Қарағанды облысында азық-түлік бағасына бақылау күшейтілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында инфляцияны тежеу және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Осы міндеттер аясында өңірлерде де азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, сауда заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталуы ерекше бақылауға алынған.
Ағымдағы жылдың басынан бастап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 31 атауға дейін кеңейтілді. Бұл негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылауға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Департаменттің бас маманы Қарлығаш Маралқызының айтуынша, азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін сауда орындарындағы бағаны ғана емес, өнімнің жеткізілу барысындағы баға қалыптастыру тетіктерін де бақылау маңызды.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталуы – біздің департаменттің негізгі бақылау бағыттарының бірі. Бұл ретте кәсіпкерлердің заң талаптарын орындауына ерекше мән береміз. Бақылау шараларының мақсаты – заң бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Әсіресе, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне ықпал ететін факторларды анықтау маңызды», – дейді Қарлығаш Маралқызы.
Бас маманның мәліметінше, ағымдағы жылдың тоғыз айында сауда заңнамасы талаптарының бұзылу фактілері бойынша 219 кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 198 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 6 миллион 115 мың теңгеден асқан.
Тексеру саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56 пайызға артқан. Былтырғы жылдың алғашқы тоғыз айында 140 кәсіпкерлік субъектісі тексерілген болатын.
Бақылау іс-шаралары барысында көтерме жеткізушілердің қызметіне де басымдық беріледі. Себебі, тауардың түпкілікті бағасы қалыптасатын жеткізу тізбегінде делдалдардың қызметі мен үстеме шығындары маңызды рөл атқарады. Жыл басынан бері өңірде 50 көтерме жеткізушіге қатысты тексеру жүргізілген.
Сонымен қатар, баға қалыптастырудың делдалдық схемаларын тергеп-тексеру жөніндегі Өңірлік комиссияның отырыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Комиссияның негізгі міндеті – баға қалыптастыру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету, заңсыз делдалдық тетіктерді анықтау және негізсіз қымбаттаудың алдын алу.
Осылайша, Қарағанды облысында азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде. Басты мақсат – сауда саласындағы заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етіп, халықтың сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтылуына ықпал ету.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



