Михаил Шайдоров – ҰОК орденінің иегері
Кеше Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас ассамблеясы өтті. Жиында ұйымның 2024-2026 жылдар аралығындағы жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды. Сондай-ақ, бірқатар ұйымдастыру мәселелері бойынша шешімдер қабылданды. Бас ассамблеяға Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Атқарушы комитет мүшелері және ұлттық спорт федерацияларының өкілдері қатысты. Бас ассамблея соңында отандық спорт пен Олимпиадалық қозғалыстың дамуына үлес қосқан азаматтарды марапатталды, деп хабарлайды Оrtalyq.kz olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Геннадий Головкин жиынды ашып, 2024 жылғы ақпанда ҰОК президенті болып сайланғаннан бергі атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелеріне тоқталып, алдағы жылдардағы міндеттерді атап өтті. Осы кезеңде Қазақстан ҰОК ұлттық делегацияның тоғыз ірі халықаралық кешенді спорттық жарысқа қатысуын ұйымдастыруға қолдау көрсетті.
– ҰОК-нің басты міндеттерінің бірі – ұлттық делегацияның халықаралық ойындарға қатысуына жағдай жасау. Сондықтан, біз дайындық жұмыстарын алдын ала бастауды, халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатуды және спортшылардың жарысқа алаңсыз дайындалуы үшін қажетті мәселелердің барлығын уақытылы шешуді басты назарда ұстаймыз.
Сонымен қатар, ұлттық делегацияның жарыстарға қатысуын ұйымдастыру тәсілдерін үнемі жетілдіріп келеміз. Соның бірі Халықаралық Олимпиадалық комитетінің жоғары бағасына ие болды. Атап айтқанда, ХОК Қазақстан ҰОК әзірлеген Олимпиада делегацияларының мүшелерімен жасалатын келісімдер жүйесін үздік тәжірибелердің қатарына қосып, оны басқа Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге де ұсынды, – деді Геннадий Головкин.
Халықаралық федерациялармен байланысты нығайту елімізге ірі спорттық жарыстарды өткізуге де жол ашып отыр. 2027 жылы Қазақстанда бокстан, дзюдодан, үстел теннисі мен таеквондодан әлем чемпионаты, шорт-тректен жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі және мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты өтеді. Бұған қоса, Қазақстан ҰОК, мемлекеттік органдар мен спорт федерацияларының бірлескен жұмысының нәтижесінде 2029 жылғы X қысқы Азия ойындарын Алматыда өткізу құқығына ие болдық.

– Мемлекеттік органдармен, федерациялармен және ұйымдастырушылармен бірлесе отырып, бұл ойындарды жоғары деңгейде өткізіп қана қоймай, оның ел спортының дамуына берер пайдасын да ойластыруымыз қажет. Атап айтқанда, қысқы спорт түрлерін дамыту, білікті мамандар даярлау және спорт нысандарын тиімді пайдалану маңызды, – деп атап өтті Қазақстан ҰОК президенті.
Бас ассамблеяда Бас хатшы Әлімжан Ақаев Қазақстан ҰОК-нің 2024-2026 жылдардағы қызметі туралы есеп берді. Сонымен қатар, Алматының 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындығы туралы Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті, Қазақстан ҰОК Атқарушы комитетінің мүшесі Кудрәт Шамиев баяндады. Қазақстан Ұлттық допингке қарсы орталығының директоры Майра Бақашева ҰОК-пен бірлескен жұмыстардың нәтижелері мен спорттағы допингке қарсы күрестің алдағы бағыттарын таныстырды.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, Бас ассамблея Қазақстан ҰОК-нің 2025 жылғы шоғырландырылған қаржылық есебін қарап, бекітті. «Эрнст энд Янг» аудиторлық компаниясының серіктесі Гүлдария Зарипова жиынға қатысушыларды тәуелсіз аудит қорытындысымен таныстырды.

Бас ассамблея соңында отандық спорт пен Олимпиадалық қозғалыстың дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Марапаттарды Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин табыстады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ең жоғары марапаты – ҰОК орденімен 2026 жылы ел тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров марапатталды.
Данияр Қасқарауов «Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» I дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.
Ауыр атлетикадан ұлттық құрама өкілдері Александр Уваров пен Алексей Чуркин, сондай-ақ таеквондодан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес II дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.

Таеквондодан жастар арасында әлем чемпионы Айым Серікбаева Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қазақстан Таеквондо федерациясының бас хатшысы Арал Садықов «Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» I дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.
Шымкент қаласының Таеквондо федерациясының президенті Олжасхан Уәлихан мен Түркістан облыстық Таеквондо федерациясының президенті Елдос Ахметов II дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



