Жаңалықтар

Ас үйден басталған бренд

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, дайын өнім өндіретін кәсіпорындардың әлеуетін арттыруға және агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізуге басымдық берді. Президент ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу, сақтау және оны тұтынушыға жеткізетін тиімді жүйе қалыптастыру – экономиканың маңызды міндеті екенін атады.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан.

Алдамаған алғашқы қадамдар

Шет ауданының Сәкен Сейфуллин ауылындағы «СЫР ӨНІМДЕРІ FRESH CHEESE ZHARYK» кәсіпорнының негізін қалаушы Жанар Қаңтарбаева үй жағдайында бастаған ісін біртіндеп өндіріс деңгейіне жеткізді. Бүгінде кәсіпорында сүт өңделіп, одан ірімшіктің бірнеше түрі, сары май, қаймақ, сүзбе, йогурт және басқа да өнімдер дайындалады. Ауыл өндірісінде мемлекеттік қолдау мен жеке кәсіпкердің табандылығы және жергілікті шикізатты тиімді пайдалану үйлесім тапқан.

Жанар Қаңтарбаеваның кәсіптегі жолы 2022 жылы басталды. Сол жылы ол аудандық Мансап орталығы арқылы 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант алып, қажетті құрал-жабдық сатып алды. Алғашқыда ірімшік үй жағдайында дайындалды. Өндіріс көлемі аз болғанымен, табиғи өнімге қызығушылық танытқан тұтынушылар қатары біртіндеп көбейді.

– Кәсіпті бастағанда басты мақсатым сапалы өнім шығарып, өз ісімді дамыту болды. Алғашында бәрін үй жағдайында, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып атқардық. Уақыт өте келе, сұраныс артты. Бұл бізге өндірісті кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерілу қажеттігін көрсетті, – дейді кәсіпкер.

Кәсіптің алғашқы кезеңінде шикізат мәселесі оңай болмаған. Сүт жеткізушілердің тұрақтылығы мен өнім сапасын сақтау маңызды міндетке айналды. Кейін жергілікті фермермен әріптестік орнатып, жақын маңдағы ауыл тұрғындарынан да сүт қабылдай бастайды.

Өндіріс көлемі өскен сайын үй жағдайындағы шағын кәсіптің мүмкіндігі шектеле бастады. Сондықтан кәсіпкер арнайы цех ашып, жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыруға кірісті. 2025 жылы 5 миллион теңге көлеміндегі грант алып, өндірістік желіні кеңейтуге қол жеткізді. Қаржы жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға және өндіріс қуатын арттыруға бағытталды.

Нәтижесінде кәсіпорындағы жұмыс ауқымы да өзгерді. Кәсіпті алғаш бастағанда екі адам еңбек етсе, бүгінде ұжым саны бес адамға жеткен. Мемлекеттік гранттың кәсіпті дамытудағы рөлі осындай нақты нәтижелерден көрінеді. Қаржылай қолдау өндірістік құрал-жабдықтарды жаңартуға, өнім көлемін арттыруға және қосымша жұмысшылар тартуға мүмкіндік берген. Дегенмен, кәсіпкер өндірісті одан әрі кеңейту үшін жаңа инвестиция мен тұрақты шикізат көзінің қажеттігін де жасырмайды.

Отызға жуық өнім шығады

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің тиімділігі шикізаттың тұрақты жеткізілуіне тікелей байланысты. Кәсіпорын үшін де сүтпен қамтамасыз ету мәселесі өндірістің негізгі шартының бірі болып отыр.

Қазір кәсіпкер шикізаттың бір бөлігін өз шаруашылығы есебінен өндірсе, қалғанын жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарынан сатып алады.

Алайда, биыл өңірдегі мал ауруына байланысты сүт өнімділігінің төмендеуі кәсіпорын жұмысына әсер еткен. Кәсіпкердің айтуынша, былтыр тәулігіне бір тоннаға дейін сүт өңделсе, биыл 500 литрге дейін азайған.

– Шикізат мәселесі – біздің өндіріс үшін ең маңызды бағыттың бірі. Сүттің жартысын өзіміз өндірсек, қалған жартысын жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарынан сатып аламыз. Олардың ақысын уақытылы төлеуге тырысамыз. Биыл аймақтағы мал ауруына байланысты сүт өнімділігі төмендеп, соның әсерінен өңдеу көлемі де азайды. Келесі жылы қажетті тексерулерден өтіп, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай рұқсаттарды алғаннан кейін өндіріс көлемін қайта арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Жанар Қаңтарбаева.

