Ресми

Президент: «Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында сөйлеген сөзінде: «Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға зиян тигізуді ойлап жүр» деп баса айтты.

Сурет akorda.kz

Президент өз сөзінде:

– Өздеріңізге мәлім, қазір біз жаңа тарихи кезеңге қадам бастық. Енді бір орында тұрып қалуға, бұрынғы жетістіктерді місе тұтып, арқаны кеңге салуға хақымыз жоқ. Әділетті Қазақстанды құру ісінде жалқаулық пен селқостыққа бой алдыруға болмайды.  Ал сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз.

Барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы керек. Бұл – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап. Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады. Осылайша, біз халықтың әл-ауқатын арттыруды және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін түпкі мақсатымызды жүзеге асыруды бастаймыз.

Осы істе Конституциямызда бекітілген Заң, Әділеттілік және Тәртіп қағидаттары айнымас темірқазығымыз болады. Әрине, бұл жол оңай болмайды. Тіпті түрлі қиындықтар да кездесетіні анық. Халқымыз «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпаған. Сондықтан табандылық танытып, алға қойған мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз, – деп атап өтті.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button