Азаматы ауылын танытады
Ақтоғай ауданында ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге үлес қосып жүрген кәсіпорындар аз емес. Солардың бірі – былтырдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Sapa mix» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, кооператив мал шаруашылығы мен сауда-саттық саласында бірқатар бастаманы жүзеге асырып, жергілікті тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етіп келеді.

Жалпы, кооперативтің негізгі мақсаты – тауарлардың қолжетімді бағамен саудалануы. Осы бағытта кәсіп иелері халыққа көмір, мал азығының түр-түрін және құрылыс материалдарын тиімді бағамен ұсынып келеді. Тіпті, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін тауарларды үстемеақысыз, бөліп төлеу тетігі де қарастырылған.
Кооператив құрылтайшыларының бірі Марат Көкеев – осы өңірдің тумасы. Туған жердің тыныс-тіршілігін жақсы білетін кәсіпкер бүгінде елді мекеннің экономикалық әлеуетін арттырып, ауыл халқының күнделікті тіршілігін жеңілдетуге өзіндік үлес қосып келеді.
– Негізі, көмір тасымалдаумен айналысатын өзге де жеке кәсіпкерлер бар. Алайда, біздің басты артықшылығымыз – тұрғындарға тауарды бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынуымызда. Қанша тонна көмір алса да, ақысын бөліп төлей алады. Ол үшін тек бір тоннаның құнын алдын ала төлесе жеткілікті. Мұндай тиімділік тек көмірге ғана емес, шөп, арпа, бидай, кебек, тіпті, отын-су мен құрылыс материалдарына да қарастырылған. Бұдан бөлек, бізде көмірді, жем-шөпті, құрылыс материалдарын малға айырбастауға да болады. Ет өнімдерін де өзара келісім негізінде өткіземіз. Тұрғындардан алынған малдың етін Қарағанды қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын дүкенімізге жөнелтеміз, – дейді Марат Керімбайұлы.
Кооперативтің алдағы жоспары да ауқымды. Кәсіп иелері сауда-саттықпен шектелмей, егін шаруашылығын дамытып, мал бордақылау ісін қолға алуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықтағы жер телімінде мал азығына қажетті дақылдар өсіруде. Алдағы уақытта егіс алқабын ұлғайтып, өндіріс көлемін арттыру жоспарланған.
– Былтыр 100 гектар жерге жоңышқа мен судан шөбін егіп, жақсы өнім алдық. Келер жылы егіс көлемін 200 гектарға дейін жеткізгіміз келеді. Жиналған өнімнің бір бөлігін сатылымға шығарсақ, қалғанын өз қажетімізге пайдаланамыз. Бұдан бөлек, картоп егуді де қолға алмақпыз. Ендігі мақсатымыз – осы маңнан 200 бас жылқыға арналған бордақылау алаңын салу. Жоспарымыз жүзеге асса, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.
Қазіргі таңда кооперативтің меншігінде 30 тонналық жүк көлігі мен тиегіш техника бар. Ал, ауыл арасында көмір тасымалдайтын өзге жүк көліктерін жалға аламыз. Сонымен қатар, аудан аумағында ірі мал базарын ашу жоспарда бар. Себебі, жыл сайын еліміздің оңтүстік өңірлерінен мал сатып алушылар келеді. Олар мал алу үшін әр ауылды, әр қыстақты аралап жүруге мәжбүр. Бұл уақыт пен қаражатты талап етеді. Сондықтан, барлық малды бір жерге шоғырландыратын сауда алаңының болғаны тиімді. Мұндай базар мал сатушылар мен сатып алушыларға да қолайлы жағдай жасап, ауданның сауда-саттық әлеуетін арттыруға септігін тигізер еді, – дейді Марат Көкеев.
Қаладағы кәсібін қойып, туған ауылына оралған кәсіпкердің басты ұстанымы – ауылдың өркендеуіне үлес қосу. «Ауылға да білікті әрі іскер кәсіпкер қажет» дейді өзі. Осыдан үш ай бұрын ауданның жаңадан бой көтерген Солтүстік шағынауданында аумағы 500 шаршы метр болатын өндірістік цех та ашыпты. Бүгінде мұнда азық-түлік, ет және нан өнімдері әзірленіп, тұрғындарға ұсынылуда. Бұл да кәсіпкердің туған жердің әлеуетін арттырып, ауыл халқын қажетті өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған кезекті бастамасы екен.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы



