Отбасының тұрақтылығы – қоғамның тірегі
Отбасы – қоғамның негізі, ал, бала тәрбиесі мен ұрпақтың болашағы мемлекеттің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Отбасының берік болуы, ата-ана мен баланың құқықтарының қорғалуы, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Қазақстанның жаңа Конституциясында да отбасы институтын қорғау мен нығайтуға ерекше мән берілген.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда неке мен отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болатыны бекітілген. Ата Заңның 30-бабына сәйкес, неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті әрі тең құқықты одағы. Бұл норма отбасы құрудағы еріктілік пен ерлі-зайыптылардың тең құқықтарын конституциялық деңгейде айқындайды.
Сонымен қатар, Конституцияда балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті ретінде көрсетілген. Бұл – баланың өсіп-жетілуіне қажетті жағдай жасау, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алуына, денсаулығын сақтауға және тұлға ретінде қалыптасуына жауапкершілікпен қарау деген сөз. Ата-ананың міндеті тек материалдық қамтамасыз етумен шектелмей, баланың тәрбиесі мен болашағына қатысты мәселелерге де белсенді араласуды көздейді.
Отбасын қорғау мәселесі тек жас ұрпақпен ғана шектелмейді. Конституцияда кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндеті де белгіленген. Бұл норма ұрпақтар арасындағы сабақтастықты, үлкенге құрмет пен отбасындағы өзара жауапкершілікті құқықтық тұрғыдан бекітеді. Қарт адамдардың қолдаусыз қалмауы, олардың өмір сүруіне қажетті жағдайдың жасалуы да отбасы мен қоғамның ортақ міндеті.
Отбасы институтын нығайтуда мемлекеттік қолдау шараларының да маңызы зор. Ана мен баланы қорғау, әлеуметтік көмек көрсету, балалардың білім алуына және денсаулығын сақтауға жағдай жасау, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру – осы бағыттағы жұмыстардың негізгі құрамдас бөлігі. Конституцияда бекітілген нормалар мұндай шараларды жүзеге асырудың құқықтық негізін қалыптастырады.
Жаңа Конституцияда отбасыға қатысты құқықтар мен міндеттердің айқындалуы қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған. Ата-ананың бала алдындағы міндеті, баланың қорғалуы және үлкен буынға қамқорлық көрсету қағидаттары отбасының тұрақтылығын сақтауға негіз болады. Ал, осы құқықтық нормалардың нақты өмірде орындалуы – мемлекеттің әлеуметтік саясаты мен қоғамның ортақ жауапкершілігінің нәтижесі.
Аида РАХЫМҚҰЛ
“Ortalyq Qazaqstan”



