Ауылдағы табыстың кілті – терең өңдеу
Сайын дала қыр адамының сабырын да, еңбегін де сынайды. Көктемде себілген әр түйір дән жаз бойы табиғаттың тілсіз сынына төтеп беріп, күзде қырманға түседі. Астық құны нанға, ұнға, майға айналғанда артады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы баса белгіленген аграрлық саланың өзегі де тапқан табыс игілігі терең өңдеп-жаратуда жатқандығын меңзейді.

Жолы бөлек Жолдауда ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына негізі күш-жігерді жұмсау қажеттігі айтылып, нақты көрсеткіштер келтірілді. Былтыр сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1 триллионнан 1,5 триллион теңгеге ұлғайған. Есесіне Президент бір түйткілді ашық атады. Бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттілік пен айналым қаражатын толтыруға кетіп жатыр. Шаруаға жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керектігіне назар аудартты. Мысалы, «Бәйтерек» холдингі тамақ өнеркәсібінде жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуетті жобалар тізімін әзірлеген. Енді оған қолжетімді әрі жеңілдетілген шартпен қаржы бөлу ісін созғыға түсірмеу қажает.
Жолдаудың аграрлық бөлігі бестаған тірекке табан тірейді. Елімізде шығарылатын, технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары трактор мен комбайн санын көбейту – ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырудың өзекті алғы шарты. Бұған жасанды зерденің зейінін қосып қоялық. Президент NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуангтың ауыл шаруашылығына жасанды интеллект тәсілдерін енгізетін кез келді деген пікірін орынды деп бағалап, оны жедел қарқынмен іске асыруды міндеттеді. Су көздеріне жақын жатқан алқаптарды суармалы егіншілікке пайдалану дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есе арттыруы бек мүмкін.
Агрологистикаға ойыссақ, өндіру мен өңдеумен қатар өнімді сақтау және сату жүйесін жетілдіру әрдайым өзекті. Ірі холдингтерден бастап, шағын шаруа қожалықтарына дейін осындай орталықтарының қызметін кедергісіз пайдалана алуға тиіс. Бұл – «Халықтық құрылыс» аясындағы ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытумен тікелей байланысты стратегиялық міндет. Ресми деректер ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш және қарақұмық сияқты негізгі шикізат түрлерін ел ішінде қайта өңдеу үлесі өткен 2023-2025 жылдары 35 пайыздан 64 пайызға дейін өскен. Ендігі мақсат – қосылған құны жоғары аграрлық өнімнің экспорттағы үлесін 70 пайызға жеткізу.
Темір тұлпар мен ақылды алқап қағидаттарына сүйенген облыс диқандары жаздың аптапқа ұрынуына қарамастан өңірдің бірнеше ауданында егін жиыны әдеттегіден ерте басталды. Астық орағына 904,5 мың гектар алаң тартылып, оның 759,7 мың гектарын бидай алды. Нәтижесінде 750,8 мың тонна астық бастырылды (оның 605,2 мың тоннасы – бидай), сонымен бірге, 71,5 мың тонна майлы дақыл, 421,6 мың тонна картоп және 69,9 мың тонна көкөніс жиналды. Егіс құрылымы да өзгеріп келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Тюлюбековтің айтуынша, биыл жоғары маржалы майлы дақылдар 114 мың гектарға себілген. Суармалы жер көлемі жыл сайын шамамен 10 мың гектарға ұлғайып отыр.
Аймақта бұған 1 966 астық комбайны, 609 валка салғышы, 78 картоп жинағыш комбайны мен 64 картоп қазғышы жұмылдырылды. Өңірде мемлекеттік қолдау құралдары да сәтімен жұмыс істеп тұр. Аграршыларға арзандатылған дизель отыны берілді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша 233 шаруа 15,6 миллиард теңге қаржы алып, 182 мың гектардан астам алқапта егіс және жинау жұмыстарын қаржыландырды. Ең бір сұранысқа ие құрал – лизинг. Техниканы жылдық 5 пайызбен алуға болады. Республика бойынша «ҚазАгроҚаржы» арқылы берілген лизинг көлемі биылғы бірінші жартыжылдықта 250,5 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылғы 126,6 миллиардтан екі есеге жуық өсті. Облыс бойынша да лизингтік қаржыландыру көлемі 19 миллиард теңгеден асқан. «Шахтерское» шаруашылығының басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Георгий Прокоп әріптестеріне тура осылай үндеу тастап келеді. Оның пікірінше, мемлекет аграршыларға мол мүмкіндік беріп отыр, оны тек тиімді пайдалана білу керек.
«Асхат» шаруа қожалығының директоры Максат Нуритдинов техникаға қатысты мәселе іс жүзінде шешілгенін алға тартады.
– Шаруашылықта жаңа комбайндар, егіс кешендері мен әртүрлі агрегаттар бар. Мемлекеттік қолдау институттары – Аграрлық несие корпорациясы, «ҚазАгроҚаржы» және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жұмыс істеп тұр. Субсидия уақытында төленіп, жеңілдетілген дизель отыны беріліп отыр. Қожалықта 1 200 гектар суармалы алқап бар, келесі қадам – 1 500 бас сүт-тауар фермасын салу және шамамен 2 мың гектарға күнбағыс егу, – дейді спикер.
Республика бойынша ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңару деңгейі 2023 жылы 4,5 пайыз, 2024 жылы 5,5 пайыз болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі оны 2028 жылға қарай 9 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Нақты шаруа көзімен қарасақ, сурет айқынырақ шығарлықтай. Қарағанды облысындағы «АЯН» шаруа қожалығының жетекшісі Аян Айнабеков өзінің 2 249 гектар жерін «шағын шаруашылық» санайды және нағыз рентабельділік 10 мың гектардан бастап басталады дейді. Қожалықтың екі «Есіл 740» комбайны мен екі МТЗ тракторы бар: комбайндардың біріншісі 2019, екіншісі 2021 жылы лизингке алынған.
Ал, жасанды интеллект ше? Көп қожалықта «ақылды көмекшінің» рөлін әзірге ауа райы қосымшасы атқарады. Аянның айтуынша, болжам жаңбыр уәде етеді де, көбіне ол шаруаның алқабына соқпай өтіп кетеді. Сондықтан фермер ең алдымен көзі көргенге, көп жылғы тәжірибеге сенеді. Дәл осы тұста Жолдаудағы міндет аса маңызды. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты көрсеткен бағыттар – жерсерік суретін талдау, өнімділік пен жинау мерзімін болжау, тыңайтқыш пен жанар-жағармай шығынын оңтайландыру – алқапқа жетуі тиіс. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Жолдауды іске асыру жоспарында ауыл шаруашылығын цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізуді басымдықтар қатарына қосты.
Президент өндіруді де, өңдеуді де, сақтауды да қатар межеледі. Қарағандыда осы үштік біртіндеп бір шаруашылықтың ішіне сыйып жатқан жарқын мысалдар бар. Өткен жылғы мәліметтер бойынша өңірде ет, сүт, ұн тарту және нан-тоқаш өндірістерін қоса алғанда 207 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Аз отығып, алысқа шабарлық мұраттың көкжиегі көзге көрінді. Істің жігін анық тапқан қыр еңбеккерлерінің енді тауы шағылмай, керісінше табыстың тайқазанын тасытарына сенім зор.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortlalyq.kz



