Бас тақырыпЖаңалықтар

Сабаққа келмеудің себебі не?

Бір оқушының сабаққа келмеуінде әлеуметтік мәселе тұруы мүмкін. Кейде бұл – отбасындағы қиындықтың, кейде мектептегі буллингтің белгісі. Мұндай жағдайларды назардан тыс қалдырмау үшін Қазақстанда балаларды есепке алу және мектептегі әлімжеттіктің алдын алу қағидалары жаңартылды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Баланың білім алу құқығы мектеп табалдырығын аттаумен шектелмейді. Оның сабаққа тұрақты қатысуы, қауіпсіз ортада білім алуы және дер кезінде қолдау көруі де маңызды. Осы бағытта Қазақстанда балаларды есепке алу және мектептегі буллингтің алдын алу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Алдымен, бір мәселенің басын ашып алған жөн. Қоғамда жаңа өзгерістерге байланысты сабақтан жиі қалатын оқушылар арнайы есепке жаңадан алына бастайды деген түсінік қалыптасты. Алайда, Оқу-ағарту министрлігі бұл ақпаратты нақтылады. Министрлікке қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Альбина Залмұқанованың айтуынша, сабаққа дәлелді себепсіз жүйелі түрде қатыспайтын оқушылар туралы мәліметтер Ұлттық білім беру деректер қорына бұрыннан енгізіліп келеді.

– Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алу қағидалары 2017 жылғы 11 шілдедегі №324 бұйрықпен бекітілген. Содан бері оған бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Қараша айында қолданыстағы қағидаларға енгізілген кезекті түзетулер күшіне енеді. Атап айтқанда, олардың тұжырымдары жаңа Конституцияға сәйкес келтірілді. Бұл түзетулер сабаққа қатыспайтын оқушыларды арнайы есепке алуды көздемейді және редакциялық сипатқа ие, – деп түсіндірді Альбина Залмұқанова.

Өзгерістің негізгі мәні – бұрыннан жүргізіліп келе жатқан жұмысты жаңа талаптарға сәйкестендіру. Ал сабаққа қатыспайтын балаларды анықтау, олардың жағдайын зерделеу және білім алуына жағдай жасау – білім беру ұйымдары мен жергілікті органдардың тұрақты міндеті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және сапалы білім алуына жағдай жасау мәселелеріне басымдық берді. Бұл бағыттағы міндеттер баланың мектепке тұрақты қатысуын бақылаумен ғана шектелмейді. Оқушының қандай да бір қиындыққа тап болғанын дер кезінде анықтап, оған психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, сабақтан себепсіз қалатын балаларды анықтау және буллингтің алдын алу тетіктерін жетілдіру – мемлекет айқындаған бала құқығын қорғау саясатының маңызды бөлігі.

Қарағанды облысында да сабақтан жүйелі түрде себепсіз қалатын оқушылар туралы мәліметтер аудандық және қалалық білім бөлімдерінің ақпараты негізінде қалыптастырылады. Облыстық білім басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Индира Искакованың айтуынша, оқушылардың нақты саны жергілікті полиция органдарымен бірлесіп жүргізілетін ай сайынғы салыстыру қорытындысы бойынша нақтыланады.

– Аудандық және қалалық білім бөлімдері жергілікті полиция органдарымен бірлесіп, ай сайын 10 және одан да көп күн сабақтан себепсіз қалған оқушыларды анықтау және мәліметтерді салыстыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл ретте баланың тұрғылықты жері, сабаққа қатыспау себептері мен отбасылық жағдайы нақтыланады. Ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, оқушыны оқу процесіне қайтару және сабаққа тұрақты қатысуын қамтамасыз ету шаралары қабылданады. Қазіргі уақытта Ұлттық білім беру деректер қорында Қарағанды облысының жалпы білім беретін мектептерінің 1-11 сыныптарында оқитын 176 мыңнан астам оқушы туралы мәлімет қамтылған. Бұл көрсеткіш 0-18 жас аралығындағы барлық баланы емес, мектеп оқушыларын ғана қамтиды. Сонымен қатар, ерекше назар аударуды қажет ететін кәмелетке толмағандарды ерте анықтау, оларға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету мақсатында білім беру ұйымдары полиция бөлімдерімен бірлесіп педагогикалық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмыс Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 29 сәуірдегі №104-НҚ бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Құжатта балаларды белгілі бір өлшемшарттар бойынша есепке алу қарастырылған, олардың қатарында академиялық үлгермеушілік те бар. Жаңа нормативтік-құқықтық актілерді енгізу бойынша білім басқармасы Психологиялық қолдау орталығымен бірлесіп, тамыз конференциясы аясында облыс өңірлерінде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Кездесулер барысында практикалық жағдайлар талқыланып, білім беру ұйымдарына профилактикалық жұмысты ұйымдастыру және жетілдіру бойынша әдістемелік көмек көрсетілді, – дейді Индира Искакова.

Баланы есепке алу жұмысының түпкі мақсаты жазалау емес, оның сабаққа қатыспауына себеп болған жағдайларды анықтап, тиісті көмек көрсету екенін ескерген жөн. Сабақтан қалудың артында отбасындағы әлеуметтік қиындықтар, психологиялық қысым, оқу үлгеріміндегі кедергілер немесе өзге де мәселелер тұруы мүмкін. Сондықтан әрбір жағдайға жеке қарап, баланың мүддесін бірінші орынға қою маңызды.

Жаңартылған қағидалар мектептегі буллингтің алдын алу және оған ден қою тәртібін де қамтиды. Атап айтқанда, білім беруді басқару органдарына буллинг туралы ақпарат түскен жағдайда оны бір жұмыс күні ішінде тіркеу міндеті жүктеледі. Сонымен қатар, білім беру ұйымдары жәбірленген балаға психологиялық қолдау көрсетіп қана қоймай, буллинг жасаған оқушымен де жеке жұмыс жүргізуі тиіс. Мұндай жағдайда балаларды әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу және жағдайды ушықтырмай шешу маңызды.

Мектептегі әлімжеттік көбіне сырт көзге байқала бермейді. Кейде оқушының сабаққа келмеуі, үлгерімінің төмендеуі немесе мінез-құлқының өзгеруі оның қандай да бір қиындыққа тап болғанын аңғартуы мүмкін. Сондықтан мұғалімдер мен ата-аналар баланың көңіл күйіне, мектептегі қарым-қатынасына назар аударуы қажет.

Жалпы, жаңа өзгерістердің мәні – балалардың білім алу құқығын қорғау, сабақтан қалу себептерін ерте анықтау және буллинг жағдайларына уақытылы ден қою. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі есепке алынған балалардың санымен ғана емес, олардың мәселесі қаншалықты шешіліп, мектепке қайта оралуына және қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасалғанымен өлшенуі тиіс.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button