«Халықтық құрылыс» отандық өнімге серпін бере ме?
Құрылыс саласына бағытталған қомақты қаржы ел экономикасына нақты пайда әкелуі тиіс. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен қатар, құрылысқа қажетті металл конструкцияларды, материалдар мен инженерлік жабдықтарды отандық кәсіпорындарда өндіруге басымдық берді. «Халықтық құрылыс» бастамасының экономикалық мәні де осында. Яғни, жаңа нысандар бой көтеріп қана қоймай, олардың құрылысына қажетті өнімді өз елімізде шығаратын кәсіпорындар да дамуы керек.

Бұл бағытта Қарағанды облысының өндірістік әлеуеті жоғары. Металлургия, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру салаларында жұмыс істейтін кәсіпорындар жаңа тапсырыстарды орындауға мүмкіндік алады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл өңір кәсіпорындары өнім жеткізу бойынша жалпы сомасы 340 млрд теңгеге жуық ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасқан. Оның ішінде, Qarmet компаниясымен жасалған меморандум аясында облыстың 58 кәсіпорнына 100 млрд теңгеге тапсырыс орналастыру көзделген. Бірінші жартыжылдықта 65,5 млрд теңгенің өнімі жеткізілген. Сонымен қатар, 338 млрд теңгеге алты офтейк-келісімшарт пен тоғыз ұзақ мерзімді келісім жасалған.
Өндірістік мүмкіндіктің нақты мысалы ретінде Саран қаласындағы «Karaganda Insulation» кәсіпорнын атауға болады. Биыл қазан айында мұнда тас мақта өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Жобаға 67 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын жылына 1,2 млн текше метрге дейін жылу оқшаулағыш материал өндіруге қауқарлы. Өнім тұрғын үйлер, қоғамдық ғимараттар мен өнеркәсіптік нысандар құрылысында қолданылады. Зауытта 186 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Маңыздысы, өндірісте жергілікті шикізат, соның ішінде Балқаш маңындағы кен орнынан алынатын тау жыныстары пайдаланылады.
Металл конструкцияларын өндіру бағытында да өңірде нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «STAR BUILDING INVEST» кәсіпорны қаңқалы ғимараттарға арналған жеңіл болат конструкцияларын жобалаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның жобалық қуаты айына 600 тонна өнім шығаруға жетеді. Мұнда 33 адам еңбек етеді. Компания іске қосылған уақыттан бері сегіз ірі жобаны жүзеге асырған. Олардың қатарында Saran индустриялық аймағындағы полиэтилен құбырлары зауыты мен Qarmet компаниясына арналған отқа төзімді материалдар қоймасының құрылысы бар. Кәсіпорын алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, өндірістік қуатын толық пайдалануды мақсат етіп отыр.
Ал, Теміртаудағы Qarmet металлургиялық комбинаты құрылыс саласына қажетті металл өнімдерін шығаруды кеңейтпек. Қазір мұнда жаңа сұрыпты прокат кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жоба іске қосылғанда жылына 540 мың тоннадан астам дайын өнім өндіруге мүмкіндік туады. Атап айтқанда, жоғары беріктігі бар А600 және А1000 санатындағы арматура, бұрыштық профильдер, швеллерлер және өзге де металл бұйымдары шығарылады. Кешенді 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Дегенмен, өндірістік қуаттың болуы мен нақты тапсырыстың берілуі – екі бөлек мәселе. Сондықтан, «Халықтық құрылыс» аясында жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндігін алдын ала бағалап, мемлекеттік және жеке құрылыс жобаларында отандық өнімге басымдық беру маңызды. Сонымен бірге, өнім сапасы, бағасы мен жеткізу мерзімі де талапқа сай болуы керек.
Түптеп келгенде, «Халықтық құрылыс» тек әлеуметтік нысандар салумен шектелмеуі тиіс. Оның тиімділігі жаңа ғимараттардың ел игілігіне берілуімен қатар, сол құрылыстарға қажетті материалдардың Қарағандыда өндіріліп, жергілікті кәсіпорындардың тапсырыс алуымен де өлшенеді. Сонда құрылысқа бөлінген қаражат өңір экономикасына қайта оралып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және отандық өндірістің нығаюына қызмет етеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



