Жаңалықтар

Қоғамдық көлік сапасы – қала әлеуетінің айнасы

Бір бағытта автобус бес минут сайын қатынаса, енді бірінде жолаушылар лық толған көлікке сыймай, келесісін күтуге мәжбүр. Аймақта қоғамдық көлік қозғалысының осы екі көрінісі жолаушы тасымалындағы басты мәселені аңғартады. Қала көшелерінде жаңа автобустар көбейіп, бағыттар жаңартылып жатқанымен, тұрғын үшін ең маңыздысы – қажетті жеріне дер кезінде әрі қолайлы жағдайда жету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, ресурстарды тиімді басқару және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу міндеттері қойылды. Бұл тұрғыда қоғамдық көлік қызметінің сапасы қаланың даму әлеуетін айқындайтын маңызды көрсеткішке айналып отыр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Президент Жолдауында ірі қалалардың орта және ұзақ мерзімді даму жоспарларын әзірлеу, инфрақұрылымның цифрлық сыңарын қалыптастыру қажеттігі атап өтілді. Мұндай бастама көлік қозғалысын да деректер негізінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Өйткені, қоғамдық тасымал жүйесінің тиімділігі қаладағы еңбек белсенділігіне, тұрғындардың қызмет көрсету орындарына қолжетімділігіне және күнделікті уақыт шығынына тікелей әсер етеді.

Биылғы көктемде облыс орталығында 55 бағытқа жеті тасымалдаушы қызмет көрсеткен. Күн сайын желіге 500-ге жуық автобус шығып, шамамен 240 мың жолаушы сапары жасалған. Бұл көрсеткіштер қоғамдық көліктің қала тіршілігіндегі ауқымды орнын аңғартады.

Жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында жылжымалы құрамды жаңарту жалғасуда. Қазан айында қала әкімі Мейрам Қожухов жыл соңына дейін 122 жаңа автобус сатып алу жоспарланғанын хабарлады. 34 жаңа көлік бағыттарға шығарылып, тағы 20 автобус жеткізілген. Қалған 68 көлікті жыл аяқталғанша алу көзделген. Соңғы бес жылда қалалық автопарктердің жылжымалы құрамы 80 пайызға жаңартылған.

Жаңа автобустардың бір бөлігі №28 және №31 бағыттардағы көлік санын көбейтуге, №01 бағыттағы ескі автобустарды алмастыруға арналған. Сонымен қатар, №012 бағытқа сегіз автобус жеткізу жоспарланған. Мұндай өзгерістер жолаушылар көп жүретін бағыттардағы жүктемені азайтуға бағытталған.

Алайда, көлік паркін жаңарту мен қызмет сапасының жақсаруы әрдайым бір мезгілде жүре бермейді. Мәселен, биыл №29 бағытқа 22 жаңа Dongfeng автобусы сатып алынып, желідегі көлік саны 16-дан 24-ке дейін көбейтілген. Соның нәтижесінде жоспарлы қозғалыс аралығы он минуттан бес минутқа дейін қысқартылған.

Ал, №31 бағытта жағдай өзгеше өрбіді. Қыркүйек айында тұрғындар автобустардың таңертеңгі және кешкі қарбаласта шамадан тыс толатынына шағымданған. Қалалық жолаушылар көлігі бөлімінің мәліметінше, сол кезде бағытта кестеде қарастырылған 16 автобус жүрген. Жүктемені азайту үшін олардың санын 22-ге жеткізу жоспарланған.

Бұл екі мысал қоғамдық көлік жүйесіндегі маңызды мәселені көрсетеді. Автобустардың жалпы санын көбейтумен қатар, оларды жолаушылар ағынына сәйкес бөлу, қарбалас уақыттағы қозғалыс аралығын реттеу және бағыттардың нақты сұранысын ескеру қажет.

Қоғамдық көлік жұмысын жақсартудың келесі бағыты – цифрлық басқару. Қарағандыда қараша айынан бастап барлық қалалық автобустың қозғалысын бірыңғай жүйе арқылы бақылау жобасы жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңде 170 автобусқа арнайы трекер орнатылған.

Жүйе диспетчерге әр бағыттағы көліктің нақты орналасқан жерін, қозғалыс кестесінің сақталуын және белгіленген аралықтардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Мәселен, жоспар бойынша бағытқа жеті автобус шығуға тиіс болса, олардың түгел желіге шыққан-шықпағанын бірден анықтауға болады.

Жобаның келесі кезеңінде жүргізушілерге диспетчермен тікелей байланыс орнататын планшеттер беру көзделген. Автобус бұзылып, бағыттан шығып қалған жағдайда жедел хабар алмасу арқылы аялдамаларда жолаушылардың жиналып қалуының алдын алу мүмкіндігі қарастырылған. Қажет болса, қосымша көлік шығаруға жағдай жасалады.

Әйткенмен, технологияның тиімділігі орнатылған құрылғылар санымен ғана бағаланбайды. Оның нақты нәтижесі автобустардың кестені сақтауынан, қозғалыс аралығының тұрақтануынан және жолаушының күту уақытының қысқаруынан көрінуге тиіс. Сондықтан, цифрлық басқарудың алғашқы қорытындыларын осы көрсеткіштермен салыстыру маңызды.

Қоғамдық көлікті жаңғыртудың тағы бір мысалы – Теміртау қаласындағы трамвай жүйесі. Қараша айында Мемлекет басшысы танысқан жоба аясында 30 шақырым трамвай жолы қалпына келтіріліп, сегіз заманауи вагон сатып алынған. Қозғалыс қайта жанданғаннан бері трамвайлармен бір миллионнан астам жолаушы сапары жүзеге асырылған. Рельсті көліктерде электронды төлем жүйесі орнатылып, Qarmet кәсіпорнының қызметкерлері мен ардагерлеріне тегін жүру мүмкіндігі берілген.

Жолақы төлеу тәсілдері облыстың өзге қалаларында да жетілдірілуде. Ақпан айынан бастап Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларында ONAY! жүйесі арқылы Kaspi және Halyk мобильді қосымшаларымен төлем жасау мүмкіндігі енгізілді. Сол кезеңдегі мәлімет бойынша, бес қаладағы 121 бағытта 955 автобус пен жеті трамвай электронды төлем жүйесімен қамтылған.

Мұндай шешімдер тасымал қызметінің қолайлылығын арттырып, жолаушылар ағынын есепке алуға көмектеседі. Дегенмен, қоғамдық көліктің қолжетімділігі төлем тәсілімен ғана шектелмейді. Тұрғын үй алаптары мен жұмыс орындарының арасындағы қатынас, аялдамалардың жай-күйі, қозғалыс жиілігі де қала тұрғындарының күнделікті өміріне әсер етеді.

Түптеп келгенде, қоғамдық көлік – қаланың экономикалық және әлеуметтік тіршілігін байланыстырып тұрған маңызды жүйе. Оның сапасы жұмысқа асыққан азаматтың, сабаққа бет алған студенттің немесе емханаға бара жатқан зейнеткердің күнделікті қажеттілігінен көрінеді. Сондықтан, Президент Жолдауында айқындалған инфрақұрылымды жаңғырту міндетін жүзеге асыруда жаңа көлік сатып алумен қатар, оның тұрақты әрі тиімді қызмет көрсетуіне басымдық берілуі тиіс. Өйткені, қоғамдық көліктің шынайы әлеуеті – тұрғынның уақытын үнемдеп, қаланың әрбір бөлігіне қолайлы қатынас орната білуінде.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button