Жаңалықтар

Еңбек нарығының талабы

Жастардың еңбекке араласуы – мамандық меңгерудің заңды жалғасы. Дегенмен, оқу орнын тәмамдап, диплом алған түлектің бірден тұрақты жұмысқа орналасуы әрдайым оңай емес. Өйткені, бүгінде еңбек нарығы кәсіби біліммен қатар тәжірибені, жаңа технологияларды меңгеруді және өзгеріске бейімделуді талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында еңбек өнімділігін арттыру, цифрлық экономиканы дамыту және азаматтардың табыс табу мүмкіндігін кеңейту мәселелеріне басымдық берілді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Аймақта жастарды жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламалар, кәсіптік даярлық және жұмыс берушілермен әріптестік негізінде жүргізілуде. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, биылдың алғашқы сегіз айында 22 мыңнан астам тұрғын жұмысқа орналасқан. Олардың жартысынан астамы – жастар. Осы кезеңде жұмыспен қамту шараларына 28 мыңнан астам адам тартылған. Ал, облыстағы жалпы жұмыссыздық деңгейі екінші тоқсанның қорытындысында 4 пайыз .

Дегенмен, жұмысқа орналасқандардың жалпы саны еңбек нарығындағы ахуалды толық сипаттай алмайды. Мұнда тұрақты және уақытша жұмыспен қамтудың ара-жігін ажырату маңызды. Әсіресе, алғашқы еңбек жолын бастаған жастардың белгілі бір мерзімнен кейін сол қызметте қалуы, мамандығы бойынша жұмыс істеуі және кәсіби тұрғыдан өсуі мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігін бағалауға мүмкіндік береді.

Жас түлектерді еңбекке бейімдеудің негізгі тетіктерінің бірі – «Жастар практикасы». Облыстың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, биыл осы бағдарлама арқылы 720 түлекті жұмысқа жолдау жоспарланған. Ал, алғашқы бес айда 232 жас тәжірибеден өткен. Бағдарлама еңбек өтілі жоқ түлектердің кәсіби машық қалыптастырып, жұмыс берушінің талаптарымен танысуына жағдай жасайды.

Қарағанды облысында еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлаудың тағы бір бағыты – дуальды оқыту. Бұл жүйе студенттің теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастырып, болашақ жұмыс орнының талабына ертерек бейімделуіне мүмкіндік береді.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2025-2026 оқу жылында дуальды оқыту жүйесіне 37 колледж бен 464 кәсіпорын қатысып, 8132 студент қамтылған. Ал, осы жүйемен білім алған 2596 түлектің 1200-і тәжірибеден өткен кәсіпорнына тұрақты жұмысқа қабылданған. Қалған түлектердің басқа ұйымдарға орналасуы туралы толық мәлімет келтірілмегендіктен, бұл көрсеткішті дуальды оқытудағы жалпы жұмысқа орналасу деңгейі деп бағалау дұрыс емес.

Дуальды оқытудың нақты нәтижесін Қарағанды теміржолшылар колледжінің студенті Жарқын Рымқұлдың тәжірибесінен де байқауға болады. Өндірістік практика барысында жұмысқа қалу жөнінде ұсыныс алған жас маман оқуын жалғастыра жүріп, еңбек ету мүмкіндігіне ие болған. Мұндай тәжірибе студенттің өндіріс ортасына бейімделуіне, ал жұмыс берушінің болашақ қызметкерді іс жүзінде танып-білуіне жағдай жасайды.

Өңірдегі кәсіби білім беру мазмұны да еңбек нарығының сұранысына қарай жаңартылуда. Білім басқармасының ақпараты бойынша, 2024-2026 жылдары жұмыс берушілермен бірлесіп, 303 білім беру бағдарламасы әзірленген, жаңғыртылған. Олардың қатарында өндірісті автоматтандыру, цифрлық технологиялар және заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге қажетті дағдылар бар.

Бұл бағыттың маңызы әсіресе, металлургия, машина жасау және энергетика салалары дамыған Кеншілер өлкесінде жоғары. Кәсіпорындардың технологиялық жаңаруы жұмысшы мамандықтарының мазмұнын да өзгертіп, жас кадрлардан жаңа біліктілік талап етеді.

Президент Жолдауында көтерілген халықтық цифрлық экономика бастамасы жастардың еңбек ету мүмкіндіктерін кеңейтумен де сабақтас. Мемлекет басшысы интернеттің ақпарат тұтыну құралы ғана емес, кәсіп жүргізу мен табыс табудың қолжетімді кеңістігіне айналуы қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта Үкіметке 2026 жылдың соңына дейін цифрлық форматтағы жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастыру тапсырылды.

Бұл бастама қашықтан қызмет көрсететін, цифрлық өнім әзірлейтін немесе интернет арқылы сауда жасайтын жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруы ықтимал. Әсіресе, шалғай елдімекендерде тұратын жас мамандарға цифрлық еңбек нарығына қатысуға жағдай жасау маңызды. Дегенмен, мұндай мүмкіндікті пайдалану үшін сапалы интернетпен қатар кәсіби дайындық пен тиісті инфрақұрылым қажет.

Жастардың еңбекке араласуының тағы бір жолы – кәсіпкерлік. Биылдың алғашқы сегіз айында «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 2404 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 164 грант берілген. Аталған көрсеткіштер барлық жас санаттарын қамтиды. Сондықтан, олардың жастарға тиесілі нақты үлесін бөлек қарастыру қажет.

Сайып келгенде, жастарды жұмыспен қамту мәселесі алғашқы қызметке орналастырумен шектелмейді. Еңбек нарығына бейімделу, кәсіби тәжірибе жинақтау, тұрақты табысқа қол жеткізу және біліктілікті жетілдіру – өзара сабақтас міндеттер. Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған жаңа экономикалық мүмкіндіктер мен өңірде жүзеге асырылып жатқан кәсіптік даярлық бағдарламаларының нәтижесі де осы өлшемдер арқылы бағалануға тиіс. Өйткені жастардың еңбекке орнығуы – олардың жеке болашағымен қатар, өңір экономикасының кадрлық әлеуетін айқындайтын маңызды көрсеткіш.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button