МедицинаЖаңалықтар

Өңірдегі 118 медицина ұйымы телемедицинаға көшті

Өңірдің шалғай ауылдарында тұратын жұртты енді бейінді дәрігердің кеңесін алу үшін облыс орталығына жөнелтудің қажеті жоқ. Кардиолог, эндокринолог, онколог және басқа да мамандардың көмегіне ауылдағы медициналық ұйым арқылы-ақ жүгінуге болады. Бүгінде өңірдегі 118 ауылдық медициналық ұйым телемедицина жүйесімен жұмыс істеп тұр. Ал, жоба іске қосылғалы бері қашықтан 4 312 консультация өткізілген. Жүйенің тиімділігі мен алдағы міндеттер облыс әкімдігінде өткен цифрландыру мәселелеріне арналған кеңесте жан-жақты талқыланды.

Суреттер облыс әкімдігінен

Бұрын ауыл тұрғындарына облыстық деңгейдегі дәрігерге қаралу үшін аудан немесе қала орталығына баруға тура келетін. Бұл уақытты алып, жол шығынын арттыратын. Әсіресе тұрақты дәрігерлік бақылауға мұқтаж егде жастағы жандар мен созылмалы дерті бар науқастарға мұндай сапарлар ауыр тиетін. Қазір жағдай өзгерді. Ауыл дәрігерлері облыстық әрі аудандық клиникалардағы әріптестерімен тікелей байланыса алады. Олар науқастың медициналық деректерін жолдап, жағдайын бірге талқылайды және әрі қарайғы ем-дом бойынша нақты ұсыным алады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев телемедицинаның шалғай елді мекендер үшін маңызы зор екенін атап өтті:

– Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін облыс орталығына бару – тек уақыт жоғалту емес, қосымша шығын. Телемедицина осы мәселелердің бір бөлігін шешуге мүмкіндік береді. Енді бейінді маманның кеңесін өз ауданынан шықпай-ақ алуға болады. Біздің міндетіміз — сапалы медициналық көмекті облыстың әрбір тұрғыны үшін қолжетімді ету, – деді өңір басшысы.

Мониторинг нәтижесі көрсеткендей, қашықтан берілетін кеңес саны жағынан Бұқар жырау ауданы алда келеді. Мұнда 1 664 консультация өткізілген. Одан кейінгі орындарда Осакаров (934), Шет (568), Нұра (514) және Қарқаралы (419) ауданы тұр.

Облыстық медициналық ұйымдардың мамандары да қашықтан қабылдауға белсенді атсалысуда. Бұл бағытта облыстық клиникалық аурухана көш бастап тұр. Бұл аурухананың дәрігерлері 1 086 консультация берген. Сондай-ақ, облыстық кардиологиялық орталықтың 359 маманы, облыстық балалар ауруханасының – 310, №3 онкологиялық орталық – 218 маманы кеңес өткізіпті.

Ауыл тұрғындары арасында әсіресе эндокринолог пен кардиологтың көмегіне сұраныс жоғары. Одан бөлек, онколог, невролог, травматолог және гастроэнтеролог мамандарға жүгінетіндер де аз емес. Телемедицина мүмкіндігін негізінен ересектер мен егде жастағы тұрғындар пайдаланады екен. Ал, әйелдердің өтініші ерлерге қарағанда шамамен екі есе көп.

Дегенмен мамандар қашықтан консультация беру дәрігердің дәстүрлі қабылдауы мен толық тексерулерін алмастырмайтынын ескертеді. Егер науқасты тікелей қарап-тексеру, қосымша талдау тапсыру немесе емшара жасау қажет болса, олар тиісті медициналық ұйымда жүргізіледі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button