Қарағандыда «Қарашада өмір тұр…» поэзия кеші өтті
Қарағанды ғана емес, тұтас республиканың назарын өзіне аударып, ықыласына бөленіп келе жатқан «Қарашада өмір тұр…» атты әдеби-сазды кеші биыл да өтті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, осы жолғысы бұған дейін ұйымдастырылған кештерге мүлдем ұқсамайды.

Сәкен театрының режиссері Айдын Салбанның режиссерлігімен өткен әдеби-сазды кеште ақындар оқырманына актерлік қырын да көрсетті. Сұлтан Дәулетхан, Ерғанат Кеңесбекұлы, Жәлел Шалқар, Айнұр Жаппарқұлова, Салтанат Смағұлова, Салтанат Қайырбек, Тәңсәуле Әген, Нұрасыл Аманжол өз өлеңдерін оқыды. Сәкен театрының актерлері бұл жолы драмалық шығарманың емес, ақын өлеңінің кейіпкерлеріне айналды.

Ерғанат Кеңесбекұлы мен Айнұр Жаппарқұлова және Салтанат Қайырбек ән шырқады. Ән де, өлең де, авторлар да бір тұтас болып, көрерменге Қарағанды күзінің бояуын айшықтады.

Кешті «Tattimbend» ансамблі әуенмен сүйемелдеп, әншілері ән шырқады.

Әдеби-сазды кешті өңірдің атқа мінер азаматтары мен зиялы қауымы тамашалады. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаева алған әсерімен бөлісті.

– Залға кіре салысымен-ақ күздің лебі сезілді. Сахнада сарғайған жапырақтар, ескі кітаптар, ал, экранда жаңбырлы терезе мен ыстық шайдың көрінісі. Бәрі үйлесімді. Кеш басталғанда жанды музыка ойнады. Ақындар шығып, өз өлеңдерін оқыды. Әр өлең жүрегіме жетті. Бірі әсер берсе, бірі ойландырды, бірі тебірентті. Қараша – биыл жайлы, нағыз күз айы болып тұр. Бұл кеш сол қарашаның жылылығын аша түсті . Поэзия – адамның жан дүниесін емдейді екен, – деді Алма Шалабаева.

Әдеби-сазды кешті Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы Жанат Жаңқашұлы төртінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр.
Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz



