Жаңалықтар

Әділетті қоғам – баянды болашақ кепілі

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Елдің қоғамдық-саяси және құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған Ата Заңда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға, мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілікті арттыруға басымдық берілген. Бір палаталы Құрылтайдың құрылуы, Қазақстан Халық Кеңесінің жасақталуы, Вице-президент лауазымының енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды өзгерістердің қатарын толықтырды. Ал, осы жаңғырулардың түпкі нәтижесі халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының жақсаруынан көрінуге тиіс.

Сурет Ақордадан

Конституцияның басты құндылығы – адам мүддесін қорғауында. Бұл, әсіресе, тұрғын үймен қамтамасыз ету және денсаулық сақтау салаларындағы әлеуметтік кепілдіктерден айқын байқалады. Өйткені, баспаналы болу мен сапалы медициналық көмек алу – әр отбасының тұрақты өмір сүруіне тікелей әсер ететін маңызды қажеттіліктер.

Жаңа Конституцияның 28-бабында тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы бекітіліп, азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге жағдай жасау міндеті айқындалған. Осы бағытта Қарағанды облысында да бірқатар жұмыс атқарылуда. Республика күні қарсаңында Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде 18 отбасы жаңа екі қабатты үйден пәтер кілтін алды. Қоныстанушылар қатарында мүгедектігі бар адамдар, толық емес және көпбалалы отбасылар бар. Пәтерлер толық әрленіп, инженерлік желілерге қосылған.

Сонымен қатар, өңірде тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру мен баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдау мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында облыста 291,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,2 пайызға аз.

Баспана алуға мүмкіндік беретін тетіктердің бірі – сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер. Мәселен, Саран қаласының «Химик» шағынауданында 116 пәтер бастапқы жарнасыз, 20 жылға дейінгі мерзіммен және жылдық 3,1 пайыздық мөлшерлемемен ұсынылды. Теміртау қаласында да осындай шарттармен 30 пәтер беру көзделген. Мұндай бағдарламалар бастапқы қаражат жинауға мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетеді. Дегенмен, баспананың қолжетімділігі отбасының ай сайынғы төлемді өтеу мүмкіндігімен де өлшенуі керек.

Тұрғын үй мәселесі пәтер берумен шектелмейді. Құрылыс сапасы, нысандардың уақытында тапсырылуы, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі де маңызды. Мектеп, балабақша, емхана мен көлік қатынасы қатар дамығанда ғана жаңа шағынаудандар тұрғындарға қолайлы ортаға айналады.

Әлеуметтік кепілдіктердің келесі маңызды бағыты – денсаулық сақтау. Жаңа Конституцияның 32-бабы азаматтардың денсаулығын сақтауға және заңда белгіленген медициналық көмекті ақысыз алуға құқығын бекітеді. Бұл құқықтың нақты жүзеге асуы медициналық ұйымдардың қолжетімділігіне, дәрігерлердің біліктілігіне және қажетті емнің уақытында көрсетілуіне байланысты.

Қарағанды облысында ауыл медицинасының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, ауылдық елді мекендерде 92 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның 51-і Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынған. Бұқар жырау ауданындағы Гагарино ауылының дәрігерлік амбулаториясы соның бірі. Ол бір жарым мыңнан астам тұрғынға, оның ішінде 400-ден астам балаға қызмет көрсетеді. Мұнда консультациялық-диагностикалық көмек, күндізгі стационар, физиотерапия және оңалту қызметтері қарастырылған.

Ауыл медицинасының дамуы шалғайдағы тұрғындардың уақытын үнемдеп қана қоймай, қажетті көмекті тұрғылықты жеріне жақын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте телемедицинаның да маңызы артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, облыстағы 117 ауылдық медициналық ұйымда қашықтан кеңес беру технологияларын енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Мұндай мүмкіндік ауыл дәрігерлеріне облыстық орталықтардағы бейінді мамандармен байланыс орнатып, науқастың жағдайын бірлесіп бағалауға жол ашады.

Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің орны ерекше. Облыс әкімдігінің бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жариялаған мәліметінде өңір тұрғындарының МӘМС жүйесімен қамтылуы 88,7 пайызға жеткені көрсетілген. Алайда, сақтандыру мәртебесінің болуы ғана жеткіліксіз. Азаматтың қажетті маманға уақытында жазылып, зерттеуден өтіп, емін үзбей жалғастыруына мүмкіндік болуы қажет.

Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір маңызды мәселе – білікті мамандар даярлау мен күрделі медициналық көмектің сапасы. Қарағандыда туа біткен ауыр жүрек ақауы бар 19 күндік нәрестеге жасалған күрделі ота өңір медицинасының мүмкіндігін көрсетті. Облыстық көпбейінді кардиологиялық орталық мамандары UMC Жүрек орталығының дәрігерлерімен бірлесіп, сәбидің өмірін сақтап қалуға күш салды. Мұндай тәжірибе медициналық ұйымдар арасындағы ынтымақтастық пен кәсіби біліктіліктің маңызын айқындайды.

Алдағы уақытта Қарағандыда 300 орындық көпсалалы университеттік аурухана салу жобасы да өңір медицинасының әлеуетін арттыруға бағытталған. Оның маңызы заманауи емдеу қызметімен қатар, білім мен ғылымды ұштастыруында. Жас мамандардың тәжірибе жинақтауы, ғылыми ізденістердің медициналық тәжірибеге енгізілуі күрделі ауруларды диагностикалау мен емдеу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жаңа Конституцияның 30-бабында ана, әке мен баланың мемлекет қорғауында екені де бекітілген. Бұл қағиданың мәні отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетумен ғана емес, ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмекті қолжетімді ету, сәбилердің өмірін сақтауға бағытталған шаралармен де ашылады.

Жалпы, Ата Заңда бекітілген әлеуметтік құқықтардың нақты нәтижесі өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар арқылы көрінеді. Баспанаға мұқтаж отбасының қоныс тойы, ауыл тұрғынына жақыннан көрсетілген медициналық көмек, күрделі отаның сәтті жасалуы – осы кепілдіктердің өмірдегі көрінісі.

Алдағы уақытта да тұрғын үй құрылысын дамыту, әлеуметтік осал топтарды қолдау, ауыл медицинасының мүмкіндігін кеңейту, медициналық кадрлар даярлау және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасын табуы қажет. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен бөлінген қаражаттың қайтарымы халықтың күнделікті тұрмысынан сезілгенде ғана реформалардың шынайы нәтижесі айқындалады. Өйткені, мемлекеттің басты байлығы – адам, ал оның қауіпсіздігі, денсаулығы мен лайықты өмір сүруіне жағдай жасау – Ата Заңның негізгі мұраты.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button