Жаңалықтар

Цифрландыру жемқорлық тәуекелін азайта ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында салық және мемлекеттік рәсімдерді цифрландыру, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану міндеттеріне басымдық берді. Мемлекет басшысы цифрландырудың құр автоматтандырумен шектелмей, нақты экономикалық және қоғамдық нәтиже беруі керектігін атап өтті. Әсіресе, көлеңкелі экономиканы қысқарту мен жемқорлық тәуекелдерін азайтуда заманауи технологиялардың мүмкіндігіне назар аударды.

Сурет Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Шын мәнінде, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде адами фактор азайған сайын заңсыз келісімге келу мүмкіндігі де тарыла түседі. Бұрын азамат пен шенеунік арасындағы тікелей байланысқа тәуелді болған көптеген рәсім қазір электрондық форматқа көшті. eGov, eQyzmet платформалары, QR-төлем жүйесі қызмет алуды жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге жол ашты. Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 80 пайыздан астамы электрондық форматқа көшірілген. Мемлекеттік сатып алулардың да басым бөлігі онлайн өткізіледі.

Алайда, цифрландырудың тиімділігі қызметтің электрондық форматқа ауысуымен ғана өлшенбейді. Азамат өтінішінің қалай қаралғанын, мемлекеттік органның қандай шешім қабылдағанын, бюджет қаржысының қайда жұмсалғанын көре алуы керек. Ашықтық болмаған жерде технологияның өзі жемқорлыққа тосқауыл бола алмайды.

Қарағанды облысында осы бағыттағы жұмыстардың бірі – ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру. Аймақта егістіктер мен көпжылдық екпелердің электрондық карталары жасалған. Қалған ауыл шаруашылығы алқаптарын да толық цифрландыру көзделіп отыр. Бұл бос жер телімдерін арнайы веб-порталда ашық орналастыруға, жер бөлу рәсімдерін бақылауға және субсидияларды әділ бөлуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, шаруалар мемлекеттік қолдау алу кезінде артық делдалдыққа тәуелді болмай, қажетті ақпаратқа тікелей қол жеткізе алады.

Бюджет қаражатының қозғалысын бақылауда цифрлық теңгенің де әлеуеті зор. Бұл технология қаржының қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді. Президент тапсырмасымен оны құрылыс саласында сынақтан өткізу де осы мақсатпен байланысты. Егер бөлінген қаражаттың әр кезеңдегі қозғалысы ашық көрсетілсе, қаржыны мақсатсыз пайдалану мен заңсыз айналымға жіберу тәуекелі азаяды.

Мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуде азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу де маңызды. Өңірде «Antikor Ortalygy» онлайн орталығы жұмыс істейді. Ол арқылы азаматтар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлап, өтініштерінің қаралу барысын бақылай алады. Мұндай тетік мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың қоғамдық бақылауға қатысуына мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында қызмет көрсету сапасына жүргізілген қашықтан мониторинг нәтижесінде 600-ден астам азаматтың құқығы қалпына келтірілген. Бұл цифрлық бақылаудың азамат мүддесін қорғауда да нақты құрал бола алатынын аңғартады.

Дегенмен, технология барлық мәселені өздігінен шешпейді. Электрондық жүйеде де ақпаратты жасыру, конкурс талаптарын белгілі бір компанияға бейімдеу, өтініштерді негізсіз созу секілді тәуекелдер болуы мүмкін. Сондықтан, мемлекеттік сатып алу, жер бөлу, субсидия тағайындау және бюджет қаржысын игеру туралы мәліметтер қоғамға түсінікті әрі қолжетімді болуы қажет.

Халықаралық бағалаулар да бұл бағыттағы жұмыстың әлі де жүйелі сипат алуы керектігін көрсетеді. Transparency International ұйымының 2025 жылғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 100 балдың 38-ін жинап, 182 елдің ішінде 96-орынға тұрақтады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі балға төмен. Демек, цифрлық реформалармен қатар мемлекеттік органдардың есептілігін күшейтіп, қоғамдық бақылаудың пәрменін арттыру қажеттігі сақталып отыр.

Тәуелсіз сарапшы, қоғамтанушы Мақсұт Айдарұлының пікірінше, аймақтағы жерді цифрландыру мен цифрлық теңге жобалары мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Егер мұндай тәжірибе жүйелі түрде кеңейтілсе, цифрлық технология арқылы жемқорлықты азайтудың тиімді үлгісін қалыптастыруға болады.

Президент Жолдауында айтылған міндеттердің мәні де осында. Цифрландыру қымбат бағдарламаларды сатып алумен немесе мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірумен шектелмеуі керек. Ол бюджет қаражатының қозғалысын бақылауға, мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқығын қорғауға қызмет етуге тиіс.

Сайып келгенде, цифрландыру – жемқорлыққа қарсы күрестің қуатты құралы. Бірақ, оның нәтижесі технологияның жаңалығымен емес, қоғамға әкелген пайдасымен өлшенеді. Әрбір мемлекеттік шешім ашық қабылданып, әрбір теңгенің есебі беріліп, әр азаматтың өтініші әділ қаралғанда ғана цифрлық жүйеге деген сенім нығаяды. Облыста басталған игі тәжірибелерді осы бағытта жалғастыру – уақыт талабы. Өйткені, ашық мемлекет қалыптастырудың басты шарты – технологияны адалдық пен жауапкершілікке қызмет еткізу.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button