«Сарыарқа» сырт алаңда «Ақтөбені» жеңді
Хоккейден Pro Hokei Ligasy тұрақты чемпионаты жалғасуда. Кезекті тур аясында қарағандылық «Сарыарқа» сырт алаңда «Ақтөбе» клубымен кездесіп, екі ойында да жеңіске жетті. Алғашқы матчта жерлестер 2:1 есебімен басым түссе, қарымта кездесуде қарсылас қақпасына жауапсыз екі шайба салды.

Бұған дейін жерлестер атыраулық «Бейбарыс» клубымен өткен кездесулерде ұпай жоғалтқан еді. Бұл жолы ойын тактикасына бірқатар өзгеріс енгізген сыңайлы. Жерлестер қорғаныста барынша сақ ойнап, шабуылда да белсенділік танытты. Әсіресе, қос қапталдан ұйымдастырылған шабуылдар нәтижелі болды. Дегенмен, алғашқы кезеңде екі команда да есеп аша алмады.
Кездесудің екінші бөлігінде «Сарыарқа» сапынан Эдгарс Сиксна мергендігімен көзге түсті. Ал, 50-ші минутта Иван Степаненко қарсылас қақпасынан саңылау тауып, есеп айырмасын екі шайбаға жеткізді. Айдын иелері 55-ші минутта есепті қысқартқанымен, таразы басын теңестіре алмады. Осылайша, алғашқы матч 2:1 есебімен жерлестердің пайдасына шешілді.
Қарымта кездесуде қарағандылықтар ойын тізгінін өз қолына алды. Кездесудің 13-ші минутында Виталий Божко есеп ашса, араға алты минут салып Артем Лихотников екінші шайбаны соқты. Бұдан кейін қос команда да есепті өзгерте алмады. Нәтижесінде, «Сарыарқа» екінші ойында да жеңіске жетіп, сырт алаңнан толық ұпаймен оралды.

– Ойын ойдағыдай өтті. Дегенмен, алғашқы кездесуде аздап шаршағанымыз байқалды. Бұған дейін «Бейбарыспен» өткен матчтардан кейін әлі толық қалпымызға келе қойған жоқпыз. Соған қарамастан, «Ақтөбені» сырт алаңда жеңіп, маңызды ұпайларға қол жеткіздік. Ал, қарымта кездесуде ойын мүлдем басқаша өрбіді. Мүмкіндіктеріміз көп болғанымен, екі шайба ғана соға алдық. Енді осы қарқынды сақтап, алдағы ойындарға дайындаламыз, – деді команда қорғаушысы Виталий Люлько.
Қазіргі таңда «Сарыарқа» турнир кестесінде 43 ұпаймен IV орында келеді. Көш басында 54 ұпай жинаған өскемендік «Torpedo» тұр. Екінші сатыдағы көкшетаулық «Арланның» еншісінде 47 ұпай бар. Ал, үздік үштікті 43 ұпаймен елордалық «Nomad Astana» түйіндеп тұр.
Енді қарағандылықтар турнир кестесінің көшбасшысы өскемендік «Torpedo» командасын өз айдынында қабылдайды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



