Жаңалықтар

Екі дүниенің диалогы

Аз уақыт ішінде қарағандылық театр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген тәуелсіз «Дат» театры көрермендерімен қайта қауышты. Бұл жолы Родион Белецкийдің «Айтылмай кеткен әңгіме» психологиялық драмасының премьерасын ұсынды. Сүйекті туындыны тәржімалаушы да, режиссер-сценографы да – Дунай Еспаев.

«Айтылмай кеткен әңгіме» – достықтың қадірі, адамдық жауапкершілік, кешірім мен жан дүниенің кір-қоңнан арылуы туралы психологиялық драма. Туындыдан балалық шақтағы достықтың, жастықтың алаңсыз күндердің, ұмытылмас қызықтар мен жүректе сақталған естеліктердің жылы лебі де, мұңы мен жарасы да еседі.

Жылдар өткен соң бала кезгі достардың арасында аяқталмай қалған бір әңгіме қайта жалғасады. Күлкі мен сағынышқа толы естеліктер бірте-бірте іште қатқан өкінішке, айтылмаған шындық пен жауапсыз қалған сұрақтарға ұласады.

Спектакль кезінде көрерменнің көкейінде «Неге біз ең жақын адамдарымызға ең маңызды сөздерді дер кезінде айта алмаймыз?» деген сауал туатындай. Бұл қойылымда өткен күндер қайта тіріліп, естеліктер сахнадағы шынайы ойынға айналады. Ал, екі достың қарапайым әңгімесі әр көрерменді өз өміріне үңілуге жетелейді.

Адам өткенді өзгерте алмайды. Өткен шақта әр адамның бір айтылмай қалған әңгімесі бар. Сол әңгіме кейде саналы жанның жүрегін тырнайды да.

Спектакльде Кейіпкердің образын Адай Әбеу, Аянның рөлін Төлеген Қозы есімді жас актерлер сомдады. Әуенмен көркемдеуші – Тоқтар Кәрібай. Моноспектакльде екі-ақ актер ойнайды.

– Аянның түпнұсқадағы есімі – Игорь. Аян деген есімді өзім қойдым. Спектакльде Аян арғы дүниеден мына дүниеге досымен сөйлесу үшін келеді. Персонажға дайындық барысы өте күрделі болды. Кейіпкерімді сәтті сомдап шығу үшін түрлі фильмдерді көрдім. Жұмыста да, үйде де Аянның сөздері көкейімде сайрап тұрды, – деді Төлеген Қозы.

7 қараша күні «Дат» театры «Сезімдерміз ғой» деген музыкалық-поэзиялық қойылымды көрерменге ұсынады. Ал, 8 қарашада «Айтарым бар әлі» атты ашық микрофон алдындағы поэтикалық кешпен сахнаға шықпақ.

Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button