Кәсіпкердің есебінше, келесі жылы тәулігіне 1,5-2 тонна сүт өңдеу мүмкіндік бар. Бірақ, бұл үшін қосымша шикізат, жаңа жабдықтар және білікті мамандар қажет. Әр өндірістік бағытқа бір-екі қызметкерден тарту да жоспарда бар.

Бүгінде кәсіпорында отызға жуық өнім түрі шығарылады. Өнім ассортиментінің кең болуы кәсіпорынның нарықтағы мүмкіндігін арттырады. Әсіресе, дәстүрлі сүт өнімдерімен қатар, заманауи технологиямен дайындалатын ірімшік түрлерін өндіру ауылдық жерде де өңдеу кәсіпорнын дамытуға болатынын көрсетеді. Сонымен бірге, кәсіпкер сары май мен сүзбеге ЕАЭО сәйкестік сертификаттарын алған. Ірімшік және қышқыл сүт өнімдеріне қатысты құжаттарды рәсімдеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта кәсіпкер ұлттық тағам түрлерінің бірі – құрт өндірісін кеңейтуді көздейді.

Жанардың алдағы жоспары мұнымен шектелмейді. Ол кәсіпорын жанынан шағын дүкен мен экспресс-кафе ашуды да ойластырып отыр. Онда өз өндірісіндегі ірімшіктерді пайдаланып, пицца, хачапури сияқты тағамдар әзірлеу көзделген. Мұндай бастама дайын өнімді тікелей тұтынушыға ұсынуға және кәсіпорынның өткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Мемлекеттік қолдау және жұмыспен қамту

Кәсіпкер «Күміс жас» жобасына қатысып, екі әйелді жұмысқа орналастырған. Одан бөлек, жұмыс орнында қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы арқылы бес адам сүт өнімдерін өңдеу мамандығын меңгеруде. Мұндай тәжірибе ауыл тұрғындарының жаңа кәсіп игеруіне және еңбек нарығына бейімделуіне өте ыңғайлы.

Өндірісті кеңейту үшін кәсіпорын иесі кезекті жобаға қатысуда. Егер қолдау тапса, қаржыны қосымша құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсамақ. Бұдан бөлек, келесі жылы жеңілдетілген несие алу мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл қаражатқа мал басын көбейту, өндірістің шикізат базасын нығайту жоспарланған.

Кәсіпкер болашақта сүт өнімдерімен қатар нан және шұжық өндірісі де жоспарда. Ол үшін нан пісіретін пештер мен шағын шұжық дайындау жабдықтарын сатып алып, осы бағыттарға арнайы мамандар тарту қажет. Жоспар жүзеге асса, кәсіпорын өз шаруашылығындағы ет пен сүтті пайдаланып, өнім түрлерін одан әрі көбейте алады.

Өнім өткізу нарығын кеңейту де кезегін күтіп тұр. Ол облыстық көрмелер мен жәрмеңкелерге тұрақты қатысып, өз өнімдерін таныстырып келеді. «Бір ауыл – бір өнім» жобасында да өңір атынан танылып, финалистер қатарынан көрінген. Мұндай алаңдар шағын өндірушілерге өнімін таныстыруға, тұтынушылармен байланыс орнатуға және басқа кәсіпкерлермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Жуырда облыс орталығында «Қазақстанның үздік тауары – 2026» көрмесінің облыстық кезеңі қорытындыланды. «СЫР ӨНІМДЕРІ FRESH CHEESE ZHARYK» кәсіпорны үздіктер қатарынан көрініп, республикалық кезеңге жолдама алған болатын.

– Марапатты алғанда алаң көңілім босап сала берді. Толғанысымды жасыра алмадым. Көз жасымды көрген әріптестерім мен жақындарым қолдау білдіріп жатыр. Дүйім жұрттың алдында атымның аталып, еңбегімнің бағаланғанына қатты толқыдым. Адал еңбектің бәрін де жеңетініне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Бүгінде кәсібіміз елге белгілі «Ауыл дәмі» атты брендке айналды. Адаспағаныма, талмай еңбектенгеніме іштей қатты қуандым, – деп ағынан жарылды кәсіп иесі.

Жалпы, кәсіпорынның тәжірибесі ауыл шаруашылығын дамытуда шикізат өндіру мен оны өңдеуді қатар алып жүрудің маңызын көрсетеді. Бір кәсіпорынның жұмысы жергілікті фермерлерге өнім өткізуге мүмкіндік беріп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, тұтынушыларға дайын өнім ұсынуға жол ашып отыр.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button