Заң мен тәртіп – қоғамның ортақ жауапкершілігі
Қоғамның дамуы тек экономикалық өсіммен немесе жаңа инфрақұрылымның салынуымен өлшенбейді. Оның өркениеттілік деңгейі заңға деген құрметінен, азаматтардың жауапкершілігінен және қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетінен де көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, Жаңа Конституцияның 3-бабында бекітілген заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету қағидаты айрықша мәнге ие.

Заң үстемдігі дегеніміз – барша азаматтың құқықтық нормалар алдында тең болуы. Қоғамда ешкімнің мәртебесіне, қызметіне немесе мүмкіндігіне қарай заңнан жоғары тұруына жол берілмеуі керек. Ал, тәртіп – осы талаптың күнделікті өмірдегі көрінісі. Ол қоғамдық орындардағы мәдениеттен бастап, өзгенің құқығын құрметтеу мен ортақ мүддеге жауапкершілікпен қарауға дейінгі кең ұғымды қамтиды.
Алайда, заң мен тәртіпті тек мемлекеттік органдардың міндеті ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өзгенің де құқығына құрметпен қарауы тиіс. Отбасында қалыптасқан тәрбие, мектепте берілген білім және қоғамдық ортадағы қарым-қатынас құқықтық мәдениеттің негізін қалайды.
Жаңа Конституцияда бұл қағидаттың мемлекеттік қызметтің негізгі бағыттарының бірі ретінде бекітілуі кездейсоқ емес. Өйткені заңға құрмет орныққан жерде қоғамдық сенім нығайып, әділдікке деген көзқарас қалыптасады. Ал, тәртіп пен жауапкершілік үстемдік құрған қоғамның тұрақты дамуына берік негіз қаланады.
Сондықтан, заң мен тәртіп – тек Конституцияда жазылған қағида емес, әр азаматтың күнделікті өмірінде ұстанатын ортақ ұстанымы болуы керек.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



