашу рәсімдерін оңайлату мәселелерін де ортаға салды.

Жиында жастардың тың бастамалары да назардан тыс қалмады. «Логистика» білім беру бағдарламасының IV курс студенті Әділ Аманжолов университет қабырғасында халықаралық студенттер слетін өткізуді ұсынды. Әрі 2028 жылы Қарағанды ТМД-ның жастар астанасы мәртебесіне ие болуына байланысты мұндай басқосу айтулы жылдың мазмұнын толықтыратын маңызды шаралардың біріне айналуы мүмкін екенін жеткізді. Өңір басшысы бұл ұсынысты қолдап, бастаманы жүзеге асыру жолдарын қарастыруды тапсырды.
Кездесуден алған әсерімен бөліскен Әділ Аманжолов мұндай жүздесулердің студенттер үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Кездесу өте қызықты әрі тағылымды өтті. Осындай әңгімеден кейін аудиториядан жаңа ой түйіп, алға қойған мақсаттарыңа жетуге болатынына көз жеткізіп шығасың. Қай бағытта дамып, нені мақсат ету керегін түсінесің. Біздің өңірде білікті маман болып қалыптасуға, табысқа жетіп, қабілетіңді шыңдауға барлық мүмкіндік бар. Жастармен осындай кездесулер жиі ұйымдастырылса екен, – деді ол.
Жалпы, кездесу жастардың өңір экономикасындағы мүмкіндіктерді кеңінен танып, болашақ кәсібі мен мансаптық бағытына қатысты ой түюіне жол ашты. Бастысы, туған өлкеде табысты еңбек етіп, жеке кәсіп ашуға мүмкіндік бар. Ол үшін батыл бастама, нақты жоспар және қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалана білу қажет.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



