Спорт

ALGA! жобасының ауқымы кеңейеді

Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының (QOFA) өкілдері Teach for Qazaqstan білім беру жобасы аясында ұйымдастырылған кездесуге қатысты. Жиын барысында жобаға қатысатын мектептердің директорлары және директор орынбасарларымен кездесіп, пікір алмасты. Айта кетейік, Teach for Qazaqstan – Freedom «Шапағат» қорының қолдауымен Қарағанды мен Абай облысында ғана жүзеге асырылып жатқан білім беру бастамасы. Яғни, шағын қала мен ауылдық елді мекендердегі педагог тапшылығын азайтып, білім беру сапасын арттыру мақсатында қолға алынған бағдарлама. Осы бағдарлама аясында педагогикалық білімі жоқ жоғары оқу орындарының түлектері мұғалімдік қызметке тартылып, арнайы даярлықтан өтеді. Одан кейін, олар білім беру ұйымдарында, әсіресе, педагог кадрлар тапшы мектептерде еңбек етіп, оқушылардың сапалы білім алуына үлес қосатын болады.

Сурет QOFA

Қауымдастық өкілі Ғалымжан Қырықбай жиынға қатысушыларға QOFA қызметінің негізгі бағыттары, өңірде балалар футболын дамыту жұмыстары және ALGA! жобасының жасөспірімдерге беретін мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады. Әсіресе, Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының Тимур Турлов пен Freedom қолдауымен жүзеге асырып жатқан ALGA! жобасын кеңінен таныстырып, кеңінен тоқтады. Ал, кездесу соңында қатысушылар ALGA! жобасының аясын кеңейтіп, оны Teach for Qazaqstan бағдарламасына қатысатын мектептерде дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, футбол сабақтарына көбірек оқушы тартып, балалардың спортқа қызығушылығын арттыруға, білім беру ұйымдарында бұқаралық футболды қолжетімді ету жолдары қарастырылды.

– Балалар мен мұғалімдердің адами капиталын дамытуға біз сияқты үлес қосқысы келетін адамдармен кездесу әрдайым шабыттандырады. Білім беру саласының өкілдері ALGA! жобасына сырт көзбен қалай қарайтынын тыңдау мен үшін қызықты болды. Олардың жобаны жай ғана футбол үйірмесі емес, спорт арқылы балалардың ұйымшылдығын, жауапкершілігін және білуге деген құштарлығын дамытудың мүмкіндігі ретінде қабылдағаны ерекше қуантты. Біздің де көздейтін мақсатымыз – осы, – деді ол.

Айта кетейік, Қарағанды облысындағы үш білім беру ұйымы бүгінде аталған екі жобаға да қатар қатысып келеді. Олардың қатарында Балқаш қаласындағы №12 жалпы білім беретін мектеп, Абай қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы қосымша білім беру мектеп-орталығы және Ғ.Мұстафин кентіндегі Токаревка тірек мектебі бар. Екі бастаманы қатар жүзеге асырып отырған мектептердің тәжірибесі де кездесуде кеңінен сөз болды. Мектеп өкілдері мен жоба ұйымдастырушылары білім беру және спорт бағытындағы мүмкіндіктерді өзара ұштастырып, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау жолдарын талқылады.

«Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының өңірлік өкілі Александр Урмашов QOFA мен Teach for Qazaqstan ұйымдарының қызмет бағыттары әртүрлі болғанымен, көздеген мақсаты ортақ екенін атап өтті.

– Жұмыс бағыттарымыз әртүрлі болғанымен, QOFA мен Teach for Qazaqstan ұйымдарын балалар мен мектеп қауымдастықтарының дамуына көбірек мүмкіндік жасауға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді. QOFA футболды тек физикалық дамудың құралы ретінде ғана емес, балалардың бойында жауапкершілік, тәртіп, көшбасшылық және командада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырудың тиімді жолы ретінде қарастырады. Бізге мұндай тәсіл ерекше жақын. Екі ұйымның тәжірибесін ұштастыру арқылы балалар мен педагогтерге қосымша мүмкіндіктер ұсынып, білім мен тәжірибе алмасуға, мектеп қауымдастықтарын бірлесе дамытуға жол ашылады. Мұндай ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Ол ұзақ мерзімді оң өзгерістердің негізіне айналады деп сенеміз, – деді Александр Урмашов.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button