Бас тақырып

Мал шаруашылығы – экспорт әлеуетінің көзі

Мемлекет басшысы мал шаруашылығын дамытуды аграрлық саясаттың маңызды бағыты ретінде айқындады. Мемлекеттік қолдау мен кредиттеудің кеңеюі саланың жаңаруына және асыл тұқымды мал сатып алуға ықпал етеді.

Сурет baq-orda.kz

– Өткен жылдан бері 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, 33 бордақылау алаңы салынды. Олардың тиімді жұмыс істеуі үшін сапалы жемшөп пен суға қолжетімділікті, өнімнің тұрақты өткізілуін қамтамасыз етіп, жайылымдарды қалпына келтіру және егістік жер көлемін ұлғайту қажет. Саланы дамыту бүкіл өндірістік тізбекті – жемшөп базасынан бастап өнімді өңдеу мен өткізуге дейінгі кезеңдердің бәрін қамтуға тиіс.

Қазақстан Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының қарарына сәйкес аусылдан таза ел мәртебесін алды. Бұл ет пен мал шаруашылығының басқа да өнімдерін экспорттауға қосымша мүмкіндіктер ашады. Осы нәтижені бекіте түсу үшін мал басын есепке алу жүйесін, зертханалық диагностика мен ветеринариялық бақылауды жаңғыртып, отандық өнім экспортына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елге ауылдарды дамытуға қаржы салып, ауылдастарының әл-ауқатын ойлайтын адал фермерлер мен ұқыпты шаруалар қажет екенін мәлімдеді. Президент ауыл шаруашылығы алқаптарынан табыс таба тұра, ірі қалаларда немесе шетелде тұратын, өз шаруашылықтарына бармайтын және әлеуметтік жауапкершілік танытпайтын жер пайдаланушыларды сынға алды.

– Мемлекет туған ауылдарын дамытуға қаржы салып, ауылдастарының тұрмысын жақсартуға қамқорлық жасайтын адал фермерлер мен ұқыпты шаруаларды әрдайым қолдап келді және қолдай береді. Алайда жерден табыс тауып, өздері үлкен қалаларда, тіпті шетелде тұратын кәсіпкерлер бар. Олар өз шаруашылықтарына да бармайды. Көбіне олар әлеуметтік жауапкершілік пен отандастарына жанашырлық танытуға жеткілікті мән бермейді, адамдардың мұң-мұқтажы мен арман-тілегін де жете біле бермейді. Сонда жерден де, халықтан да алшақ жүрген осындай аграршылар бізге қажет пе деген сұрақ туындайды.

Меніңше, жауабы айқын: қажет емес. Қажеті жоқ болса, әңгіме де жоқ деген сөз. Ендеше шара қабылдау керек. Әрине, заң аясында. Жерден де, халықтан да алшақ жүрген мұндай аграршылар бізге қажет емес. Ауыл шаруашылығында кәсіпкерлікпен айналысатындардың бәрі ең алдымен ауылдағы өмір сүру сапасын арттыруды ойлауға тиіс. Жер тек пайда табудың көзіне айналмауға тиіс. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің шынайы отаншылдығы жұмыс орындарын ашуынан, шаруашылығын дамытуынан және адамдарға қамқорлығынан көрінеді. Міндеттерін адал атқармайтын жер пайдаланушыларға қатысты заң талаптарына қатаң сәйкес шара қабылдау қажет, – деп атап өтті Президент.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button