Жолдау – 2026

Инвестицияның өлшемі – іске қосылатын өндіріс

Инвестиция – экономикалық өсімнің қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында «Инвестицияның тиімділігі жұмыс істей бастаған өндіріс орындарының санымен, сапасымен және оның экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс», – деп баса белгіледі. Кен мен металдың кіндігі саналатын Қарағанды бүгінде индустриялық дәстүрін соны инвестициялық жобалармен сабақтастырып, экономиканың келесі даму кезеңіне қарышты қадам басуда. Өңірдің өндірістік картасында бой көтерген әрбір жаңа нысан – осы ұмтылыстың айшықты айғағы.

Сурет облыс әкімдігінен

Өңірге қойылған талап та айқын. Аймақ өз басымдығын нақтылап, соған сай жұмысын ілгерілетуі ләзім. Әйткенмен, бұл дегеніміз жекелеген салаға не бір кәсіпорынға тәуелді болып қалу деген сөз емес. Осыдан негізгі бағдар аясында бағытты білім, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету, сабақтас өндіріс пен технологиялық кәсіпкерлік өсіп-өнетін біртұтас экожүйе қалыптасып келеді.  Ал, әрбір аймақтың Үкімет бекіткен нақты ұзақ мерзімді даму жоспары болмағы өмірлік мәнге ие.

Қазыналы Қарағандыда Qarmet металлургиялық алпауыты бар. Президент жұмыс сапарымен облысқа ат басын арнайы бұрып, Теміртаудағы өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады. Мұнда терең мән жатыр. Мемлекет басшысына өңірдің даму көрсеткіштері баяндалды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы 2,9 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 4,9 пайызға өсіп, 4,2 трлн теңгеге жеткен. Президент өңір экономикасының сенімді өсіп келе жатқанын, әсіресе шикізаттық емес сектор өнімі экспортының айтарлықтай артқанын атап өтті.

Өз кезегінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа өнеркәсіп пен инвестицияны дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және адамдардың өмір сапасын көтеру жолымен ірі жобалар жекелеген кәсіпорынның емес, мұқым облыс экономикасының өсу көзіне айналуы тиіс екендігін тілге тиек етті. Ал, ұзақ мерзімді көкжиекке көз тіксек, 2032 жылға дейінгі инвестициялық портфель жалпы құны 7 трлн теңге болатын 186 жоба, 36 мың жұмыс орнын құрамақ.

  • Жобалар пулы бойынша облыс Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа рейтингінде бірінші орында. Ілкімді істердің легін «Qaragandy Invest» инвестицияларды дамыту орталығы «бір терезе» қағидатымен сүйемелдейді. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 3 трлн теңгеден астам 37 жоба жүзеге асып жатыр, олар 13 мыңға жуық жұмыс орнын ашады. Осы жобалардың 14-іне даму институттары жеңілдетілген қаржы берген, 35-іне жер телімі бөлінген, 15-іне жер қойнауын пайдалану лицензиясы берілген, тоғызына жетіспейтін инфрақұрылым жеткізілген, – деп мәлімдеді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.

Өндіріс алаңдары да өз бейініне қарай бөлінуде. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы, Saran және Balkhash индустриялық аймақтары инвесторға салықтық және кедендік жеңілдіктерін ұсынса, Балқаш пен Теміртауда ірі өнеркәсіптік кластерлер қалыптастыру көзделген. Аймақ басшысы атаған ең ірі жобалардың қатарында Балқаштағы жаңа мыс қорыту зауыты, Ақтоғай ауданындағы мыс және молибден концентраттарын өндіретін тау-кен байыту кешені, Шет ауданындағы кен өндіруден жоғары өңдеу өніміне дейінгі толық циклді тау-кен металлургия кешені бар. Бұған Qarmet кәсіпорнының 1,6 трлн теңгелік инвестициялық бағдарламасы және қосылады.

Әлбетте, мерзім мен міндет шегінде қанат қағуға талпынған үр жаңа ошақтар қарасы аз емес. Мысалы, Балқашта 750 млрд теңгелік жеке инвестициямен жаңа мыс қорыту зауытын салу ендігі жылы басталып, 2030 жылы іске қосылады. Үкімет бекіткен инвестициялық келісім бойынша зауыт жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіреді де, 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашады. Солайша, еліміздегі мыс өндірісі шамамен 1,5 есе артады. Жақын мерзімдегі жобалар да алақандағыдай анық.  «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында Silumin of Qazaqstan зауыты алюминий сынықтары мен қайталама шикізатты өңдеп, жылына шамамен 5 млн секция радиатор шығаратын өндірісті іске қосып үлгерді. Жыл соңына дейін Тесіктас кен орнында мыс өндіру және өңдеу зауыты (BMT Holding Limited), Karaganda Insulation жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі, «Казклинкер» клинкер плитка өндірісі, «Аркус ИНВЕСТ» дайын металл бұйымдары, «Казахстанский изоляционный завод» жылу желісіне арналған құбырлар және «Бірлік Нұра» қызыл кірпіш өндірісі іске қосылады деп күтіледі.

Ауыл шаруашылығында биыл 40 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Суармалы жер көлемі кеңее түсуде. Атаулы атқарылар жұмыстар «Халықтық құрылыс» бағдарламасымен үйлесе жалғасады. «Қайтарым қайда?» деген өзекті сауалға жүз бұрсақ, ең алдымен  шығарылған өнім, төленген салық, ашылған жұмыс орнын тілге тиек етеміз. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының жиынтығына қарасақ, сарп етілген әр теңгеге қосылған құнмен, экспортпен, салықпен және жергілікті жеткізушілерге туған сұраныс жауап қатады.

Теңгерімді жобалары мен темірқанат кәсіпорындары тұғырланған өңірдің бүгінгі мүмкіндігі ұшан-теңіз. Өндірістік әлеуеті өрістеп, экономикалық тынысы кеңейген өлкенің әр қадамынан береке мен қуаттың, қайыр мен құдіреттің лебі еседі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button