Жаңалықтар

Ұстаз мәртебесі – білім сапасының шарты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында білім саласының өзегі – ұлағатты ұстаз екені тағы бір мәрте айқын айтылды. Президент «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек. Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет», – деп баса белгіледі.  

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Парасатты көпшілік педагогтердің пайым-пікіріне сүйенсек, бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі – басы артық жүктеме. Қағазбастылықтың орнына цифрлық жүйелер келгенімен, ұзын ырғасы 70-тен астам платформа мен есеп-қисап мұғалімді сабаққа дайындалудан, оқушымен жеке жұмыс істеуден алшақтатуда. Президент осындай іргелі мәселені ашық көтерді. Ендігіде Оқу-ағарту министрлігі құжаттар санын 25-тен 5-ке дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Жасанды жадының ұтқыр платформалары оңтайлы енгізілсе, әкімшілік жұмыс азайып, ұстаздың уақыты тәлімгерлікке ойысады.

Кадр тапшылығы да әлі толық шешілген жоқ. Елімізде 5 мыңнан астам кәнігі мұғалім жетіспейді. Әсіресе, ауылдық шағын жинақты мектептерде, бастауыш сынып, математика, физика пәндері бойынша мамандар қажеттігі қылаңытады. «Іздегенге – сұраған». Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша 12 мыңнан астам түлек мемлекеттік грант иеленсе, оның ішінде 2 мыңнан аса «Алтын белгі» иегері бар көрінеді. Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірлерге 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Мұның  жартысына жуығы – жас мамандар. Ал, облыста жыл сайын 600-ге жуық педагог қабылданып, кадр тапшылығы біршама кеміген. Өңірде 24 мыңнан астам маман еңбек етеді. Асылында, ауыл мектептеріне маман тарту – ерекше мәселе. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы, тапшы өңірлерге баратын педагогтерге жалақыны 150 пайызға дейін көтеру, тұрғын үй және әлеуметтік қолдау шаралары жұмыс істеп тұрғанымен, қыр халқының инфрақұрылымы, мәдени ортасы мен кәсіби даму мүмкіндігі жас маманды толықтай ұстап қалуға әлі жеткіліксіз. Аңғарғанымыздай, материалдық ынталандыру жеткіліксіз. Кәсіби өсу траекториясы, тәлімгерлік жүйесі және үздіксіз біліктілікті арттыру орталығы қажет.

Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайту және қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту үшін Ұлттық білім беру жасанды интеллект платформасы негізделіп жатқанын атап өтті. Жергілікті деңгейде де оң пікірлер айтылуда. Аймақта Жолдауды талқылау кезінде білім саласы бірқатар өкілдері Президенттің ұстаз мәртебесін қорғау, артық жүктемені азайту және цифрлық технологияларды енгізу туралы тапсырмаларын қызу қолдады. Сонымен, алдағы жылдарда бірнеше бағыт шешуші рөл атқармақ. Алдымен құжат айналымын күрт қысқарту және бірыңғай сандық жүйеге көшу арқылы мұғалімнің негізгі жұмысына уақыт үнемделеді. Сонан соң, жасанды интеллект оқу үдерісін жекелендіріп, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтуға септеспек. Кадр даярлау сапасын арттыру, стипендия мен гранттарды ұлғайту, ауылға баратын мамандарға кешенді қолдау көрсету жалғасады. Мұғалімнің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау механизмдері күшейтіледі. Оқушы мен ата-ананың жауапкершілігі де теңдей қаралады.

Ұстаздың оң қолындағы бор – тақтаға анық жазылған ақиқаттың, тұтас ұрпақтың тағдырын айқындайды. Технология заман талабын орындағанымен, адамдықтың шамшырағын жағатын – ұстаз. Мұғалімнің қолынан борды алып, орнына есеп беретін қағаз ұсынсақ, шәкірттің танымы тереңдей қоймас. Жетпіс платформаның жетегінде кеткен ұстаздан жетпіс түрлі жаңалық күту әсте қисынсыз. Бір кездері ауыл баласының қолына тұңғыш әліппе ұстатқан мұғалім бүгін жасанды интеллект дәуірінің табалдырығында тұр. Заман өзгерді, құрал жаңарды, білімге бастайтын жол түрленді. Өркеуде өркениет қанша жерден озса да ұлағатты ұстаздың орнын ешбір алгоритм алмастыра алмайды. Мемлекет басшысының меңзегені де – осы. Ал, мектеп – мемлекеттің ертеңі сыналатын ең берік блиндаж.

Ерқанат Кеңесбекұлы
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button