Ресми

AUYL ART FEST: ауыл балаларына үлкен сахнаға жол ашылады

Ауылда туып-өскен талантты баланың өнерін танытуға мүмкіндік оның тұрғылықты жеріне немесе отбасының қаржылық жағдайына байланысты болмауы керек. Өйткені, өнерге қабілетті жас үшін ең маңыздысы – өз дарынын көрсетуге берілген мүмкіндік. Осы мақсатты көздейтін AUYL ART FEST вокалдық байқауы ауылдық жерде тұратын балалар мен жасөспірімдерге үлкен сахнаға жол ашуды көздейді.

Сурет auyl.kz

Жобаның басты ерекшелігі – оған тек ауылдық елді мекендердің 7-18 жас аралығындағы тұрғындары қатыса алады. Мұндай талап ауыл балаларының өнерін әділ бағалауға және олардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған. Себебі, қаладағы замандастарымен салыстырғанда ауыл балаларының музыка мектептеріне, кәсіби вокал педагогтеріне және шығармашылық ортаға қол жеткізу мүмкіндігі әрдайым бірдей бола бермейді. Ал, AUYL ART FEST осы кедергілерді азайтып, жас таланттарға тең мүмкіндік ұсынуды мақсат етеді.

Байқаудың тағы бір артықшылығы – қатысушылардың алғашқы іріктеу кезеңінен өту үшін арнайы орынға баруының қажеті жоқ. Ұйымдастырушылар үміткерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында цифрлық платформа әзірлеген. Соның арқасында балалар өз ауылынан шықпай-ақ, ән орындаған сәтін бейнежазбаға түсіріп, онлайн түрде жолдай алады. Қатысушылардың өнерін кәсіби мамандар бағалайды. Іріктеу жұмыстарына Батыржан Смақов бастаған, құрамында Қазақстанның белгілі мәдениет қайраткерлері бар қазылар алқасы қатысады.

Байқау жеңімпаздары үшін де тың мүмкіндіктер қарастырылған. Олар Италияда өтетін халықаралық музыкалық жобаларға қатысу мүмкіндігіне үміткер бола алады. Ал, мұндай сапардың нақты шарттары мен талаптары қосымша жарияланады.

AUYL ART FEST байқауына қатысу – тегін. Өтінімдер 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін қабылданады. Ол үшін үміткердің ата-анасы немесе заңды өкілі auyl.kz платформа арқылы өтінім беріп, эстрадалық не көпшілікке танымал әнді орындаған бейнежазбасын тіркеуі қажет.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button