Қазақстанда коронавирустың жаңа штамы анықталған жоқ

Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, елімізде COVID-19 бойынша мониторинг жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық ахуал тұрақты.
Ведомствоның хабарлауынша, кейінгі аптада коронавирус жұқтырудың 21 жағдайы тіркелген. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 48 пайызға аз. Ал 2026 жылдың басынан бері 327 жағдай анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,9 есе төмен.
Жаңа PJ.2.1 нұсқасына жүргізілген геномдық мониторинг нәтижесінде Қазақстанда зерттелген сынамалар арасынан бұл штамм табылмаған.
Жаңа штамды қалай анықтайды?
Мамандардың түсіндіруінше, COVID-19 инфекциясын анықтау үшін стандартты ПТР-тест қолданылады. Ал вирустың нақты генетикалық нұсқасын білу үшін толық геномдық секвенирлеу әдісі жүргізіледі. Сондықтан әрбір жаңа штамға жеке ПТР-тест әзірлеудің қажеті жоқ.
Демек, PJ.2.1 нұсқасы Қазақстанда таралған жағдайда оны анықтауға мүмкіндік бар. Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Айта кетейік, вирустың жаңа генетикалық нұсқасының пайда болуы пандемияның басталғанын білдірмейді. Оның қауіптілігі аурудың ауыр өтуі, ауруханаға жатқызу мен өлім-жітім көрсеткіштері, сондай-ақ қалыптасқан иммунитетті айналып өту қабілеті арқылы бағаланады.
Мамандар халықаралық сапарларға байланысты жаңа нұсқаның өзге елдерге таралу қаупі бар екенін ескертеді. Дегенмен әзірге PJ.2.1 штамының басқа нұсқаларға қарағанда ауруды ауырлататынын дәлелдейтін клиникалық деректер жарияланған жоқ.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



